«Біздің таңдау» кие мен күйені ажырата алмай жүр

none

Саясат алаңына ақсақ үйрекше әнтек басып қайта шыққан Болат Әбілев өзінің бұрынғы принципіне қайшы әрекет жасап жатыр. Ол өзінің бұрынғы істері уақыт өте келе ұмытылды деп санайтын секілді. Оның соңғы кездегісінің бәрі арзан пиарға құрылған, жалғасы жоқ декларативті мәлімдеме аясынан шықпайды.

Кезінде саясатпен қош айтысып кеткен, бірақ халықтың назарынан тыс қалдым деп «саяси реанимациядан» шыққан Болат Әбілев өзінің бар екенін тағы да көрсетуге амал жасады. 6 шілдеде Назарбаевтың есімімен байланыстырылатын Астана күнінде қайтадан популистік ұсыныс жасады.

«Осыдан тура алты ай бұрын қанды қаңтар оқиғасы болды. Бүгін әріптестеріммен бірге Тәуелсіздік монументіне келіп, «Қаңтар-2022» құрбандарын еске алып, тағзым еттік. Қасіретті қаңтар құрбандарына арналған ескерткіштің макетін алып келдік. Бұл BIZDIÑ TAÑDAU партиясының идеясы» - деп жазды кәсіпкер өзінің Фейбуктегі парақшасында.

Жоба бойынша ескерткіштің қақ ортасында ту ұстап тұрған – Берік Әбішев, ал жанындағы адамдар оқиға кезінде қаза болған балаларды бейнелейді. Оның ар жағында 6 қаңтарда кешке Республика алаңына шыққан "Қарапайым халықпыз, террорист емеспiз" деп ұзын баннерге жазып алған халық тұр. Тақтатасқа қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың тізімі жазылмақ.

Жоба авторының сөзі бойынша, ескерткіш композицияснда екі түрлі түсті металл қолданылады. Осының өзінен-ақ ескерткіштің эстетикалық мазмұны былығып кеткенін байқау қиын емес, оны келешек ұрпақ өнер туындысы ретінде қарамайды.

Өнер, оның ішінде мүсін өнері мәңгілік мазмұнда болу керек. Ал Әбілев ұсынып отырған жоба халық аузында айтылып жүретін ең нашар фольклорға ұқсайды. Сонымен қатар, ескерткішке өнердің көзімен қарамағаны, мезеттік саяси жобаны жүзеге асыруды көздегені байқалады. Мұндай ескерткіштер Совет Одағы тұсында миллиондап құйылды, әрбір ауыл орталығына орнатылды. Қазір олар қайда? Әрине, бұзылды, тарихтың күресініне лақтырылды. Себебі, оның бәрі өнер туындысына жатпайтын, советтік идеологияның ығына жығылып жасай салған дүние-тұғын.

Бұған дейін 16 мамырда Болат Әбілев Bizdin Tandau деп аталатын өзінің партиясын құратынын мәлімдеген еді. Партияның жоспарында «Самұрық-Қазына» қорын тарату, Қазақстанды ЕАЭО және ҰҚШҰ мүшелігінен шығару, ел мен астана атауын сәйкесінше Қазақия және Алаш Орда деп өзгерту бойынша референдум өткізуге бастамашылық ету, 1930 жылғы ашаршылық, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, Қанды қаңтар оқиғасы және Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевқа жасалған саяси қастандықты тергеп-тексеру бар деп көрсеткен еді. Бұл жоспардағы көп нәрсе – ретроспективалы.

Кеше Болат Әбілев Алматыдағы Назарбаев даңғылын Қаңтар көшесі деп қайта атау туралы 13 ақпандағы митингіде алға қойған талабын тағы да қайталады. Бұл оның бұрынғы жасаған тірлігіне қайшы. Оқырманның есінде шығар, Болат Әбілевтің табысты бизнесмен болып қазақ қоғамына танылуы Назарбаевтар әулетімен тікелей байланысты. Кейбір мәліметте Болат Әбілевтің Сара Назарбаевамен туыстығы айтылады.

Сонымен қатар, 90-жылдардың ортасында бизнесмен Болат Әбілев аукционда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламсабын 20 мың долларға сатып алған. Бұл сол кезде орасап көп ақша еді. Ол қаламсапқа қалталы бизнесмендердің бәрі таласты, бірақ аукционда Әбілев жеңіске жетті. Осыдан кейін-ақ Болат Әбілевтің тасы өрге домалады, «Нұр Отан» партиясының белсендісі болып шыға келді. Кейін оппозиция алаңына өткенін, оның бұл әрекеті биліктің аса маңызды тапсырмасы екенін білеміз. Дегенмен, Болат Әбілев «халықтың жады қысқа, ұмытшақ» деп қате түсінетін секілді. Ол бұрын өзі кие санаған дүниенің бәріне күйе жағып барады.

Кеше тұщымды бірдеңе айтатын шығар деп құлағын түрген жұрт кезекті фрустрацияға ұшырады. Болат Әбілев Қаңтар оқиғасы кезінде қан жұтқан елімізде проблеманың бәрі шешілгендей, ескерткіш орнату мен жер атауын өзгерту секілді популистік мәлімдемеден басқа ештеңе ұсынбады. Елдегі жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық, білім сапасының төмендігі, халықтың тіршілік сапасының бұрынғыдан да нашарлауы сияқты әлеуметтік маңызы бар мәселелер оған қызық емес. Себебі мұндай бағдарламалар ұсыну үшін көз майын тауысып көп жұмыс істеу керек, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға ауқымды сараптама жасау керек. Мұндай шаруаны салиқалы-сабырлы адам ғана жасай алады, жеңілтектің қолынан келетін іс емес. Содан болса керек, Болат Әбілев тағы популистік мәлімдемеден аспай, «ананың атауын, мынаның атауын өзгерту керек» деп дабыра қылып жүр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 07.07.2022 61

Қатысты мазмұн