Байден бұрынғы Ресей елшісін ЦРУ басшысы етіп тағайындайды

none

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден мемлекеттік хатшының бұрынғы орынбасары, АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Уильям Бернсті орталық барлау қызметінің (ЦРУ) басшысы етіп тағайындайды.

Уильям Бернс 30 жылдан астам уақыт дипломатия саласында жоғары лауазымды түрлі қызмет атқарған. Барак Обама тұсында мемлекеттік хатшының орынбасары болды. 2005-2008 жылдары республикашыл Джордж Буш әкімшілігі кезінде АҚШ-тың Ресейдегі елшісі атанды. Бернс оған дейін де 90-жылдары Мәскеудегі Америка елшілігінде істеген.

2015 жылы отставкаға кеткеннен кейін ықпалды үкіметтік емес ұйым - Карнеги қорын басқарды.

Уильям Бернс Ресей мен Таяу Шығыс елдері бойынша да сарапшы. Орыс тілінде сөйлейді. Жақында Ресейде оның "Жасырын күштер. Америка дипломатиясының қыр-сыры" атты мемуары жарық көрді. Кітаптағы бірнеше бөлім Ресей мен Ресей-АҚШ қарым-қатынасына арналған. Бернстің әріптестері кітапқа жоғары баға берді.

Берн сонымен бірге Ресей туралы бірқатар сараптама сипатындағы мақалалар авторы. Оның 2006 жылғы Рамзан Қадыровты сынаған "Шешен жазбалары" атты еңбегі WikiLeaks-тің арқасында көпке танылды.

Айдары: Найзағай 12.01.2021 15

Қатысты мазмұн