БАҚ: Ауғанстаннан Тәжікстанға қарай бірнеше зымыран ұшырылған

none

Ауғанстанның ақпарат құралдары ауған жақтан Тәжікстанға қарай зымырандар ұшырылғанын хабарлады. Тәжікстан билігі әзірге ақпаратты растаған жоқ, терістемеді де.

Aamaj News агенттігі 7 мамыр кешке зымырандар Тахор провинциясының Хожа Гар ауданынан ұшырылғанын жазды. Басылымның жазуынша, "жағдай әлі тұрақталмаған".

Аталған агенттікке сүйенген өзге де ақпарат құралдары Тәжікстанға қарай 2-7 зымыран ұшырылғанын хабарлады.

Тәжікстанның құқық қорғау органдарындағы дереккөз Азаттықтың Тәжік қызметіне іргедегі тараптан ешқандай соққы болмағанын айтқан.

Ауған ақпарат құралдарының жазуынша, тәжік тарабын атқылаған Toyota маркілі көлік тәжік шекарашылары қайтара оқ атқаннан кейін өртенген. Бірақ шабуылдаушылар зардап шекпеген.

Әзірге бірде-бір топ шабуылды мойнына алған жоқ, алайда кейбір бақылаушылар шабуылды "Джундулла" немесе ДАИШ сияқты терррористік топтармен байланыстырады.

Ауғанстанның Тахор провинциясындағы Хожа Гар ауданы Тәжікстанның Хатлон облысы Фархор және Панжа аудандарымен шектеседі. Азаттықтың Тәжік қызметінің милициядағы дереккөздері әзірге атқылау жөнінде ақпарат жоғын айтқан.

Әлеуметтік желілерде ауған қолданушылары "Тәжікстанға түскен зымырандар орны" туралы суреттер жариялады. Бірақ олардың түпнұсқалығын анықтау мүмкін болмады.

Осыған дейін Ауғанстан жағынан түркімен шекарашыларына да шабуыл жасалғаны туралы ақпарат болған. Сәуір айында өзбектің Термез қаласы атқылауға ұшырады. Термез қаласына шабуылды ИМ тобы мойнына алған. "Талибан" мен Өзбекстанның ресми тұлғалары шабуыл жайлы хабарламаны теріске шығарды.

Тәліптер былтыр тамыз айында Кабулды басып алған. Көрші елдер, оның ішінде Тәжікстан тәліптер үкіметі тұсында экстремистік топтардың жандануына алаңдаушылық білдірген. Тәліптер жағдай бақылауда екенін айтып келеді.

Айдары: Найзағай 08.05.2022 71

Қатысты мазмұн