БҰҰ-ның он жылға кешіккен шешімі. Бұл жарық күнді Шәріп Құрақбаев көрмеді

none

Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) Адам құқықтары жөніндегі комитеті «Дат» газетін құрушы Шәріп Құрақбаевтың журналистік құқығының бұзылғаны жөнінде шешім шығарды. Бірақ журналист бұл шешімді көре алмай кетті. Ол осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған.

Шәріп Құрақбаевтың құқығы бұзылғаны жөніндегі шешім 90-жылдардың соңында сот шешімімен жабылған «Дат» газетіне қатысты емес. Бұл шешім Ш.Құрақбаев басшылық жасаған «Правда Казахстана» газетінінің жабылуына қатысты шығарылған. 2013 жылы Қазақстан соты Ш.Құрақбаев басқарған оппозициялық «Правда Казахстана» басылымының жұмысын «БАҚ-ты тіркеу туралы куәлігінде кеткен қателікті түзеу» талабымен үш айға тоқтатты. Осыған байланысты Ш.Құрақбаев Қазақстандағы сот инстанцияларынан өтіп, арызы қанағаттандырылмаған соң БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым түсірген. 2021 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінен жауап келді. Комитет «2013 жылы Қазақстан билігі Шәріп Құрақбаевтың сөз бостандығы құқығын негізсіз шектеді» деп таныды.

БҰҰ-ның шешімінде Ш.Құрақбаевқа қатысты Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабы бұзылғаны айтылған. Шәріп Құрақбаевтың осыдан үш жыл бұрын дүние салғанын ескере отырып, кеш те болса, халықаралық құқықтық норма талабын қалпына келтіру керек. Ол үшін БҰҰ-на мүше мемлекет «Құрақбаев мырзаның жесірі Райхан Сәбдікеноваға қажетті көлемде өтемақы беруге міндетті, Құрақбаев мырза төлеген әкімшілік айыппұлдар мен сот шығындарын да өтеуі тиіс. Сонымен бірге мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбас үшін қажетті шаралардың барлығын жасауы тиіс. Комитет Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің 2-бабына сәйкес, қатысушы мемлекет өз заңнамасын қайта қарауы тиіс екенін еске салады. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің талабы бойынша, Қазақстан билігі шешімде көрсетілген мәселеге қатысты қандай шара жасағанын комитетке 180 күн ішінде хабарлауы тиіс.

Тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбаев мен оның отбасының құқығы бұған дейін де бұзылған. Шәріп Құрақбаевй «Дат» газетін басқарып тұрған тұста сол кездегі ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың айтақтауымен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басшысы Ерлан Сатыбалдиев басылымды сотқа берген. Сот «Дат» газетіне - 35 млн теңге, Шәріп Құрақбайға 5 млн теңге айыппұл салды. Соның кесірінен айыппұлды төлеуге мүмкіндігі жоқ «Дат» газеті банкрот болып жабылды, ал Шәріп Құрақбайдың екі бөлмелі ескі пәтері арестке қойылды. Дегенмен, бұл проблема бірнеше жылдан кейін оң шешімін тапты. Заман өзгерді - билікті тастап, оппозициялық алаңға өткен Алтынбек Сәрсенбаевтың ар-ұятына Шәріп Құрақбаев салмақ салып сөз айтқан соң, ол Е.Сатыбалдиевке телефон соғып «сотқа берген талабыңнан бас тарт» деп тапсырма берді. Содан кейін ғана Ш.Құрақбаевтың отбасымен тұрып жатқан екі бөлмелі пәтері кепілдемелік құрсаудан босатылған.

Берік Мыңжасар

Айдары: Текемет 08.12.2021 88

Қатысты мазмұн