Еріген қар мен жауған жаңбыр Түркістан облысындағы елді мекендерге қауіп төндірген

none

Түркістан облысында қар жылдам еріп, қатты жаңбыр жауғаннан кейін су деңгейі көтеріліп, кейбір елді мекендерге қауіп төндірген.

Журналист Әйгерім Таубай 2 ақпанда таңертең Facebook-тегі парақшасында Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай ауылында су тасқыны жүріп жатқанын жазып, видеолар жариялады. Журналистің айтуынша, бұл – оның туған ауылы. Видеода көшелерді су басқаны көрінеді.

"Тұрғындардың айтуынша, су түнде келген. Біздің үй қыр жақта тұрғандықтан, аман қалған. Сағат 10.45-терде сол жақтан маған хабарласып, қораға, гаражға су кіргенін айтты. Құдықтың іші толған. Өзім де журналист болғаннан кейін жергілікті билік өкілдеріне хабарласқанмын. Жаңа төтенше жағдай департаментіне хабарлассам, көмекті сағат 10-да жібердік дейді, яғни түнде басталған жайтқа көмек сағат онда жіберіліп отыр" деді Әйгерім Таубай.

Азаттық тілшісі әзірше жергілікті тұрғындарға хабарласа алмады.

Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев Сауран ауданында су деңгейі елді мекендерге қауіп төндіргенін растады.

"Қазіргі таңда Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданында судың мөлшері төмен түсті, ешқандай елді мекенге қауіп жоқ. Сауран ауданында ғана ағыс елде мекендерге қауіп төндіріп тұрғаны байқалады. Түсіп жатқан ақпараттарға сай, су басқан үйлер жоқ. Су аулаларда ғана. Зардап шеккендер жоқ" деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, мамандар қазір "суды сорып және қауіпсіз аймаққа айдап жатыр". Төтенше жағдайлар департаментінен 56 қызметкер, 10 техника, жергілікті атқарушы органдардан 280 қызметкер мен 53 техника жұмылдырылған.

Айдары: Найзағай 02.02.2023 43

Қатысты мазмұн