Ауғанстаннан келген қазақтар бес облыстың бірінде қоныстана алады

none

Өткен аптада Ауғанстаннан эвакуацияланған 35 қазақ бес облыстың бірінде қоныстана алады. Бұлар: Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұл туралы Informburo сайты жазды.

Ақпаратқа қарағанда, Ауғанстаннан келген әрбір отбасына 204 мың теңгеден беріледі. Бұған қоса, бір жыл бойы ай сайын баспана жалдауға 87 мың 500 теңге қаржылай көмек көрсетіледі.

Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлының айтуынша, жоғарыда аталған жеңілдіктер Ауғанстан қазақтары аталған облыстарға қоныстанса ғана беріледі. Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет. ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан жәрдем сұраған 35 қазақты Ауғанстаннан атамекенге жеткізді

Бұған дейін олардың Алматыдағы қонақ үйлердің біріне орналасқаны хабарланған еді. Олар мұнда 24 қыркүйекке дейін болады. Соған дейін олар қай өңірге барып қоныстанатынын шешуі тиіс.

Билік дипломы барларына мамандығы бойынша жұмысқа тұруына көмектесетінін, білімі жоқтарды арнайы курста оқытуды жоспарлап отырғанын айтады.

"Барлық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазір министрлік тарапынан қай жерге ол кісілерді тұрақтандыратыны туралы жұмыс жүргізіліп жатыр" деді Данияр Әлкебайұлы.

9 қыркүйекте Қазақстан билігі Ауғанстаннан 35 қазақты Атамекеніне ұшақпен жеткізгенін хабарлаған.

Тәліптер басып алған Ауғанстанда әлі жүздеген қазақ қалған. Олар Қазақстанға көшкісі келетінін айтып, Нұр-Сұлтаннан жәрдем сұрап келеді.

Айдары: Найзағай 14.09.2021 209

Қатысты мазмұн