Дежавю! Тайжан билікпен тағы да «сауда ойынын» бастады

none

Мұхтар Тайжан әйтеуір, адамды жалықтырмайды! Біз мына жақта "Астана атауы қайтарылды" деп мәз боп жатсақ, Мұхаң елді тағы да митингке шақырып жатыр екен ғой! Ее, Мұха-ай! Талай рет сөйтіп шақырып ап, өзің бұғып қалатын едің. Тағы сөйтпейсің бе?

Естеріңізде болса, 2019 жылы 8 қаңтарда кешкі сағат 19.00-де Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде Қарағандыдағы оқиғаға қатысты жиын өткізетінін хабарлап, мәселені талқылауға қазақ патриоттарын түгел шақырды. Мұхтар Тайжан бұл бастамаға аса үлкен маңыз бергені соншалық, өзінің бітіспес оппоненттерімен де бір үстелдің басында кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

«Банымда 7-8 адам болған еді, қазір түгелін босатып жіберем. Қарым қатынасым күрделі болған соң Геройхан Қыстаубаев, Серікжан Мәмбеталин, Рысбек Сәрсенбай ұлтжанды әріптестерімді арнайы бөлек шақырып отырмын!.. орган адамдары да келіңіздер», - деп жазыпты.

Мұхтар Тайжанның айтуынша, осы жазбадан кейін оның үйіне екі прокурор келіп, ашық-жарқын әңгімелесіпті. Мән-жайға қаныққан олар Мұхтар Тайжанға ескерту жасамайтынын, жиын өткізуге ешқандай кедергі жоқтығын айтып өз жөндеріне кеткен.

Мұхтар Тайжанның сөзі мен ісі үйлесе бермейтінін, саяси тайғанақтығын жақсы білетін ұлтшыл партиоттардың түгелге жуығы бұл жиынға барған жоқ. Олар мұның бәрі Тайжанның билікпен кезекті саяси саудаға бару үшін жасап жатқан «ойыны» екенін сол мезетте-ақ бірден түсінді.

«Только не Тайжан в роли «казахского Манделы»! Акорда, замените главного героя в этом спектакле, может мы его и досмотрим» деп жазды Гүлжан Ерғалиева.

Мұхтар Тайжан шақырған межелі жерге алданып қала беретін аңғал бірнеше ұлтшыл ғана қаңғалақтап барып қалыпты. Солардың бірі - Геройхан Қыстаубаев.

«Мен барғанда оншақты адам жүр екен. Ішінен Еркін Рақышевты ғана таныдым. 10-15 минуттан кейін бізге Мұхтарды полиция алып кеткенін айтты. Егер бұл Мұхтар орындаған кезекті спектакль болатын болса, онда қоюшы режиссері мықты екен. Мұхтар Тайжанды мен бұрыннан білемін. Ол жігіттің өзі бұндай бастамаға бара қоятынына сенбеймін. Оған тапсырма берілген сияқты. Мұхтарды менен артық ешкім білмейді деуге болар. Сондықтан бұл кезекті қойылым ба деп күмәнданып тұрмын» деп әрі-сәрі күй кешті Геройхан Қыстаубаев.

Жылы сөз айтса сеніп қалатын аңқау ұлтшылдың күдігі бекер емес екен, «Астана» қонақ үйінің залын Мұхтар Тайжан жиын өткізу үшін жалға алмаған болып шықты. Солай бола тұра, ол ұлтшыл патриоттарды сол жерге шақырды. Мұхтар Тайжанның бұл қылығын қалай түсінуге болады? Әрине, кейіннен ол «мен полиция бөлімшесінде болдым, сол себепті жиын өтетін жерге келе алмадым» деп ақталумен болды. Бірақ осы оқиғаның тереңіне үңілсек, Мұхтар Тайжанның әрекеті әлеуметтік желі маркетингінің хайп әдісі екенін байқаймыз. Бұдан «Мұндай хайп жасауға оны не итермеледі?» деген сұрақ туатыны анық. Біз осы мәселені талдап көрейік.

