Байбек Мамайды сотқа бермек

none

Байбекті жемқор деп айыптайтын фильм түсіріп, сол арқылы халықтың назарын өзіне аударып, ұпай жинамақ болған Мамайдың әрекеті сәтсіз аяқталды. Атының өзі айтып тұрғандай, күмәнді мәлімет тарататын Uzun Qulaq телеграм-каналының ақпарына жерден жеті қоян тапқандай қуанған ол оңбай сүрінген сияқты. Бауыржан Байбек Мамайды «сауатсыз заңгер», «саяси мәйіт» деп атап, сотқа беретінін хабарлады.

«Жасы 30-дан сәл асқан және менің естуімше, өте жақсы оқыған Жанболат Мамай өзінің сөзін журналистік зерттеу деп атайды. Кез келген докторлық жұмыс сияқты онда сілтемелер де бар, бірақ мұның бәрі бір дереккөз - Uzun Qulaq фейк телеграм-каналға негізделген. Оның контентін талдайтын болсаңыз, бұл - Конституцияға қарсы іс-әрекет, әлеуметтік араздықты қоздыру, қоғамымызда хаос пен алауыздық туғызу амалы», - деді ол.

Экс-әкім Байбектің сөзіне құлақ салсақ: «...бұл шартты түрдегі саяси қайраткер жалған нәрсеге негізделіп, яғни оны тексерместен мәлімдеме жасаған осындай бірінші жағдай және ақырғысы да осы деп үміттенемін. Мамай мырза Үшінші рейх принциптерін басшылыққа алып отыр деп айтқым келеді. Нацистік идеологтардың бірі Йозеф Геббельс: «Өтірік қаншалықты сұмдық болса, оған соғұрлым қатты сенеді», - деп айтқан».

Алматы қаласының әкімі болған кезіндегі қызметіне қатысты басқа айыптауға ол былай деп жауап берді.

«... Жер тәркіленді деген түрлі айыптау бар. «Қазақфильмге» келетін болсақ, бұл 100 пайыз мемлекеттік кәсіпорын. Ол шамамен 17 гектар жерді алып жатыр. Жер әрқашан қаланың меншігінде болған. «Қазақфильм» ғимараты, екінші бөлігі – кино түсірілетін жасыл аймақ.

Сосын қалаға қаржы бөліп, этноауыл салу туралы өтініш келіп түсті. Бұл идея тікелей «Қазақфильм» басшылығынан болды. 5,5 гектар жерді сегменттеу туралы шешім қабылданды. Осыдан кейін техникалық-экономикалық негіздеме жасалды, мәдениет бөлімінің балансына берілді», - деді ол.

Мамайдың Байбекке таққан тағы бір айыбы – Көкжайлау жерін жеке меншік құрылыс салуға берілуіне қатысты.

Бұған экс-әкімнің берген жауабы мынадай: «Бұл мүлдем өтірік. Біріншіден, жоба аясында ағаштарды кесу ықтималдығы 17 есеге, 22 мыңнан 1280 ағашқа дейін қысқарды, ғимарат қысқарды, жоба құны төрт есеге азайды. Осы қысқартудың нәтижесінде біз 102 гектар жерді Іле Алатауына қайтардық, сонымен қатар бұрын Алматы облысына қараған бұл жерлерді қайта қарауға кірістік, содан кейін бес гектар жер жеке меншікте екенін анықтап, оны мемлекет меншігіне қайтардық... Тағы да айтамын, бұл қасиетті жер, онда жеке меншік жер болмау керек. Мен бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуы керек деп ойлаймын».

Мамай Алматының экс-әкімін Әл-Фараби даңғылының бойындағы бұрынғы алма бағының аумағын Esentai City құрылысына берді деп айыптады. Бұған Байбек «Мамай - патологиялық түрде мүлдем өтірік айтатын адам немесе бәрін жай ғана адастырып отыр» деді. Ол әл-Фараби даңғылына жақын жер жеке құрылымға тиесілі деп түсіндірді.

«Атакентке» келетін болсақ, 27 гектар жерді қала меншігіне қайтарып алдық. Менің ойымша, әкім қызметінен кеткен кезімде жер учаскелерінің иелері бұл жерлерді қайтару үшін осы өтірікті тарата бастады», - деді ол.

Мамайдың барлық айыптауына нақты жауап берген Байбек «Ол өзінің саяси мансабын жойды. Шындығында, бұл қазірдің өзінде ыдырап бара жатқан саяси мәйіт... Партияның кодексі мен жарғысына сәйкес, мен бүгін оны азаматтық және әкімшілік процессуалдық іс жүргізу аясында сотқа беремін деп ресми түрде айтамын...», - деді.

Айдары: Түтін 21.04.2021 57

Қатысты мазмұн