Ескі Қазақстанның молдасы Жаңа Қазақстанға мүфти бола ма?

none

Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтен әбден теперіш көрген Еркінбек Шоқайдың дәл қазір шоқтығы биік, айы оңынан туайын деп тұр. Мүфтият маңындағы құпия дереккөздің айтуынша, ҚМДБ жүйесіндегі беделді алпысшақты молданың қырықы Еркінбекті қолдайды, тіпті олар Шоқай үшін «жанын беруге даяр». Алда болатын Қазақстан мұсылмандары құрылтайында Еркінбек Шоқай негізінен соларды арқа тұтып отыр. Ол Бас мүфти Өтпеновтің бітіспес оппоненті болса да лауазымды молдалар (наиб имамдар, наиб мүфтилер, экс бас мүфтилер, кейбір бас имамдар, ғұламалар кеңесінің басым бөлігі) Шоқайды өз адамы санайды. Онымен салыстырғанда екінші кандидат Мадияр Меңлібеков - «сырт адам», шетелде діни білім алса да мүфтият жүйесінде діни қызмет атқармады, басына сәлде орамады, карьерасын дипломатиялық жүйеде жасады.

Қазіргі Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің құзіретсіздігін, шала діни білімін әшкере қылып, абыройдан жұрдай еткен 2021 жылғы оған қырсы жасалған ақпараттық шабуыл. Бүткіл қазақ интернет сайттарында жүргізілген мақсатты медиа науқанда Наурызбай хазіреттің діни сауаты шала екені, туған жерін (Өзбекстан) жасыратыны, «Зекет» қорындағы қаржының талан-таражға түсуіне жол беріп қойғаны әшкере болған.

Мүфтият маңындағы құпия дереккөздің хабарлауынша, Наурызбай Өтпенов өзіне жасалған ақпараттық шабуылды, құпиясын ашып қойған журналистік зерттеуді, жалпы осы ауқымды медиа науқанды Еркінбек Шоқай ұйымдастырды деп санайды. Мұның рас яки өтірік екені белгісіз. Дегенмен, молдалар қауымы да Хрущевтің тағын тартып алған Брежнев секілді Шоқайдың да «Өтпеновтің орынтағын шайқалтудағы «еңбегі» зор, сондықтан оның Бас мүфти болуға қақы бар» деп есептейді. Дінбасы болатын үміткерге күні бұрын жағынып қалуға үнемі қамданып жүретін көп молда қазір Шоқайдың Бас мүфти болғанын Құдайға жалбарынып тілеп отыр.

Еркінбек Шоқайға кедергі болатын жағдайды айтпас бұрын ҚМДБ үкіметтік емес ұйым болса да ұйым басшысын сайлау саяси биліктің құптауы арқылы, тіпті тікелей араласуы арқылы жүзеге асатынын, «дін саясаттан бөлінген» деген тезистің Қазақстан секілді елдерде бекер екенін тұжырымдай кетейік. Оның мысалы ретінде мемлекеттің идеологиясын біраз жыл басқарған Алтынбек Сәрсенбаевтың (марқұм) Назарбаев режиміне кедергі болған Рәтбек қажы Нысанбайұлын Бас мүфти қызметінен тайдырып, оның орнын Әбсаттар Дербісәліге алып бергені жөніндегі қызықты хикаясын еске аламыз. Оның үстіне, бүткіл республиканы өрмекшінің торындай шырмап алған мүфтият мешіттері «патшаға бағыну керек» деп саяси «жұмсақ» насихат жүргізетін күшті плацдарм екені белгілі. Сондықтан әрбір патша болудан үміткер саясаткер билікке жетпей тұрып немесе билікті алған соң тездетіп өзінің сөзін сөйлейтін, ығына жығылатын молданы Бас мүфти етіп «сайлатуға» күш салады. Қаңтар оқиғасын Ескі Қазақстанды аңсаған әлдебіреу ұйымдастырды деген теорияға жүгінсек және Наурызбай Өтпеновке қарсы 2021 жылғы ақпараттық шабуылды кім ұйымдастырғанын есепке алсақ, онда Еркінбек Шоқай Ескі Қазақстанның үкілеген үміткер болып шықпай ма?!. Ол қалайша Жаңа Қазақстанның мүфтиі болады?!.

Әрине, Наурызбай Өтпенов та Ескі Қазақстанның кадры. Дегенмен, оның қылтың-сылтыңы көп, сүлейменшілермен астыртын меморандум жасайды, кейде нақышпандыларға бүйрегін бұрады, кейде сәләфилердің ығына жығыла салады, кейде Таспен ым-жым, кейде Нигмаға қарай ауып кетеді, т.б.с.с. Сондықтан Қаңтарда саяси аренаға атып шығуға тиіс болған әлдебіреу жауапты өтпелі кезеңде мың құбылатын Өтпеновке сенбеген секілді, оның орнына Еркінбек Шоқай сияқты орнықты, салиқалы, бір позицияда мызғымай тұратын Бас мүфти іздеген секілді.

Мұндай тезис «Еркінбек Шоқайды Жаңа Қазақстанның саяси билігі қолдамайды, енді оның жолын шорт кеседі» деген ой тудырмауы керек. Жаңа Қазақстан Ескі Қазақстанның іргетасының үстінде тұр. Сондықтан саяси билікте, атап айтқанда идеологиялық салада Еркінбек Шоқайдың бәсін көтеріп, «бүткіл мұсылман жамағаты тек осы кісіні қолдап отыр...» деп, оны Бас мүфти орынтағына жайғастыра салатын күш жоғалып кеткен жоқ. Ескі Қазақстанның әлі де Жаңа Қазақстанға ықпал етіп, оны қақпайлап, білдірмей бағыттап отырғанын Еркінбек Шоқайдың мұсылмандар құрылтайына кандидат ретінде қатысатыны жөніндегі шешімнің өзі-ақ дәлелдей түседі.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 07.01.2023 140

Қатысты мазмұн