«Азаматтық баламаға» сенуге бола ма?

none

Сайлауда «барлық партияға қарсы дауыс берейік» деген позиция ұстанған «Азаматтық балама» бірлестігі шытынады. Бірлестіктің белді мүшесі болған танымал журналист Тоқтар Жақаш (суретте) әлеуметтік желіде жазба жариялап, Серікжан Мәмбеталин мен Тоғжан Қожалиеваның (суретте) күмәнді тірлік жасап жүргенін айтты. Жазбаға қарап отырып, «Азаматтық баламаның» әлдебір мүддені күйіттеп, астыртын саяси ойын салып жүргенін білуге болады.

«Азаматтық баламаның» аңсағаны не?

Бізде бір топ орыстілді азаматтардың сайлау қарсаңында «Азаматтық балама» деген платформа құрғанын білесіздер. Бұл бірлестіктің мақсаты мен міндеттерін білмек болып, Бекболат Тілеухановтың келіні Тоғжан Қожалиевадан сұқбат та алдым. Әу баста маған «Азаматтық баламаның» «барлық партияға қарсы дауыс берейік» деген ұстанымы біршама дұрыс сияқты көрінген. Соңғы саяси жағдайларды саралай келіп, бұл ойымның мүлдем қате екеніне көзім жетті!

Өйткені, «Азаматтық балама» белсенділерінің азаматтығының өзі күмәнді. Мысалы, Серікжан Есенғосұлы Ұлыбритания азаматы болса, Тоғжан Қожалиеваның көптеген уақыт Ресей компанияларында жұмыс істегені, тіпті, азаматтығының өзі күмәнді екені жайлы телеграм-каналдар жаза бастады. Былай қарағанда бұл жерде басы біріккен азаматтардың барлығы батыс көрген, сауатты, өте білімді қыз-жігіттер. Мысалы, платформаның ұйытқысы болып отырған Дастан Қадыржанов кезінде Сенат аппаратында төрағаның кеңесшісі болып қызмет атқарған. Сол кезде демократияға, ұлтқа көрсеткен қызметінен іліп алып, «міне, бүйткен екен!» дейтін ештеңе жоқ! Сондықтан, «Азаматтық балама» өздерінің «сауатын» қазақ халқын көгертуге арнамаған, жеке бастарының қамын ғана көздеген секілді. Бұл сөзімізге олардың «сайлауда барлық партияға қарсы дауыс береміз. Бірақ митингіге шығуға үгіттемейміз» деген мәлімдемесі дәлел. Саяси бір әрекетке шақыра отырып, сол әрекетті логикалық соңына жеткізетін саяси тағы бір әрекеттен тартынып қалу – сыпайылап айтқанда, реакцияшылдық. Электоральды науқан кезінде ел ішін әрі-сәрі күйге түсіру. Ал одан да қатты айтсақ – провокация! Егер, халықты барлық партияға қарсы дауыс бере отырып, сол көпшілікті митингке шақырмаса – бұл әлгі 5-6 адамның билік алдындағы саяси спекуляциясы немесе биліктің тапсырмасын орындаушы, билікпен ымыралас дегенді білдірмей ме? Революциялар атасы Лениннің «Революции в белых перчатках не делаются» дегені бар.

Екінші бір маңызды мәселені де ескеруіміз керек. Бізде сайлау науқаны жарияланғалы бері Ресейдің бірнеше саясаткері Қазақстанға қарай тас атты. Біздің тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді, территориялық тұтастығымызды мойындамайтынын ашық мәлімдеді. Бұл мәлімдемелердің астарында Кремльдің ашкөз, тойымсыз, империялық пиғылы жатқаны анық. «Азаматтық балама» мүшелерінің азаматтығына қатысты қаңқу әңгіменің көп екенін жоғарыда айтып өттік қой. Енді олардың «барлық партияға қарсы дауыс берейік!» деген ұраны Кремльдің осы мәлімдемесімен астасып жатқан секілді. Өйткені, Ресейге бірінші кезекте біздің биліктің, парламенттің «сайланбаған, заңсыз» билік ретінде, Қазақстанның «заңсыз мемлекет» ретінде мемлекеттігімізге қарсы көптеген саяси прецеденттердің молая түскені керек. Егер, «Азаматтық балама» мүшелері өздерінің әрекетін Кремльмен келіспеген болса, Никонов-Федоровтың мәлімдемесінен кейін басқаша стратегия ұстануы керек еді. Бірақ олар стратегия өзгертпек тұрмақ, насихаттарын орыстілді ортада күшейтіп жіберіпті.

Ал біз, қазақтілді қауым, айналамызға екі шоқып, бір қарауға тиіспіз. Анталаған жаудың ортасында әлдебір күмәнді жандарға еріп, мемлекетімізден айырылып қалмайық!

Қазақстан мәңгі жасасын! Қазақстан менің Отаным!

Тоқтар Жақаш,

журналист

Айдары: Түтін 06.01.2021 176

Қатысты мазмұн