Франция Әбілязовті тергеп жатыр

none

Француз билігі БТА Банктің ақшасын жымқырып шетелге қашып кеткен Мұхтар Әбілязовке қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Бас прокуратурасының "Азаттық радиосына" берген жауабында айтылды. Бас прокуратура Әбілязовтің қылмысына қатысты бірнеше дәлелді мәліметті Францияға жіберіп, оны экстрадицияламаған жағдайда сол елде соттау мәселесін талап қылған. Бас прокуратура қылмыстық-процессуалдық заңнама талаптарына байланысты Францияға Әбілязов жөнінде қандай мәлімет жібергенін ашып айтпайтынын мәлімдеді. Әзірге Франция Әбілязовке қатысты өз бетімен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, оған Қазақстан тарабы араласа алмайды.

Әбілязовтің адвокаты Жерар Чолакянның айтуынша, оның қорғауындағы экс-банкирге Қазақстанда қозғалған «БТА банктен 7,5 млрд доллар қаржы жымқыру ісі» бойынша айып тағылған, қазір ол тергеліп жатыр. Өткен аптада француз тергеушілері Әбілязов екі күнге қамап тастаған, кейін сот қаулысымен ол босатылған.

Қазақстанда қашқын банкир Мұхтар Әбілязовке қатысты соттың екі үкімі бар. Оған «ақша жымқырды», «қылмыстық топ құрды» деген айыппен 20 жылға бостандығынан айыруға 2017 жылы сырттай үкім шыққан. 2018 жылы қарашада Қазақстан соты Әбілязовті «2004 жылы Тұран-Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді» деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.

Он бір жылдан бері Еуропаны паналап жүрген Әбілязовке 2011 жылы Ұлыбритания саяси баспана берген. Бірақ, ол БТА банктің арызы бойынша өткен Лондон сотының талабына бағынбады, өзінің дүние-мүлкін жасырып қалуға әрекеттенді, сотқа қатысудан жалтарып жүрді. Сол қылығы үшін Лондон жоғарғы соты «сотқа құрметсіздік көрсеткені үшін» оны 22 айға қамауға шешім шығарған. Бірақ, ол түн жамылып Францияға қашып кетті. Осы жағдайдан кейін Ұлыбритания Әбілязовке берген саяси баспана статусын қайтарып алды. Ол қазір Ұлыбритания аумағына кіре алмайды, себебі оның мойнында 22 айлық өтелмеген түрме жазасы бар.

Ұлыбританиядан қашып кеткен Әбілязов Францияда жасырынып жүріп ақырында тұтылды, сол ісі үшін бірнеше жыл француз түрмесінде отырып шықты (суретте). Ол өзін Қазақстан билігінің саяси көзқарасы үшін қуғындап жүргенін айтумен келеді. Биыл, қыркүйек айының басында ол Франциядан саяси баспана алған. Ол бұл сатуста қала бере ме, әлде Лондондағы тағдыры қайталана ма, әзірге белгісіз. Оның мойнында БТА Банктен ақша жымқыру ісінен басқа «Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді» ауыр айып бар. Француз тергеушілері ҚР Бас прокуратурасының берген мәліметіне көз жеткізсе, онда ол түрмеге тоғытылуы мүмкін. Сәйкесінше, Әбілязов «саяси босқын» мәртебесінен де айырылады.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 15.10.2020 54

Қатысты мазмұн