Бір күнде 2,8 мыңнан астам науқас тіркелді

none

Сенбі, 10 сәуірде Қазақстанда 2842 адамның анализінен коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Республика бойынша тіркелген науқастардың мыңнан астамы Алматы қаласы мен облысының үлесінде.

Коронавирус науқастарының жалпы саны жөнінен бірінші орында тұрған Алматыда бір күнде 709 науқас тіркелген. Қалада 9 сәуірде 715, 8 сәуірде 717 науқас анықталған еді. Қаланы қоршай орналасқан Алматы облысында – 355 науқас. Екеуін қосқанда Covid инфекциясы бір ғана күннің ішінде 1064 адамнан анықталған болады. Бұл – республика көрсеткішінің 37,4 пайызы.

Екінші орында тұрған Нұр-Сұлтанда Covid жұқтырғаны расталғандар қатарына 591 адам қосылған. Бұл – індет басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Осыған дейінгі рекорд 7 сәуірде орнаған. Ол күні 578 науқас шыққан. Ақмола облысында коронавирус 103 адамның анализінен анықталды.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысында 210, Ақтөбе облысында 202 науқас, Атырау облысында 131, Батыс Қазақстан облысында 127 науқас тіркеліп отыр. Қалған аймақтарда бір күнде анықталған науқас саны жүзге жетпейді. Ең төменгі көрсеткіш – Түркістан облысында. Онда тәулік ішінде 24 адамның ПТР тесті оң шыққан.

Бір күнде коронавирус жұқтырғаны расталғандар арасында 1222 адам жазылып шыққан.

Елде індет басталғалы барлығы 269 519 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның 234 мыңы жазылып шыққан, 3221-і қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген адамдар кірмейді. Үкімет бұл деректі жүйелі түрде жаңартпайды, тек журналистер сауал жолдағанда ғана жауап береді. Азаттықтың кейінгі сауалына денсаулық сақтау министрлігі әлі жауап бермеді.

1 сәуір күні Qazaq Times басылымы осы мекемеге сілтей отырып, 2020 жылғы 1 наурыздан бастап 2021 жылғы 29 наурызға дейін коронавирус жұқтырғаны анықталған 1619 адамның "өзге аурудан қайтыс болғанын" хабарлады.

Қазақстан үкіметі былтыр тамыздан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. Содан бері елде барлығы 51 362 адам пневмонияның осы түрімен тіркелген. Оның 727-сі қайтыс болған. Бұл дерек коронавирустың ресми статистикасынан бөлек жүргізіледі. Бірақ халықаралық ұйымдар Қазақстанның бұл екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр.

Мамандар үкімет бұл деректі кеш жүргізе бастады деп санайды. Былтыр маусым, шілде айларында пневмония күрт өршіп, шілденің басындағы бір аптаның ішінде 56 809 науқас тіркелген. Оның 39 702-сінде ауру белгілері коронавирусқа ұқсаған. Үкімет бұлардың бірде-бірін коронавирус статистикасына қоспады.

Үкімет те, сарапшылар да Қазақстанда вакциналаудың баяу жүріп жатқанын айтады. 10 сәуірдегі мәлімет бойынша, елде 282 мың адам "Спутник V" екпесінің бірінші дозасын алса, 103 мың адам екі дозасын да алған. Коронавирусқа қарсы өзге вакциналар секілді "Спутник V" екпесі де екі дозадан тұрады. Екіншісі біріншісінен кейін 21 күн өткенде салынады.

Айдары: Найзағай 11.04.2021 23

Қатысты мазмұн