Дипломат Меңлібеков – Бас мүфти? Көк шай және «Исматулла тақсыр»

none

ҚМДБ төрағасы және Бас мүфти орынтағынан үміткер Мадияр Меңлібеков (төлқұжат бойынша Менилбеков) - Ливиядағы «Исламға шақыру» университетін тәмәмдаған, араб тілінің, Құран ілімінің, ислам тарихының білікті маманы. Оның үстіне Таяу Шығыстағы діни тариқаттардың саяси билікті басып алу тактикасын жан-жақты зерттеген сарапшы. Мадияр Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» ислам университетінде 4 жыл дәріс берген соң діни идеологиялық саладан біржола кетіп, карьерасын дипломатия корпусында жалғастырды. Меңлібеков мұның алдында Дубайда бас консул болды, 2019 жылдан бері Қазақстанның Біріккен Араб әмірлігіндегі елшісі (1-суретте). 2004 жылы былайғы жұрт «зікіршілер» деп атайтын сопылық тариқаттың ұңғыл-шұңғылын шұқылап, «Діни экстремизмнің сопылық синдромы» атты көлемді мақала жаздым. Осы мақаланы жазу барысында Мадиярмен бірнеше рет кездесіп әңгімелестім.

Мадиярдың діни біліміне тәнті болған «зікіршілер» оны қатарына қосып алу үшін әбден тыраштанды. Оған құсы түсіп, ащы ішектей айналдырғанындағы гәп мынау: «Зікірші» сопылардың бірде бірінің терең діни білімі жоқ. Тіпті, тариқаттың пірі Исматулла тақсырдың да қайда оқып білім алғаны түсініксіз, сырт көзге дүмше екені байқалады.

Меңлібековтың айтуынша, Исматулла тақсыр Мадиярды екі рет азғырған. Тіпті, ол өлер алдында Пір лауазымын Мадиярға тапсырып кететінін айтып, уәде берген. Бұған да Мадияр ыңғай танытпапты. Шілханада болған екінші кездесу кезінде Исматулла «дәретім жоқ еді, алып келейін» деп, 15 минутқа кетіп қалған. Қайтып келгесін Исматулла бір мүридіне көк шәй алдырады. Көк шай ішікізіп отырып тағы да "осында қалсайшы" деп әбден азғырады. Кездесуден кейін дәріс оқу үшін университетке оралған М.Меңлібековке студенттер көзі қызарып, түрі бұзылып кеткенін айтады. Кешке қарай басы ауырып, жедел жәрдем шақыртады. Алғашында «өкпе қабынған» дегенмен, қойылған диагноз дәлелсіз болып шығады. Дәрігерлер бір апта бойы оның басы неліктен ауырғанын анықтай алмайды. «Ауруханада жатқан кезде Исматулланың соңынан еріп кеткім келіп, апта бойы қиналып жүрдім» деп еске алған еді Мадияр Меңлібеков.

Мадиярдың дін саласын тастап, дипломатия корпусына кетіп қалуына осы оқиға себеп болды ма, болмады ма, оны айту қиын. Дегенмен, Исматулланың көк шайынан кейін оның көкірегінде «зікіршілерге» деген жеккөрініш, ашу-ызалы дық қалғаны анық. Егер Мадияр мұсылмандар құрылтайында Бас мүфти болып сайланса, онда 2010 жылғы ауыр соққыдан енді-енді есін жиып, еңсесін тіктей бастаған «зікіршілерге» (2-суретте) тағы да жақсы болмайды. Себебі, «зікіршілердің» қоғамға қауіпті, экстремистік сипаты бар екені жөніндегі діни сараптаманы мүфтиятты арқа тұтатын дінтанушалар берген еді. Соның нәтижесінде Исматулла пір мен «зікіршілердің» екінші деңгейлі бірнеше тақсыры 2010 жылы ұзақ мерзімге сотталған. Меңлібековті Бас мүфтилікке кандидат етіп ұсыну «зікіршілердің» басына қара бұлтты қайта қоюлата түседі...

Кандидат Меңлібековке кім кедергі, оның аяғын шалатын Ақорда жақта кім бар?

Жаңа Қазақстанда «дипломат» деген сөз өтімді ме?

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 09.01.2023 220

Қатысты мазмұн