Атеист Әбілязов мұсылмандарға үндеу жасады. Неге?

none

Саясатта сентиментке орын бар ма? Франциядағы «саяси баспана» статусынан айырылып, елден қуылғалы жатқан Мұхтар Әбілязов соңғы жылдары өзінің ауыспалы көңіл-күйінің құлына айналып, сентимент болып барады. Әлеуметтік желіге бала-шағасының суретін салады, жас кезінде әлдебір той-думанда гитара тартып, ән айтқан ескі видеосын да тауып алыпты. «Жас кезімде өйтіп едім, бүйтіп едім» дегендей бөсіп, адам сенгісіз, ертегіге ұқсайтын әңгіме айтуды әдетке айналдырды. Мұның бәрі - Лондон сотының үкімінен түн жамылып қашып кетіп, Франциядан пана тапқан, енді Еуродақ елдерінен қуылғалы жатқан, «барар жері, басар тауы» қалмаған өзіне деген аяушылықты тудыру үшін жасап жатқан жандалбасасы. Франция сотында «мені қорғайтын адвокаттарға жарты млн долларға жуық гонорар керек» деп жұрттан жылу жинау - Әбілязовтің сентимент қулығының бір қыры. Ол сіңірі шыққан қазақстандықтардың соншама көп қаржы жинай алмайтынын біледі. Білсе де, қазақтың көңіл-күйінің пернесін басып, ішегін шертіп ойнағысы келеді.

Қазір Әбілязовтің тақыр кедей болып қалған түгі жоқ. Кезінде «түйені түгімен» жұтып, көп олигархтың бірі атанған. Сол мол қаржыны «саясатқа салдым, тәуелсіз БАҚ-ты дамытуға салдым» деп аузын қу шөппен сүртіп отыр. Ақиқатында, Әбілязовтің тығып қойған ақшасы бір жерде тау болып үйіліп жатыр. Соны білетін Қазақстандағы ат төбеліндей оның жақтастары Францияға қарай қол созып сұраншақтай береді. Алғашында жақтастарына қаржы жіберіп тұрған, бірақ ешқандай нәтиже жоқ, олар халықты дүрк көтеріп дүмпу жасай алмады, тіпті, диктатор Назарбаевтың «қылын қисайтқан» олар емес. Жақтастары Әбілязовтің саяси амбициясын қанағаттандыра алмаған соң, ол белсенділерге қаржы бөлуді тоқтатқан. «Өздеріңді өздерің қаржыландырыңдар» деген нұсқау беріп, қолын сілтей салды.

Жұрттан жиналған ақшадан бір де болмаса, бірде ши шығады, өсек-аяң өрбиді. Әбілязовшілер партия құруға да жұрттан ақша жинаған. Сол қаржы «мақсатына жұмсалмады, біреулер жырымдап «жеп» жатыр» деген дау-дамай әбілязовшілердің ортасына күдік пен күмәннің тұқымын сеуіп кетті. Ақшадан туындаған алауыздықтың кесірінен әбілязовшіл кейбір белсенділер Мәжіліс сайлауына қатыса алмады, алғашында округтерге өтініш жазғандары әрнәрсені желеулетіп, райынан қайтты.

Осындай дағдарысты кезеңде атеист Әбілязов мұсылмандарға үндеу жасап сайлаға қатысуға ниет етіп жатқан Бибігүл Иманғалеваны қаржылай қолдауға шақырды. Айтуынша, Иманғалиева заңға сәйкес деп танылған, бірақ оның 1 млн 50 мың теңге кандидаттық жарна төлеуге ақшасы жетпей жатыр. Бибігүл Иманғалиева мұсылманша киінген әйел екен, сондықтан, Әбілязовтың ойынша, Иманғалиеваға мұсылмандар ақша жинап беруге міндетті.

Қазақстандағы мұсылмандардың түгелге жуығы қазақтар немесе қазақтілділер. Әбілязов оларға Иманғалиеваға көмек беруді орыс тілінде сұрап жатыр. Қазақ тілін менсінбей орысша өтініш айта тұра, имамдарды, мүфтиятты қыжыртып кетті. Оның айтуынша, мұсылмандар Иманғалиеваға «Аллаһ көмектессін» деп құрғақ дұға жасай салмай «қаржымен көмектессін», «пітір-садақаны» мешітке емес кандидатқа беруі тиіс. «Имамдар сатқын» деп те айтуды ұмытқан жоқ Әбілязов.

Әбліязов бұрынғы бір сұхбатында өзінің Құдайға сенбейтін «атеист» екенін айтып, ал мұсылмандар «боққа малтығып өмір сүре берсін» деген. Мұсылмандардан Б.Иманғалиеваға қаржылай көмек сұрап тұрып, тағы да сол ойын басқаша сөзбен айтып отыр. Сонда қалай болғаны, имамдарды «сатқын» деп айыптай тұрып, мұсылмандардан әбілязовшіл белсенді әйелге қаржылай көмек сұрағаны қалай? Әлде, атеист Әбілязов өзінің бұл үндеуі арқылы Имағалиеваға көмектесейін деп емес, «сатқын имамдардан» өшін қайтарып, тағы да мұсылмандарды кемсіткісі келе ме?

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 16.02.2023 151

Қатысты мазмұн