Ана мен бала. Эмоция және құқықтық казус

none

Парламентте талқыланып жатқан «Отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысы бар жасырын лобби жөнінде талқылап көрейік. Заң жобасын дайындау мен оны күн тәртібіне алып шығуға үлес қосқандардың әсіре эмоцияның жетегінде кетуі де жасырын емес.

Барлық қоғамда бала (кәмелет жасына дейінгі баланы ақыл-есі толыспаған деп адам санайды) мен анаға (қоғамда «әйел - нәзікжанды» деген түсінік орныққан) ерекше көзқарас бар. Сәйкесінше, азаматтардың бұл категориясы қорғансыз саналады. Физиологиялық қалыптасу, өсу кезеңіндегі бала мен еңбек қуатты нашарлаған қартты қорғансыз деп санауға болатын шығар. Дегенмен, зейнет жасына жетпеген әйелді «нәзікжанды» санап, оған мүсіркей қарап, оны ерекше қомқорлыққа алуға саятын түсінік қоғамда орнығып қалған. Осы жағдайдың эмоциялық сипаты кейбір заң талаптарына еніп кетті. Парламентті жасақтауда жастар (29 жасқа дейінгі) мен әйелдерге берілген 30 пайыздық квота және басқа да феминистік талаптар жөнінде сөз қозғамай-ақ, бірден «Отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын дайындауға үлес қосқандардың құрамына көшейік. Қарап отырсақ, олардың түгелге жуығы әйелдер. Заңды қабылдатуға күш салып жүргендердің қатарында депутат Ирина Смирнова, әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатын «Немолчиkz» ұйымы мен оның лидері Дина Таңсәрі (Динара Смаилова), балалар құқығын қорғаушы Аружан Саин, әйелдер киімін жарнамалаушы блогер Динара Сатжан және басқа да «нәзікжандылар» бар. Заң жобасы қабылданған жағдайда олардың қандай мүддесі қанағаттанатынын айтайық. Ол үшін отбасыдағы зорлық-зомбылық жөніндегі заң жобасындағы құқық казус тудыратын жайттарды мысалға аламыз.

Бір немесе одан көп балалы толық емес отбасы бар. Анасы ашуланып бір баласына айқайлап ұрсады, немесе шапалақпен бір-екі мәрте тартып жіберді. Мұны көріп қалған көршісі немесе баланың өзі полицияға шағымданды. Заң жобасында ашушаң ананы жазалау құқығы уческелік полицияға жүктелген. Ол зорлық-зомбылық жасаушы әйелді психологиялық тренингтен өтуге немесе ашушаңдығын басып, тыныштандаратын дәрі егіп емдеуге жіберіп жазалай алады.

Ашушаң адамның психикасын түзеп, оны тыныштандыру бір сәттік шаруа емес, ондай процедураға кемі оншақты күн кетеді. Осы кезеңде анасыз қалған балаларды кім қарайды, кім бағады? Оларды жетімдер үйіне орналастыруға болмайды, себебі олар жетім емес, ем қабылдап болған соң анасы отбасына оралуы тиіс.

Ашушаң әйелді сот шешімінсіз мәжбүрлеп емдеу оның құқығын бұзу емес пе? Ашушаң әйелді кім емдейді? Оған мемлекеттік медициналық мекемелердің әлі жете ме? Әрине, бұл проблеманың шешімі кейін заңға талабын жүзеге асыратын арнайы қаулыларда қарастырылады. Соған сәйкес, мемлекет ашушаң әйелдерге арнап психологиялық тренинг өткізетін немесе оларды психотропты дәрілер арқылы тыныштандыратын медициналық мекемелердің қызметіне тендер жариялайды. Жеке меншік секторда ондай қызметті көрсетіп жүрген ұйымдар бар. Оны алыстан іздемей-ақ, осы заңның қабылдануын жанұшырып жақтап жүрген Дина Таңсәрінің «Немолчиkz» қоры мен Аружан Саинның балаларды қорғау ұйымы айтуға болады. Осындай ұйымдар дереу қоғамдық қызметінің ауқымын кеңейтіп, ана мен баланың қамқоршысы болып шыға келеді... Қазынаның қаржысын соратын псевдо-бизнестің тағы бір саласы қанатын кеңге жаяды...

Екініші мысалға бір немесе одан да көп баласы бар толық отбасыны алайық. Отағасы ашуланып, ұстамсыздық танытып әйелін балғаттап немесе қол жұмсап жіберді. Заң жобасы бойынша, зорлық-зомбылық жасаған еркекті отбасынан уақытша оқшаулау керек, сәйкесінше оны кемі он күнге далаға қуып жібереді. Отағасының үйіне ұрланып қайта кіріп кетпеуін полиция қадағалап жүреді екен... Сонда ол еркектің құқығы бұзылмай ма? Ол қалай күнелтеді? «Жұмысы болса, жұмыс орнында қонады» немесе «туысының үйін паналайды» деген вариант емес. Асыраушысыз қалған бала-шағаны кім бағады? Әлде, ауадан ақша жасауға жатық Дина Таңсәрі секілді қоғам белсенділеріне «қаңғып қалған еркектерді қорғайтын» тағы бір ұйым құруға тапсырыс беріле ме?..

Шынтуайтында, «Отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының біршама бабы қолданыстағы Қылымыстық кодекс пен Азаматтық әкімшілк кодекстің талаптарын бұзып, құқықтық казус туындатып тұр. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі - қылмыс. Қылмыс «даладағы қылмыс», «отбасындағы қылмыс» деп бөлінбейді. Отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамды қылмысына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңдар бұрынан бар. Ол заңдарда құқықты казус болмауы қамтамасыз етілген. Мысалы, отбасында зорлық-зомбылық жасаған еркекті бірнеше тәулікке қамайтын заң талабы бұрыннан бар. Бұзақы еркек қамауға алынған соң әкімшілік жаза өтеу изоляторында оған жатын төсек, үш мезгіл тамақ, оқитын газет-журнал, жуынып-шайынуға мүмкіндік береді. Ал «отбасындағы қылмыстың жолын кесуді мақсат тұтқан» заң жобасында бір адамның құқығын қорғау үшін екінші адамның құқығын бұзатын баптар бар. Бұл заңның қажет емесін дәйектейтін аргументтің бірі – осы, құқықтық казуске ешқашан, қандай жағдай болмасын, жол берілмеуі керек.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 21.01.2021 137

Қатысты мазмұн