Алматыда 13 мыңнан астам адам коронавирусқа тексерілді

none

Карантин режимі енгізілген уақыттан бері Алматыда 13 мыңнан астам адам коронавирусқа тексерілген. Бұл туралы қалалық тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің жетекшісі Айзат Молдағасымова хабарлады.

"Полимеразды тізбекті реакция әдісі арқылы қазірге дейін 13 811 адам коронавирусқа тексерілген, 121 адамнан коронавирус табылған" деді.

Оның айтуынша, қалада төрт зертхана: үш мемлекеттік және бір жеке мекемеде зерттеу жүргізілген.

Соңғы мәлімет бойынша, Алматыда коронавирус жұқтырғандар 121 адамға жеткен. 9 сәуірде үш науқастың айыққаны белгілі болды. 1993, 1985 жылғы екі әйел және 25 жастағы жігіт ауруханадан шыққан. Қалада барлығы 26 адам жазылған.

Қазір 96 адам инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Арасында төрт бала бар. 72 науқастың жағдайы - бірқалыпты, екі ересек адамның жағдайы - өте ауыр, төрт науқастың жағдайы - ауыр. Дәрігерлер 18 адамның жағдайын орташа ауыр деп бағалайды.

Алматы коронавирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (223) кейін екінші орында тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, адамдардың ары-бері жүруіне шектеу қойылған.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 759 адамға жеткен.

Айдары: Найзағай 09.04.2020 31

Қатысты мазмұн