Елена Рыбакина Australian Open турнирінің жартылай финалына шықты

none

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Мельбрунде өтіп жатқан Australian Open жарысының жартылай финалына шықты. Ол ширек финалда латвиялық Елена Остапенконы 6:2, 6:4 есебімен жеңді. Матч 1 сағат 20 минутқа созылды.

Рыбакина әлемдік рейтингте 22-орында тұр, осы жетістігінің арқасында ол алдағы аптада ТОП-15 теннисшінің қатарына енеді. Ал Остапенко қазір әлемнің 17-ракеткасы.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда Джессика Пегула (АҚШ)-Виктория Азаренко (Беларусь) матчының жеңімпазымен ойнайды.

Рыбакина - Australian Open турнирінің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық теннисші. Ол былтыр Лондонда өткен Wimbledon жарысында жеңімпаз атанып, Grand Slam жарыстарында жекелей сында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық теннисші болған.

Қазақстандық теннисші Рыбакина Wimbledon жарысында жеңіске жетті

Рыбакина карьерасының басында Ресей атынан жарыстарға қатыспақ болған. Бірақ Ресейде қаржы тапшылығына байланысты 2018 жылы маусымда Қазақстан теннис федерациясының шақыртуымен (федерацияны қазақстандық миллионер Болат Өтемұратов басқарады) Қазақстан азаматтығын алған. Қазақстан алғашында теннисшіге қаржылай көмек көрсеткен еді. Рыбакина әр жеңісіне Қазақстанның қосқан үлесі көп екенін жиі айтады. Теннисшіні хорватиялық маман Стефано Вуков жаттықтырады.

Australian Open, Wimbledon, Парижде өтетін Roland Garros және Нью-Йоркте болатын US Open турнирлері теннистен қаржылық сыйақысы көп беделді Grand Slam жарыстарының қатарына енеді.

Айдары: Найзағай 24.01.2023 27

Қатысты мазмұн