Оншақты жылдан бері қоғам белсендісі кейпінде саясат алаңын ойқастап жүрген Мұхтар Тайжан қанша күшенсе де Гүлжан Ерғалиева айтпақшы «қазақ Манделасы» бола алмады. Ол саяси өмірінде әкімшілік жаза арқалаған емес, тіпті бір тәулік те қамауда болған жоқ. Себебі ол наразылық шараларының біріне де қатыспады. Тіпті өзі бастамашы болған наразылық шараларына түрлі сылтау айтып келмей қалатын да, басқа ұлтшылдарды арандатып кететін. Оның ұлтшыл патриоттардың сенімінен айырылуының бірінші себебі осы. Бұл жолы да ол сол әдісінен жаңылған жоқ. Жиынға шақырған орынмен келіспеген , мұны бір деңіз.

Екіншіден, экономикалық білім алған Мұхтар Тайжанның саяси қайраткерлігі шынайы емес секілді. Ол үнемі саясатқа бизнесменнің көзімен қарайды, барлық жерден рента тапқысы келеді. 2014 жылы ол «саясаттан кеттім» деп мәлімдеме жасаған, «қоғам белсендісі – халық жанашыры» статусын тәрк етіп, бизнестің жолын таңдаған.

Бірақ ол сөзінде тұрған жоқ. Алматы облысының Шеңгелді ауданында екі жылдай пияз бизнесімен шұғылданған ол оңды нәтиже шығара алмады. Ақыр аяғында Шеңгелді диқандарымен соттасып, ұлтшыл патриоттық саяси «атмосфераны» сасытқан «пияз дауына» шатылды, қазақ ұлтшыл патриоты деген атағына жуса кетпейтін қара дақ түсіріп алды.

Мұхтар Тайжанның түбегейлі «абыройының айрандай төгілуі» «Жер дауымен» байланысты. «Жер кодексіне» өзгертулер енгізу мәселесі талқыланғанда ол ауыл еңбеккерлерінің мүддесін емес, үкіметтің, дәлдеп айсақ, Ауыл шаруашылық министрлігінің позициясын өлермендікпен қорғап бақты.

Осы процесс кезінде «елім, жерім» деген ұлтшыл патриоттардың түгелге жуығы Тайжаннан түңілді, ол қатты сынға ұшырады, тіпті кейбір ұлтшылдар «Тайжан халықты сатып кетті» деген ауыр айыптау сөз айтты. Бірақ бұған саясатқа бизнесмен көзімен қарауға әбден машықтанып алған Мұхтар Тайжан қыңған жоқ, ол Астанаға қоныс аударып, билік жағына біржолата өтіп алды. Тіпті Мұхтар Тайжан баспасөз бетінде өзінің Астанаға қоныс аударуының себебін айтқанда үкіметтің шақыруымен барғанын да мойындады.

Оның ойынша, «қоғамдық сарапшының» үкіметке жасайтын қызметі ақылы болу керек. Себебі, заң дайындау – үкіметтің міндеті, ал бұл шаруаны қаржыландыру мемлекеттің есебінен болуы тиіс. Сондықтан, Мұхтар Тайжан «қоғамдық сарапшы» ретінде тікелей үкіметпен емес, «үкімет жанындағы құрылымдармен» келісімшарт жасапты. Мұның бәрін өзі бір сұқбатында айтып өтті. Бірақ оның бұл сөзі «халықтың мүддесін күйттеген» ұлтшыл патриотты ақтай алмайды.

Енді, өзі шақырып отырған митингке өзі қатыса ма, қатыспай ма, қазір ол маңызды емес. Маңыздысы – Мұхтар Тайжан билікпен тағы қандай «сауда ойынын» бастады екен?

Тоқтар Жақаш

Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 16.09.2022 100

Қатысты мазмұн