Алматыдағы "Зерделі" шағын ауданындағы көп қабатты үй қисайды

none

Алматының "Зерделі" (бұрынғы - Алғабас-6) шағын ауданындағы №179 үй тұрғындары өздері тұрып жатқан тоғыз қабатты ғимараттың көрші тұрғын үй жаққа қарай қисайғанын айтып, алаңдап отыр. Тұрғындар мәселені анықтау үшін жоғарыдан төменге қарай жіп жіберіп, өлшеп те көрген.

"Екі подъезден тұратын үйдің 12-15 сантиметрге қисайғанын көрдік" дейді тұрғындар.

Алматы әкімдігінің өкілдері "Зерделі-6" (бұрынғы "Алғабас" ) ықшамауданындағы қисайған үйге қатысты пікір білдірді. Мамандар тұрғындарға жағдайдың қауіпті емес екенін айта отырып, сабыр сақтауға шақырады.

Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Қуандық Айтмағамбетов үйдің бір сантиметрге ғана қисайғанын айтады. Сондықтан тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті жоқ дейді.

"Шамамен бір сантиметрге қисайған. Тұрғындардың айтуынша, қыркүйекте үйдің маңындағы құдықтан су тасыған, ал ол құдықты кейін ғана 7 желтоқсанда жапқан. Сол да үйдің қисауына себеп болуы мүмкін деп ойлап отырмыз", - дейді Қуандық Айтмағамбетов.

Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы ертең, 12 желтоқсанда топырақ сынамасы алынатынын айтты.

Еске салайық, мұның алдында алматылықтардың "Алғабаста" тұрғын үйдің қисайғанын хабарлап жатқаны айтылған еді. Осы үйдің тұрғыны Данияр Мұхаметов 8 желтоқсанда үйдің қисая бастағанын байқағанын айтады.

"Көрші үймен салыстырғанда біздің үй қисайып жатыр. Тұрғындар, көршілер барлығы шағымдана бастады. Есікті жабу да қиындап кетті. Кеше ТЖ қызметкерлерін, әкімдіктегілерді шақырдық, үйді қарап кетті", - деген еді Данияр.

Айдары: Найзағай 11.12.2019 179

Қатысты мазмұн