Интернатта зорланған мүгедек қыздың хикаясы

none

Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутова мүгедек қызы қалалық интернатта зорланғанын және оған хабарламай спираль салып тастағанын айтты. Әйел адам тергеу ұзаққа созылып кеткендіктен видеоүндеу жариялады. Шымкент қаласының полиция департаменті бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Әлия Мамутованың видеоүндеуі Qumash telegram-арнасында жарияланды.

"Менің қызым Толғанай 1992 жылы туғаннан бірінші топ мүгедегі. Сол мүгедектігінің үстіне талма кеселі қосылды. Одан кейін мен игере алмай қалдым. Себебі ол қызымнан кейінгі екі баламды аяғынан тұрғызу керек болды. Өзім жалғызбастымын, үйдің жалғыз асыраушысы болдым. Қызыма қарайтын ешкім болмады. Сондықтан мен қалалық №2 мүгедектер интернатына 2011 жылы өткізген болатынмын", - дейді Әлия Мамутова.

2020 жылдың 8 қарашасында анасы қызын көріп келуге барған.

"Қызымның мазасы жоқ. "Неге мазаң жоқ?" деп сұрасам, "Осы жазда дәрігер ағай, дәрігер апай маған "Осы екпеден кейін салмаймыз, бір-ақ рет саламыз" деп "спираль" деген екпе салып қойды. Мына жағыма" деп сұқ саусағымен көрсетті. Мен кезекші баланы шақырып, басшылардан біреуін шақыруды сұрап едім, "Сіз жексенбіде келіп тұрсыз, басшылардан ешкім болмайды" деп маған Гүлмира есімді психологты шақырып берді.

Психологтан "Спираль салып қоятыны рас па?" деп сұрадым. "Иә, салып қоятынымз рас. Одан басқа 43 қызға салғанбыз. Егер спираль салып қоймасақ бұлар екіқабат болып қала береді" деді.

Бұл үстіме мұздай су құйып тастағанмен бірдей болды. Ол жақта жатқан аурудың барлығы бірінші және екінші топ мүгедегі. Бұлар кімнен екіқабат болып қалады? Қалай екіқабат болып қалады? Неге олар жасырын спираль салады? Не үшін салады? Біз неге білмейміз? 43 қыздың ата-анасы да, жақыны да білмейді. Ешкім естіген жоқ", - дейді жәбірленушінің анасы.

Telegram-арна бірінші топтағы мүгедек қызы жеті жыл бойы зорланғанын айтады.

"Оның қызы жеті жыл бойы мүгедектерге арналған №2 қалалық интернатта зорланған. Болжам бойынша, жәбірленуші есінен танып қалған кезде зорланған, себебі ол эпилепсиядан зардап шегеді. Одан бөлек, мекеме қызметкерлері анасына ескертпей жәбірленушіге спираль салған", - деп жазды telegram-арна.

Портал мәліметінше, полицейлер зорлық дерегін растаған. Алайда, әйел адамның сөзінше, өтініш жазылғаннан бері үш ай өткен, ал тергеу әлі жүргізілмей жатқан көрінеді.

Шымкент қаласының Полиция департаментінің өкілдері бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

Арызданушының өтініші бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аясында мекемеде 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ер адамдардан жауап алынады.

Айдары: Текемет 25.01.2021 69

Қатысты мазмұн