Бас мүфти журналистерге қарсы 95 «ақсақалды» айдап салмақшы

none

Бір жылдан бері қатты сынға ұшыраған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпенов қоғам санитарларына – журналистерге қарсы кезекті құйтырқы әрекет бастады. Ол өзін және мүфтияттың жұмысын сынаған журналистердің «аузын жабу үшін», олардың үстінен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арызданбақшы. Сөз бостандығын тұқырту жөніндегі арызға «мүйізі қарағайдай» 100-ге жуық «ақсақал» қол қоюы тиіс.

«Елге белгілі, жергілікті билік пен халық арасында сөзі өтімді, ертең әртүрлі ортада ҚМДБ-ның жанашыры болатын» «ақсақалдарды» іріктеудің критерийі ҚМДБ аппарат басшысы Г.Мәжиевтің бас имамдарға жолдаған құпия хатында айтылған.

text

Әрбір бас имам өзінің діни уағыз жазирасында (аймағында) өмір сүретін 60 жастан асқан 5 «ақсақалдың» тізімін жіберу керек. Алғашқы тапсырма 2021 жылдың 29 желтоқсанында жіберілген. Дегенмен, «Қаңтар қырғыны» мүфтияттың бұл ісіне кедергі болды. Оның үстіне, кейбір бас имамдар жіберген «ақсақалдар» тізімі «мүйізі қарағайдайдың» критерийіне сай емес болып шықты. Имамдарға жолданған екінші құпия хатта олардың қадір-касиеті былайша сипатталған: «Облыс тұрғындары мен қоғам арасында танымалдыққа ие емес, тек мешіт жамағаттары танитын ақсақалдар». Сондықтан ҚМДБ-ның аппарат басшысы Г.Мәжиев тапсырманы қайтадан нақтылап, «ақсақал» деп ауыз толтырып айтуға келетін критерийдің нұсқасын жолдады. Олардың Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Өмірзақ Озғанбаев секілді академик, профессор ғылыми атағы және мемлекеттік наградалары болуы тиіс. Мүфтиятқа «ауылдағының аузы сасық» болып тұр.

text

Мұфтияттың жоспары бойынша 19 бас имам «мүйізі қарағайдай» 5 «ақсақалды» жерден қазып алса да табуы тиіс. Сонда діндар емес және мешіт жамағатына қатысы жоқ 95 «ақсақалдың» мүфтиятқа не қажеті бар? «Ақсақалдар» дін мәселесіне қатысты ақыл-кеңес беретін дінтанушылар емес. Бас мүфтиге діни кеңес беретін ҚМДБ жанынан құрылған «Ғұламалар кеңесі» бар. Оның сыртында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитеті бұл салаға бағыт бағдар беріп отыр. Мүфтияттың «Ақсақалдар кеңесін» құруының астарында қандай гәп жатыр? Сөйтсек, гәп мынада екен.

text

Мүфтияттың маңында жүрген құпия дереккөздің мәліметінше, «ҚМДБ-ға жанашыр» 95 ақсақалдың ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жазатын арыз-хатының мәтіні дайын тұр. Хатта «асыл дініміздің қарашаңырағы мүфтиятты және Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретті жөнсіз қаралау етек алып кеткенін жалпылама сипаттай келіп, «дініміздің жауларын ауыздықтау» мәселесі айтылған. Президентке жолданатын осы хаттың соңына 7 ақпанға дейін жасақталуға тиіс 95 «ақсақалдың» тізімі тіркеледі.

Бас мүфти Наурызбай Өтпенов өзіне және мүфтият жұмысына байланысты нақты фактілермен мақала жариялаған БАҚ-ты ауыздықтау үшін бұған дейін де бірнеше мәрте құйтырқы әрекетке барды. ҚМДБ заңгері Бас мүфтидің арабшасы шала екенін, Құранды қате оқитынын және «Зекет» қорының ақшасын талан-таражға салып жатқанын, мүфтияттағы жемқорлық туралы жазған оншақты сайтты «сотқа береміз» деп қоқан-лоққы жасаған. Осы тақырыпты зерттеп жүрген журналистерге наиб мүфти мен бас имамдар Бас мүфтидің «өтінішін» жеткізді. Бірақ, шындық үшін шырылдап жүрген журналистер ақиқатты айналып өтуге дәті шыдамады – фактінің аты – факті, оны қоқысқа лақтырып жібергенді Құдай кешірмейді...

Былтыр күзде Бас мүфти мен мүфтиятты сынай беретін журналистердің «екі аяғын бір етікке тыққызуды» мақсат тұтып Бас мүфти Наурызбай Өтпенов ҚР Президентінің қабылдауына жазылған. Бірақ оны Тоқаев қабылдамай қойды. Тіпті, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында жұртқа таратылған мың сан орден-медаль Наурызбай Өтпеновке бұйырмады. Бұл саяси биліктің біраз нәрсе бүлдірген Науырзбай Өтпеновке және ол жекедара билеп отырған ҚМДБ-ға тоңтеріс екенін байқатты. Сондықтан, «тіміскі» журналистерді ауыздықтау жөнінде жазылатын хат авторларының тізімі мүфтиятқа және мешіт жамағатына қатысы жоқ «қоғам және мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінен" жасақталып жатыр. Осылайша, ҚМДБ және Бас мүфти зиялы қауымнан Сөз бостандығын тұншықтыратын зиянкес қолбала жасап, «косякқа» тығып жібермек. Мүфтияттың «ақсақал» деген атына малданып, Президентке жолданатын хатқа қол қойғандарды қалайша «зиялы» деп атаймыз?!

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 05.02.2022 1049

Қатысты мазмұн