Баспанаға мұқтаж отбасылардың проблемасын қалай шешуге болады

none

Бұрын түрлі деңгейдегі әкім болған, ауылшаруашылық саласында жауапты қызметтер атқарған Ислам Әбішев өзінің көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді шешудің тез әрі тиімді жолын ұсынды. Оның ойынша, 3 жыл ішінде 200 мыңнан астам отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жеті жылға жасаған жоспарында 46 мың ғана пәтер салу көзделген.

Үкіметтің әлеуметтік өткір проблеманы шешу жолын сараптаған бастамашыл топтың жетекшісі Ислам Әбішев төмендегідей қорытындыға келіпті. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2019 жылғы 6 мамырдағы дерегіне сәйкес (ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты), 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғын үйге мұқтаж 487 мың отбасы кезекте тұр, олардың ішінде 220 мың отбасы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, оның 31,7 мыңы – көп балалы отбасы. Мына кестеде әлеуметтік осал топтар үшін салынатын баспана мен инфрақұрылымға бюджеттен қандай қаражат бөлінетіні көрсетілген.

text

Кестеден көріп отырғанымыздай, бюджеттен жыл сайын 657,0 млрд. теңге бөлініп, жоба қаражаты 7 жыл ішінде 4 триллион 365,0 млрд теңгені құрайды. Ал әлеуметтік осал отбасыларға арнап 7 жыл ішінде бар болғаны 46 мың пәтер салмақшы. Бұл проблеманы шешпейді. Қазір кезекте тұрған 487 мың отбасының 441 мыңы, оның ішінде 174 мың әлеуметтік жағдайы нашар отбасының баспана мәселесі сол күйінде шешілмей қалайын деп тұр.

Бастамашыл топ жетекшісінің есептеуінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жасаған жоспары дәл емес. Шынтуайтында, жоспарда көрсетілген жұмыс көлеміне (46,0 мың пәтер салу, ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, жергілікті санаттағы 5000,0 км жолды жөндеуге, салынып жатқан тұрғын үйлік алаптарға инженерлік коммуникациялық желілер тартуға) кететін шығын 1,0 трлн теңгеден аспайды. Сонда қалған 3 триллион 365 миллиард теңге - артық жоспарланған қаражат.

Бастамашыл топ бұл жобаны былайша жүзеге асыруды ұсынады. Мысалы, 5 жыл ішінде 1,4 трлн теңгені тұрғын үй салуға жұмсап, кезекте тұрған 487,0 мың отбасынының барлығын пәтермен қамтамасыз етуге болады. Ал оның алғашқы 3 жылында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 220 мың отбасыға пәтер беріледі.

Әлеуметтік бағдарлама бойынша салынатын барлық тұрғын үйлік алаптарға инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге 600,0 млрд теңге жұмсау қажет. Сөйтіп, жобаны 5 жылда атқарып шығуға болады.

Ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін 3 жыл жеткілікті. Оған 320,0 млрд теңге кетеді. Ал 5000,0 км жергілікті автомобиль жолдарын жөндеуге 3 жылда 300,0 млрд теңге жұмсалады.

Үкімет жобасынан үнемделген 1 триллион 745 млрд теңгені басқа өзекті проблемаларды шешуге жұмсау қажет. Бұл – бюджет шығынының тек төрт бағыты бойынша ғана үнемдеуге болатын қаражат. Осылайша басқа ірі жобалардан көп қаражат үнемдеп, оны тиімді пайдалануға болады.

text

Бастамашыл топ жеткешісі Ислам Әбішевтің жасаған есеп-қисабы негізсіз емес. Ол шаруашылықтың қыр-сырын жақсы білетін маман. Мемлекеттік басшы қызметтер атқарып жүргенде ол ел игілігіне адал екенін талай рет дәлелдеді. Ислам Әбішев 2000-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданына әкім болған. Аудан тұрғындары әлі күнге дейін оны шаруашылықтың қыр-сырын жақсы білетін, халыққа адал қызмет еткен әкім деп бағалайды. Кейін ол облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін (2002-2009) атқарды. Облыс халқы да Ислам Әбішевтің жасаған қызметіне дән риза. Бұдан кейін ол Өскемен қаласының әкімі болды. Қаланың тозығы жеткен жолын жаңартып, жылда болатын су тасқыны қаупін сейілтті. Шаруаның көзін табатын еңбекқор басшының ел дамуына қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Ол талай мәрте Елбасының алғысын және мемлекеттен марапат алды.

Ислам Әбішев 2012-2013 жылдары Су ресурстары комитеті төрағасы қызметін атқарған тұста 2012 жылдың қорытындысы бойынша 300,0 млрд теңге үнемдеді. Оның бұл ісі қазынаға емініп отырған кейбір жемқорларға жақпаған сияқты. Сондықтан комитет төрағасының үстінен домалақ арыздар жазылды, жаппай тексеру басталды. Нәтижесінде, Ислам Әбішев комитет төрағалығынан шеттетіліп, 9 ай жұмыссыз жүрді. Тексеру кезінде комитет жұмысынан заң бұзушылық табылмады.

Жөнсіз қысымға ұшыраған Ислам Әбіш қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол үкімет дайындап жатқан «ҚР Су ресурстарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» балама, одан үш есе арзан, есесіне жасалатын жұмыс көлемі ауқымды жоба ұсынды. Осы жобаға көңілі толған Елбасы Ислам Әбішевті шақырып алып, Су ресурстары комитетіне қайтадан басшы етіп тағайындады.

text

Комитет басшылығына қайта оралған Ислам Әбішев елімізді суландырудың мемлекеттік кешенді бағдарламасын қабылдатты, шаруаны тиімді атқарып, бюджеттің триллионнан астам қаржысын үнемдеді, өзін білікті менеджер ретінде көрсете білді. Мысалы, Су ресурстары комитеті 2015-2016 жылдар арлығында мемлекет бөлген 1,5 триллион теңгенің 1 триллионға жуығын үнемдеді. 2017-2018 жылы И.Әбішев және оның командасы халықты ауыз сумен қамту бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама бойынша 640 млрд теңге үнемдеу көзделді. Бірақ шаруаның көзін табатын төрағаның үнемшілдігі халық қазынасын оңды-солды шашып, ішіп-жеуге әбден әдеттеніп қалған жемқорларға тағы ұнамаған сияқты. Олар тағы да арызды қарша боратты. Сондықтан Су ресурстары комитеті тексеруден бас ашқан емес. Нәтижесінде Ислам Әбішті тағы да негізсіз сотқа тартып отыр...

Осы оқиғаны айта келе, Ислам Әбішев пен бастамашы топтың әлеуметтік жағынан осал қорғалған отбасылар проблемасын кешенді шешу жөніндегі ұсынысы жан-жақты зерттелген, есеп-қисабы дәл бағдарлама деп айтуға болады. Ол шаруаның қыр-сырын жақсы білетін, ұйымдастыру қабілеті жоғары менеджер екенін бұған дейін талай рет дәлелдеді. Сондықтан Ислам Әбішевті қудалауды тоқтатып, оның үй кезегінде тұрған жарты миллионға жуық отбасының (оның ішінде жағдайы нашар 220 мың отбасының) баспана мәселесін тиімді шешу бағдарламасын іске қосу өзекті болып тұр.

Ерасыл Бердібек

Айдары: Дүрбі 12.08.2019 3

Қатысты мазмұн