Екі Мұхтар салғыласып қалды. Неге?

none

БТА-банктің ақшасын жымқырып, шетел асып кеткен, сөйтіп демократ-оппозиционер кейпіне енген экс-банкир-олигарх Мұхтар Әбілязов Фесбуктегі парақшасында аты шулы саясаткер Мұхтар Тайжанға қазақша шапан-тымақ кигізіп, атқа қондырып және қолына Қазақстанның туын ұстатып «Тайжан бүкіл Қазақстанды көшеге шығаруға уәде берді» деген тақырыппен коллаж жасапты. Бұл «шедевр туындысына» өзі мәз сияқты.

Мәнісі, 5 қыркүйекте жаңадан құрылған Қазақстанның демократиялық күштер коалициясының жиынында алдағы кезектен тыс президент сайлауына қарсылық айтылуы. Тайжанның жиында сөйлеген сөзін мәтінге айналдырып, өзінің коллажында аузына: «Диктатураға жол бермейміз! Егер біздің үндеуімізді тыңдамасаңыздар, ертең түгел Қазақстанды көшеге шығаруға өз басыммен ат салысамын» деген сөз салып қойыпты.

Бұған шамданған Тайжан президентсіз Қазақстанның премьері болудан дәмелі Әбілязовті қазақ тілін білмейсің, түсінбейсің деген сыңайда жазғырып, бүкіл Қазақстанды көшеге шығаруға уәде бермегенін, халықты көшеге шығаруға «ат салысам» деп қана айтқанын алға тартты.

Тіл мәселесіне келгенде Тайжанның Әбілязовтен асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Мұхтар Тайжанның қазақшасы Болат Әбілевпен шамалас – үзіп-жұлқып әрең сөйлеп, ойын әрең жеткізеді. Дегенмен, орысша оқыған Мұхтар Тайжан Әбілев секілді қазақша үйренуге талпынып жүр. Аталған осы белсенділер президент сайлауына үміткер болса, онда олардың ешбірі қазақ тілі емтиханын тапсыра алмайды.

Қазақстандық Мұхтар шетелде жүрген Мұхтардан өзінен «судыр ахмет» жасауға тырыспауын талап етті. Бұған қоса «Екіншіден, мені салт атты етіп бейнелегіңіз келсе, менің шынайы суреттерімді алмайсыз ба?» деп ренжіді. Соңында «Байқағаным, біз экономика мен саясаттың барлық дерлік аспектілері бойынша келісеміз. Бірақ бізде бір үлкен идеологиялық алшақтық бар, оны шеше аламыз деп үміттенемін. Сондықтан, бір-бірімізге фотоколлаж жасаудың орнына, мен Сізге, құрметті тёзка, біздің алшақтығымызды кез келген онлайн платформада талқылауды ұсынамын» деп жазды.

Бірақ идеологиялық алшақтық неде жатқанын түсіндірген жоқ. Онысы қос Мұхтар онлайн платформаға шықса, белгілі болар.

Екі Мұхтардың өзара салғыласуынан өздерін жарнамалап қалу әрекетін байқауға болады. Олар осылайша өздерінің саяси имиджін қалыптастырмақ. Бірақ екі Мұхтардың тізе қосып, бірлесіп әрекет етуі неғайбыл. Оппозициялық белсенділер ортақ идея аясында ешқашан біріккен емес. Олардың әрбірі саяси конъюнктураға сай әрекет етеді. «Тек қана мен болайын» деген өзімшіл амбиция басым, бірі озып бара жатса, екіншісі оның аяғынан шалып жіберуге дайын отырады.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 08.09.2022 104

Қатысты мазмұн