IT саласындағы кибербуллинг

none

Әлемді шарпыған коронавирус індеті былтыр бүкіл білім беру саласын қашықтан оқытуға мәжбүрлегенде, онлайн оқуға мүмкіндік беретін платформаларға деген сұраныс күрт өсті. Бұл бір жағынан IT саласындағы отандық компаниялардың дамуына үлкен серпін бергені де рас. Мысалы, «GuardEX-Qazaqstan» дейтін отандық компания Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Сфера» дейтін бейнеконференция форматында қашықтан оқытуға арналған платформа әзірлейді. Платформада мектеп оқушылары үй тапсырмасын орындай алады, интерактивті тақта көмегімен онлайн-режимде жазуға, сурет салуға да болады. Қысқасы компания мамандары елге белгілі Zoom бағдарламасының отандық лайықты баламасын жасай алған.

Оны әзірлеушілер бірінші кезекте қауіпсіздік жағына көңіл бөлген. Яғни, платформаға бөтен біреудің кіруі, сабаққа қосылып, эфирді бұзуы секілді дүниелер мүмкін емес. «Бұл жағын тіпті мақтаулы шетелдік платформалардан кем түспейміз» дейді. Айтпақшы, елдің бәрі қолданған Zoom жүйесінде әлдекімдер сабақ барысына кіріп алып, ұятсыз порнороликтер көрсеткені елдің есінде болар... «Сфера» платформасы күн сайын бір мезетте интерактивті формада 4 мың сабақ өткізуге мүмкіндік беретін әлеуетке ие. Платформаның қашықтан оқыту талаптарына сай екеніне көз жеткізген соң Алматы қаласының әкімдігі, кейін Қызылорда қласының әкімдігі де мектептерде осы платформаны енгізу туралы шешім қабылдайды.

Қызықтың көкесі осы жерде басталады. Платформаның жұмысы бастала салысымен әлеуметтік желілерде, жекелеген ақпарат құралдарында «Сфераны» қаралаған пікірлер мен материалдар шыға бастайды. Мұның себебін індете іздей келгенде жаппай қаралаудың артында «E-LEARN.KZ» және «Академсеть» дейтін компаниялардың тұрғанын белгілі болды. Осы компаниялардың иелері Хакимов Фархат Рифхатович және Тахир Маратович Такабаев «Сфераға» неге шүйлікті? «Бақсам, бақа екен» дегендей бұлар осындай жобалары сыннан өтпей қалған осы саладағы бәсекелестері екен. Бірақ бәсекелестікті бақталастықпен шатастырып алғандар бас-көз демей, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, әйтеуір бәсекелестің жаманатын шығара беруге күш салыпты. Бұл кәсіпкерлік саласындағы нағыз кибербуллинг болатын.

Жасаған дүниесі әкімдіктің, білім басқармасы қойған сынақтан өтпей қалған компанияның бірінің сайтына кіріп көрдік. https://e-learn.kz/ дейтін сайтты жасаған компанияның иесі Фархат Хакимов мемлекеттік тілді – қазақ тілін менсінбейтіннің өзі екен. Ашыла салғанда ресми тілмен қарсы алатын сайтына орыс тілінен қазақ тіліне ауыстыратын түйме қоюды да қажет деп таппаған. Интернеттегі деректерге көз жүгіртсек, «E-LEARN.KZ» дейтін ЖШС 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатса да, соңғы рет салық есебін сол құрылған жылы – 2010 жылы ғана берген. Ал оның иесі ҚР Әділет министрлігінде білдей бір басқарма бастығының да міндетін атқарған екен. IT саласының мамандары бұл платформа өздері жасамағанын, біреудің дайын виртуалды тақта сервисін қолданатынын айтады. Бейнесервис көрсетуден басқа көптеген қажет функционал атаулыдан ада көрінеді. Тағы бір талап: смартфондарға орнатуға болатын мобильді қосымшасы тағы жоқ. Міне, осындай шалажансар дүние ұсынған компанияның басшысы мемлекеттік органдар талапқа сай деп таныған, мақұлдаған «Сфера» платформасын көпе-көрінеу қаралауды жалғастыруда. Бұл дегеніңіз «жығылып жатып, сүрінгенге күлгеннен» де арман сұмдық емес пе?

Қазір «Сфераны» жасаған отандық компанияның басшылығы кибербуллинг жасағаны, негізсіз қаралағаны, адал бәсекелестік талабын бұзғаны үшін осы екі компанияны жауапқа тартуды талап етіп ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі Агенттіктің Алматы қаласы бойынша Департаментіне арызданған. Құзырлы орган ақ-қарасын айырып, өз өнімінің сынақтан өтпей қалғанына бола бәсекелесін еш негізсіз қаралаған қос компанияның иелерін тәубасына келтірер шағар.

Берік Мыңжасар

Айдары: Текемет 21.09.2021 123

Қатысты мазмұн