Елші: АҚШ Астанамен Қазақстан мұнайын экспорттаудың балама жолдарын табу мәселесін талқылап жатыр

none

АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Дэниел Розенблюм журналистермен кездесу кезінде Қазақстан мұнайын экспорттаудың балама жолдарын іздеу күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе екенін атап өтті. Бұл жөнінде Informburo сайты хабарлады.

Елші Дэниел Розенблюм ақпарат құралдарымен кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ энергетика мәселелері бойынша 90-жылдардан бері өзара қарым-қатынас орнатып келе жатқанын алға тартқан. Елшінің айтуынша, қазір Американың энергетикалық компаниялары Қазақстан үкіметімен Қазақстан мұнайын экспорттаудың балама жолдарын іздеу мәселесін қызу талқылап жатыр.

"Біз бақылап отырған жайттардың бірі - санкция аясында Ресейден келетін мұнай және ресурстар экспорты. Қазақстан экспорты қажетті адресатқа жету үшін Еуроодақ, АҚШ және Қазақстан арасында әрекеттерді үйлестіру қажет. Бұл мәселені шешудің кілті – Қазақстаннан мұнай өнімдерін балама жолдар арқылы тасымалдау. Өткір мәселе" деді Дэниел Розенблюм.

Елші осыған дейін қол жеткізілген келісімдерді оның ішінде, Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау келісімін осы міндетті шешудегі алғашқы қадам деп атаған.

10 қарашада премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Баку - Тбилиси - Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттай бастайды деп мәлімдеген. Бұған қоса, оның көлемін алдағы уақытта 6,5 млн тоннаға дейін жеткізу мәселесін қарастырып жатыр деген. Смайыловтың айтуынша, үкіметтің мұнай экспортын әртараптандыру бойынша арнайы жол картасы бар. Ол Баку - Тбилиси – Жейханнан бөлек, Баку – Супса және Баку – Батуми бағыттарын да қарастырады. Бұған қоса, Атыраудан Батуми мен Өзбекстанға және Қытайға темір жол бағыттары бар. Бұған дейін Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов Әзербайжан арқылы тасымалданады деп айтылған мұнай көлемі айтарлықтай көп емес екенін жеткізген.

Қазақстан мұнайының басым бөлігін тасымалдайтын ресейлік Каспий құбыр консорциумы желісінде ақау жиілеген шақта шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауды диверсификациялауды маңызды міндет деп атаған. Осыған орай ол Транскаспий бағытына басымдық беруді тапсырған.

Айдары: Найзағай 25.11.2022 36

Қатысты мазмұн