Экс-депутат пен журналист жұлқыласып қалды. Министр басу айтты

none

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева экс-депутат Бекболат Тілеухан мен журналист Айнұр Коскина арасындағы жанжалға байланысты пікірін айтты.

"Сұхбат берушінің журналиске қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын" деген министр алайда "мәселенің екінші жағы бар" деп журналистің әрекеті дұрыс болмағанын меңзеді.

"Десе де, мәселенің екінші жағы да бар: ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Спикердің жеке өмірі құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері. Қалай болғанда да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашанда дайын" деп жазды министр Facebook'тағы парақшасында.

Бір күн бұрын депутаттық өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған Бекболат Тілеухан мен журналист Айнұр Коскина арасында "жанжал" туындап, журналист экс-депутаттың үстінен полицияға түсірген болатын.

Экс-депутат пен журналист арасындағы жағдай туралы видео бойынша жағдай былай болды. Бір топ журналистің дәлізде Бекболат Тілеуханнан сұхбат алып жатқаны көрінеді. Журналистер одан мәжілістегі 15 жылдық жұмысының қорытындысы, алдағы жоспары мен саяси көзқарасы туралы сұраған. Журналист Айнұр Коскина шенеуніктен оның мәжілісте отырғандағы саяси көзқарасының өзгеру ықтималдығы мен оның көп әйел алуға көзқарасы жөнінде сұрайды. Бекболат Тілеухан өзінің көп әйелі барын жасырмайтынын айтады.

Кейін лифтіге бет алған бұрынғы депутаттың соңынан сауалдарын қойып үлгермеген журналистер ілеседі. Айнұр Коскина да Қазақстан заңнамасында көп әйел алу қарастырылмағанын айтқан. Видео соңында оған ашуланған депутаттың "Менің әйелімде не ақың бар?" деп айқайлағаны, Коскинаның "сіз неге мені итересіз" деген дауысы естіледі.

Осы оқиғадан кейін тілші "журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру" бабы бойынша арызданған. Журналистің айтуынша, депутат оған қол көтеріп, соның салдарынан шекесі ауырып қалған, штативі сынған.

Есіл аудандық полиция басқармасы журналистің арызын тіркеп, сот-медицина сараптамасын тағайындаған. Экс-депутат Б.Тілеухан әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Айдары: Түтін 30.12.2021 37

Қатысты мазмұн