Алматы мен Нұр-Сұлтанда демалыс күндері шектеу күшейеді

none

Қазақстан билігі елде тараған коронавирусты тоқтату амалы үшін екінші апта қатарынан Алматы мен Нұр-Сұлтанда сенбі-жексенбіде "карантиндік демалыс" жариялады.

27-28 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда сауда орталықтары, супермаркеттер, базарлар және парктер, фитнес орталықтар, жабық ғимараттағы тамақтану орындары жабылады. Тек ашық аспан астындағы тамақтану орындары, көпқабатты үйлердің астындағы шағын азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Қоғамдық көліктер де тоқтайды. Қарт адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала биліктері жұртты сенбі-жексенбіде албаты көшеге шықпауға шақырады.

Алматы қаласында қосымша карантиндік шектеу шаралары 27 маусым сағат 00.00-ден бастап, 29 маусым cағат 00.00-ге дейін күшіне енеді.

Базарлар өз қызметін 2020 жылдың 29 маусымы (дүйсенбі күні) қайта жалғастыра алады.

Ашық даладағы көше форматында әлеуметтік қашықтықты және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаған жағдайды қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне рұқсат етілген.

Атап өтетін жайт, жоғарыда аталған нысандарда санитарлық-профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізіледі.

Қосымша шектеу шараларына байланысты азаматтарға қала бойынша қозғалысты шектеу ұсынылатынын еске саламыз. Тәуекел тобына кіретін адамдарға, әсіресе егде адамдарға үйде қалу ұсынылады.

Эпидемияға қарсы шараларды бұзғаны үшін жеке жауапкершілікке тарту қарастырылған. Полиция қызметкерлері тарапынан адамдар көп жиналатын орындарда енгізілген шектеулерді сақтау бойынша патрульдеу күшейтіледі.

Маусымның басынан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт өсіп, қазір 33 мыңнан асты. Елде пневмонияға шалдыққандар да көп. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы инфекциялық ауруханалардың 90 пайызы толы.

Қазақстан 11 мамырда елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимін аяқтап, карантин шектеулерін жеңілдете бастаған.

Айдары: Найзағай 26.06.2020 37

Қатысты мазмұн