Кезектен тыс президент сайлауына шамамен 20 млрд теңге, мәжіліс сайлауына 25 млрд теңге бөлінбек

none

Қазақстан үкіметі биыл күзде өтетін кезектен тыс президент сайлауына шамамен 20 млрд теңге қаржы бөлмек. Бұл туралы бүгін, 8 қыркүйекте мәжіліс кулуарында қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева айтты.

"Президент сайлауы 2024 жылға жоспарланғандықтан оның бюджеті сол жылға есептелген еді. Бірақ өзгерістер мен жаңа тапсырмаларға байланысты қаржы үкімет резервінен бөлінеді. Қазір Орталық сайлау комиссиясы есептеп жатр. [Кезектен тыс президент сайлау] шығыны – шамамен 20 млрд теңге" деді Савельева журналистерге. Вице-министрдің сөзінше, шығынның көбі сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақысына кетеді.

"Олардың еңбегі ең төменгі жалақымен есептеледі. 2019 жылы сайлау өткізгенде төменгі жалақы 42500 теңге болған, биыл - 60 мың теңге. Биылғы сайлауда 70 мыңнан аса адам жұмыс істейді деп отырмыз" деді ол.

Вице-министр 2023 жылға жоспарланған парламент сайлауына ең төменгі жалақының өсуіне байланысты 25 млрд теңге болады деп топшылайды. Елде келесі жылы ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге өсуі тиіс.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы, ал келесі жылы парламент сайлауы өтетінін жариялаған.

Сондай-ақ Тоқаев президенттікті 7 жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынып, бұл ұсынысты күздегі президент сайлауынан кейін парламентке жолдайтынын мәлімдеді. Бірақ бір топ депутат пен мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жеті жылдық бір мерзімді күздегі сайлауға дейін енгізуді ұсынған.

Айдары: Дүрбі 08.09.2022 24

Қатысты мазмұн