Бибабо. «Мамай жобасының» келешегі бар ма?

none

Мамай биліктің жобасы екеніне күмән жоқ. Ол күн сайын әшкере болып жатыр. Оппозицияға деген халықтың азғантай сенімім Мамай тас-талқан етті. Ол жоғарыдан берілген саяси тапсырманы орындаймын деп жанығып бәрін бүлдірді. Жанболат Мамайдың кесірлі ісінен кейін оппозиция жөнінде сөз айта қалсаң, бірден ақшаға құныққан, билікпен ауыз жаласқан, азаматтық позициясы жоқ, демократиялық принциптен жұрдай саяси алаяқтар еске түсетін болды.

Жанболаттың қазақ мүддесі үшін жаны шығып кете жаздайтындай кейіп танытады. Мұнысы - өтірік. Мысалы, Шыжаңда туыстары қамалып, екіге айырылып қалған қандастарымыз қанша рет Қытай елшілігіне барып наразылық білдірді. Ал Мамай қандастардың қасына барып қатарға тұрмай, бұл мәселеде төбе көрсетпей кетті. Ол интернетте қандастар проблемасы жөнінде пікір білдіргенсумен ғана шектеліп жүр. Себебі, Мамай - саяси жоба, биліктен «қандастарға қолдау білдіруге күшіңді сал» деген тапсырма оған түскен жоқ. Есесіне, ол биліктен басқа тапсырма алған, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген принциппен төрт-бес адамның басын қосып, тұрақты шоуға айналып кеткен митингсымақтарын өткізіп жүр. Шын ұлтшыл, халықшыл адам Мамай секілді арзан саяси қойылымдарға бармайды. Сондықтан оны қолдан саясаткер жасап, саяси алаңда тайраңдатып қойғандар Мамайды әлі де алдағы саяси науқандарда пайдаланудан үмітті.

Мамайдың ісін қадағалап отырғанқоғам белсендісі Ержан Тұрғымбай «Мамай шут гороховый, нағыз популист, елдегі көкейкесті мәселелерді көтерген емес. Аңқау елге арамза молда дегендей, осындай шолақ белсенділерді халыққа саясаткер ретінде көрсетіп отыр... Мамай Амантай қажының жетілдірілген түрі» деген еді.

Жанболат Мамайдың саясаттағы рөлі тек оппозицияны ішіне іріткі салып, қирату ғана емес. Билік Мамай арқылы шетелден келетін гранттарды бақылап-басқарып отыр. Шетелдік гранттар нағыз оппозицияның қолына тимеуі үшін билік Мамайды белсенді оппозиция ретінде көрсетіп, гранттарды Жанболат жаққа бұруға мүмкін жағдайдың бәрін жасап отыр. Қолма-қол қаржы түріндегі шетелдік гранттар шашау шықпай бірден Мамайдың уысына келіп түсіп жатыр.

Осыдан біраз уақыт бұрын Жанболат АҚШ елшілігі өкілдерімен әмпей-жәмпей бола қалды. Сөйтсек, АҚШ үкіметі оның қолына 1,7 миллион доллардың грантын ұстата салыпты. Әрине, ақшаның бәрі Жанболаттың жанқалтасында қалмайды. Ол бұл қаржының біраз бөлігін қоғам белсенділеріне таратып береді. Осылайша билік шетелден келетін грантты кімге беруді немесе бермеуді Мамай арқылы бақылайды. Ал шынайы, белсенді азаматтар, нағыз оппозиция өздерінің қоғамдық қызметін қаржыландыра алмай сырттап қалып қойды, өлместің күнін көріп жүр.

Мамайдың қу түлкідей айла-шарғысына, арами саяси ойынына оның әйелі Инга Иманбай да қолқабыс жасайды. Ол сөз бостандығы жөнінде ұран көтеріп, адам құқықтарын қорғау бюросынан грант алып отыр. Оны биліктің қысымына ұшырап жатқан ақпарат құралдарының проблемасы тіпті қызықтырмайды: «күл болмаса, бүл болсын». Демократияның атын жамылып алған ерлі-зайыпты екеу осылайша «бір оқпен екі қоянды атып», жұрттың бәрін алдап соғып, саясатты отбасылық бизнеске айналдырып алғанына мәз.

Қытай қазақтарының қамқоршысы, ұлтшыл патриот Серікжан Біләш «Мамай деген маймыл – Қазақстанда демократия бар деп батысты алдауға арналған, қолдан жасалған клоун. Өтірік ұлтшыл болып қазақтың миын ашытып жүр» деп бекер айтпаса керек.

Жанболат Мамай мен Инга Иманбай сандырақ ұрандарды көп айтады. Мысалы, азаматтардың банктен алған кредиттері кешірілсін деп сайрағанына екі жылдай болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Нәтиже болмайды да. Өйткені, бұл - таза сандырақ, жүзеге аса қоймайтын мәселе. Оларда жөндем идея жоқ, әр шаруаның басын шалып, жұрттың миын ашытататын іспен шұғылданып жүр. Әрине, мұның соңы жақсылықпен бітпейді. Күндердің күнінде Мамайға алданғанын түсінген халық одан іргесін аулақ салып, оппозицияға деген сенімін туалай жоғалтады. Сонда Мамай көрермені кетіп қалған цирк аренасында қалып қойған клоунның күйін кешеді. Мамай жобасының соңы осылай аяқталады.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 19.10.2021 220

Қатысты мазмұн