ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус Алматыға келді

none

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Алматыға келді.

Ол Қазақстанға бейресми сапармен келгені белгілі болды. Қазақстанда оның құдалары тұратыны белгілі.

Тедрос Адханом Гебрейесус бүгін Қазақстанның жетекші медициналық университеті - Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне (ҚазҰМУ) барды.

Асфендияров атындағы ҚазҰМУ баспасөз қызметі мәліметінше, медициналық университетте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ДДСҰ басшысын қарсы алған. ДДСҰ бас директоры университеттің құрметті қонақтары кітабына естелік жазба қалдырды. Академик Шарманов атындағы Даңқ залында Тедрос Гебрейесус қазақстандық ғылым мен медицинаның жетекші қайраткерлері – ҚазҰМУ профессорларымен кездесті, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың дамуы туралы сұрақтарға жауап берді.

ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ДДСҰ басшысына Қазақстанның жетекші медициналық университетіне келгені үшін алғысын білдірді, деп жазады Тengrinews.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры лауазымына екінші мерзімге сайлануыңызбен құттықтаймыз. Пандемияның алғашқы күндерінен бастап ДДСҰ мүше мемлекеттерге қолдау көрсетіп келеді. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы сізбен онлайн кездесуінде және ДДСҰ ассамблеясында сөйлеген сөзінде пандемия кезінде Қазақстанға көрсеткен көмегіңізді жоғары бағалайтынын айтқан. Ол кезде мен денсаулық сақтау вице-министрі болып жұмыс істедім, сізге және сіздің ұжымға алғысымды қабыл алыңыздар", - деді ҚазҰМУ ректоры.

Медициналық университеттің баспасөз қызметі мәліметінше, бұған дейін ДДСҰ басшысы қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесті.

Айдары: Найзағай 03.08.2022 43

Қатысты мазмұн