Иран Украина ұшағын байқаусызда атып құлатқанын мойындады

none

Иран Тегеран әуежайы маңында украиналық ұшақты әскерилердің "қателесіп" атып түсіргенін мойындап, "бұл адам факторынан болған апат" деді. Тегеран бұған дейін ұшақты "зымыран атып түсірді" деген болжамды жоққа шығарған.

11 қаңтарда таңертең ирандық мемлекеттік телеарна арқылы мәлімдеме жасаған Иран қарулы күштерінің бас штабы ұшақ Ислам революциясы сақшылар корпусының "құпия әскери орталығына" қарай бағыт алғандықтан әскерилердің оны "жау нысаны" деп ойлап қалғанын айтты.

АҚШ-пен қарым-қатынастың ушығуына байланысты сарбаздар "соғысқа дайын" отырды делінген мәлімдемеде. Тегеран кінәлілердің жауапқа тартылатынын айтты.

Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасынан кешірім сұрап, көңіл айтты.

Иран Украина мамандарына Тегеран әуежайы маңында құлаған ұшақтан табылған "қара жәшікті" тапсырды. Бұл ақпаратты Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко 10 қаңтар күнгі брифинг кезінде айтты.

"Ұшақ детальдары қолымызға тиді, бізді ұшақ құлаған орынға да кіргізді. "Қара жәшікті" алған мамандарымыз жақын арада [экипаж мүшелерінің] сөзін қалпына келтіре бастайды. Бізде сонымен бірге Тегеран әуежайының ұшуды басқару орталығындағы диспетчерлер мен ұшқыштар арасында болған жазба да бар. Бұл ақпараттың бәрі әзірге зерттеліп жатыр" деді Украинаның сыртқы істер министрі.

Ол сонымен бірге ұшақ апатынан қаза болғандардың туыстарынан ДНҚ үлгілері жиналғанын да айтты. Ұшақ апатын зерттеп жатқан Украина делегациясының құрамында 50 адам бар.

8 қаңтарда Тегеран әуежайынан Киевке ұшып шыққан "Украинаның халықаралық әуе желісі" компаниясына тиесілі "Boeing-737-800" ұшағы құлады. Ұшақта болған 176 адам: 167 жолаушы және 9 экипаж мүшесінің бәрі қаза болды. Дәл сол күні бірнеше сағат бұрын Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын зымыранмен атқылаған. 9 қаңтарда халықаралық ақпарат агенттіктері АҚШ үкіметіндегі құпия дереккөзге сүйене отырып, ұшақты ирандық зымыран қателесіп атып түсірген болуы мүмкін деп хабарлады. Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо да дәл солай деп мәлімдеді. Ол барлау қызметіндегі бірнеше дереккөзге сүйенді.

Айдары: Найзағай 11.01.2020 16

Қатысты мазмұн