Атыраудың бас имамы мешіт мүлкін сатып жатыр. Неге?

none

ҚМДБ-ның Атырау облысындағы өкіл имамы Алтынбек Ұтысхан «Иманғали» мешітінің дүние-мүлкін сатып, сол ақшаға қаладан өзі тұратын үй алмақшы. Бас имамның бұл қылығына жергілікті молдалар наразы, бірақ «Құдайдың үйін неге талан-таражға салып жатырсың» деп тіке қарап сөз айтатын адам жоқ. Өзара күңкілдеп жасырын сөйлесетін олар өткен аптада Атырауда екі-үш күндік іссапармен барған ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына да А.Ұтысханның үстінен құпия арыздана алмады. Бас имам және оның «сенімді» молдалары хазіретті қаумалап алып, оның қасына бөтен ойлы адам жолатпады, әуежайға да оққағарларша оқшаулап алып барып, астанаға шығарып салды. Бұдан кейін өңірдің бас имамы емін-еркін әрекетке көшті.

Қазірдің өзінде «Иманғали мешітінің төрт автомашинасы – «Ford Mondeo», «Прадо» джип көлігі, жолаушылар таситын «Газель» және қорабы тентпен жабылған «Газель» сатылып кетті. Бас имамның өзі әкімдік берген джип көлігін мініп жүр. Алтынбек Ұтысханның қандай және қанша сомаға үй сатып алатыны белгісіз. Оған мешіт мүлкінің сатылымынан түскен ақшасы жетпеуі мүмкін. Сондықтан ол жергілікті кәсіпкерлерден көмек сұрайтын секілді.

Облыстағы басты мінәжат орны саналатын «Иманғали» мешітіне тиесілі «Нұрсая» мөлтек ауданында екі үй бар. Бұрын ҚМДБ облысқа өкіл етіп жіберетін бас имам сол пәтерде тұратын. Молдалардың айтуынша, қазір ол екі пәтерде де Жамбыл облысының Масанчи кентінен ұзақ мерзімді іссапармен келген «ұстаздар» тұрады. Өңірге бас имам болып келген Алтынбек Ұтысхан «ұстаздарды мазалауды жөн көрмеді», өзі пәтер жалдап тұрды. Сірә, ол әлгі пәтерлерді менсінбейтін секілді,яғни жаңа үй алуға қаржы жинап жатуының бір себебі де осы. Бас имамның «үйім- күйім жоқ» дейтіндей сылтауы сылтау емес. Қаладағы «Құспан молда» мешітінің қарамағында да екі үй бар. Оның бірі «Восток» ықшамауданында, екіншісі Ерниязов атындағы көшеде орналасқан. «Бас имамның «Құспан молда» мешітіне де құзіреті жүреді, бірақ ол бұл екі үйді де менсінбей отыр, бұл - дін саласына жергілікті мамандарды тартпай, басқа жақтан өкіл имам жіберудің өзекті проблемасына айналды» дейді дереккөз.

Дереккөздің айтуынша, бұрын мешіттерге қарайтын үйлерде өңірге өкіл етіп жіберілген бас имам ғана емес, ҚМДБ-ның орталық аппаратынан Атырауға іссапармен келетін басшылар қонып кететін. Тіпті, бұрынғы бас мүфтилер де осы пәтерлерде бірнеше мәрте түнеді. Бірақ қазір ҚМДБ басшыларының мешіт балансындағы пәтерлерге бас сұғуға патша көңілі жібермейді.

Атыраудағы жағдай жөнінде дәлелді дерек беріп отырған молдалардың айтуынша, өңірге қысқа мерзімді іссапарға келген Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың жүріс-тұрысына он бес миллион теңгеден астам шығын шыққан. Ол және оның қасына ертіп келген адамдары қымбат қонақүйде жатты, аста төк дастархан жайылды, «ішем дегені алдында, ішпейім дегені артында қалды». Мәртебелі қонақтарды шығарып саларда олардың сөмкесі қызыл балық, басқа да сый-сияпатқа лық толды, қонақ кәде жақсы жасалды. Бұл шығынның бәрі жергілікті кәсіпкерлерден жиналған қаржымен өтелді.

Өңірдің бас имамы оңды-солды бейберекет сатып жатқан мешіт мүлкін де кезінде кәсіпкерлер сыйлаған, әкімдік те мешіттерге зор көмек көрсетіп тұрады. Мешіт меншігіндегі мүлік молдалардың белі ауырып жұмыс істеп, табан ақы, маңдай терімен келген дүние емес. Уақыт өте келе халықтың ақшасына сатып алынған мүлік, спонсорлық қаражат құмға сіңген судай ізім-ғайым жоғалады. Бұл үнемі қайталанып отыратын оқиға. Өңірдің бас имамы да қазір дәл сол сценариймен әрекет етіп жатыр.

ҚМБД басшылары қарабасының қамын күйттеп жүрген тұста Атырау өңіріндегі діни ахуал ушығып, деструктивті радикал ислами ағымдар күшейіп кеткен. «Атыраудағы «Тақуа» мешітінде сәләфилердің сурурит қанатының уағызшылары, «Иманғали» мешіті мен «Құспан молда» мешітінде мадхалиттер, «Жұлдыз» мөлтек ауданында такфиршілер, Дамбы ауылында хаддадилер өріп жүр. Олар жамағатты жан-жаққа тартқылап, елдің берекесін алып бітті. Кезінде Атырау өңіріне ылаң салған ресейлік тәкфирші Бурятский өлтіріліп, сурурит Шейх Халил сотталғалы бері біраз тыншып қалып еді, қазір радикалдар тағы күшейіп кетті. Мұнымен бас имамның да, ҚМДБ басшыларның да шаруасы жоқ» дейді мешіт маңында жүрген құпия дереккөз.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 22.09.2021 2438

Қатысты мазмұн