Демократия деген популизм бе?

none

Ол өзінің журналистік зерттеусымақтарын ақиқатқа жету үшін емес, саясаттағы популистік бағытты күшейтуді мақсат тұтып жасайтын секілді. Популизмнің соңы қазақтың "Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты" дейтін аталы сөзіне дәл келеді. Жанболат Мамай Навальный сияқты билікті әшкере етемін деп, сақалынан айырылып отырған жайы бар. Әйтеуір елде белгілі бір дәреже мен жетістікке жеткен азаматтарға тиіседі де жүреді. Бірақ, одан оңды нәтиже шығып жатқан жоқ.

Дәл осылай Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке қисынсыз жала жауып, нәтижесінде ар-намысы, абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін сотқа “жолдама” алды. Сотта Жанболат Мамайдың әлеуметтік желіде жариялаған ақпараттары шындыққа сәйкес келмейтіндігі, Бауыржан Байбектің ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретіндігі дәлелденіп, сот әлеуметтік желідегі видеоларды өшіруді міндеттеп қаулы шығарды.

Әрине, жеңілетіндей себеп бар. Өйткені Ж. Мамай көрші елдің оппозиционері Навальныйға еліктеп, бәрін тас талқан етемін деп ойлады. Алайда, ол оңбай қателесті. Оның «журналистік зерттеулеріндегі» мәліметтер дақпырт өсек таситын телеграмм арнадан алынған. Бұл жағдай зерттеудің сенімділігіне күмән туғызады. Мамай кәсіби журналист ретінде мұны білуге міндетті еді. Өзінің абыройы мен беделін ойлайтын кез-келген кәсіби журналист мұндай қателік жасамайды. Ал Навальный талантты азамат. Ол 2011 жылдан бері қазіргі күнге дейін 232 күнін темір тордың ар жағында өткізген. Бұған қоса үй қамағында 8 ай болған. Мамай бастаған шерулерде барлығы ұсталып, қамалып, өзі болса бір ғажаппен құтылып кетеді. Бұл да бір ойландыратын жағдай десек те болады. Байбек мырзадан жеңілуі Мамайға сабақ болмаған сияқты. Әлі де өзіне көп назар аударғысы келген Жанболат Мамай кезекті «зерттеуін» түсіріп шабуылдауын жалғастыруда.

Атап айтсақ, осыдан бірер апта бұрын қоғам белсендісі Жанболат Мамай Жамбыл облысы әкімі Б.Сапарбаевқа қатысты бірқатар айыптаушы ақпарат таратқан еді. Осыдан кейін Бердібек Сапарбаев журналист Нартай Аралбайұлының YouTube-каналына арнайы сұхбат беріп. Мамайдың жаласына «Қазақта бір сөз бар, «ит үреді, керуен көшеді» деген. Мен әлі ойланармын. Қазақстанның жартысын, Қызылорданың 90 пайызын маған іліп қоя бергенді білмеймін. Егер мен миллиардер болсам әкім болмас едім деп айтқаным бар», - деді.

Сапарбаевтың Мамайды ерте ме, кеш пе сотқа беретін секілді. Себебі, Мамайдың қолында дәлел жоқ, ол көбіне өсек-аяңға иек артады. "Өтіріктің құйрығы бір тұтам", содан келіп Мамай сотта жеңіліп қалады. Мұның бәрі - популизмнің кесірі. Айтпақшы, осыдан біраз уақыт бұрын ұлтжанды азаматтарымыздың бірі Жанболат Мамайдың популизм сөзінің мағынасын түсінбейді деген болатын. Себебі, Мамай журналистерге берген бір сұхбатында "популизм деген демократияның құрамдас бөлігі". "популизм саяси күрестегі аса қажет құрал" деп ой айтты. Сонда Жанболат өз амбициясына жету үшін қарапайым халықты алдауға, дәлелсіз сөз сапырып оларды алауыз қылып қырылыстырып қоюға болады деп ойлай ма? Олай болса, мұндай әрекет қоғамдағы тұрақсыздыққа жетелейді ғой. Ол осындай аласапыран арқылы саясат жүргізуге әдеттенудің соңы жақсылықпен аяқталмайтынын түсінбейтін секілді.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 23.07.2021 44

Қатысты мазмұн