Алматы әуежайында қалжың видео түсірмек болған хайперлер қамауға алынды

none

Алматы әуежайында қалжың видео түсірмек болған хайперлер 20 күн қамауда отыратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция хайперлердің әрекетін заңсыз деп тапты.

Айта кетсек, 20 мен 26 жас аралығындағы 5 жігіт қауіпсіздік қызметінің қалай жұмыс істейтінін сынап көрмек болған.

Қалалық әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың арасында бұған дейін Әл-Фараби даңғылында жолдың қарсы бағытымен жүріп, елді шулатқан Назар Роллан да бар.

Осылайша, жолға шықпақ болған 5 жолаушының бірі Астанаға ұшатын Qazaq Air рейсіне тіркелу үшін қолындағы жүгін арнайы тексеретін орынға тапсырған. Жүктің салмағы 23 келіден артық болғандықтан, қауіпсіздік агенті оның ішіндегі затты бөліп немесе артық салмаққа ақы төлеуді ұсынған. Сол сәтте әлгі жолаушы жүкті Air Astana кассасының жанына қалдырып, шетке қарай ығысқан. Сол сәтте жүктің ішінен адамның қолы шығып келе жатқанын көрген кассир әуе қауіпсіздігі қызметкерлері мен полиция шақырған. Тәртіп сақшылары жүктің ішінен шыққан жігітті ұстады.

Ал қалғандары бұл процесті видеоға түсіріп интернетке қоймақ болған. Алайда олар лүпіл жинап үлгермеді. Себебі, хайпқұмарлардың барлығы, Астанаға ұшпақ болған жолаушы да рейстен қалдырылды.

Оларға ҚР ҚӘқбК 434-бабы бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке дейін қамау түріндегі әкімшілік жаза қолданылады.

Айта кету керек, Назар Роллан есімді 20 жастағы жігіт әл-Фараби даңғылымен қарсы бағытпен жүріп желіні шулатқан болатын. Бұл көріністің видеосы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған. Кейін даңғой жүргізушіні қалалық полиция ұстап, шара қолданған. Алматы қаласының Әл-Фараби көшесінде жол ережесін өрескел бұзған 20 жастағы жігіт өзінің істеген ісіне өкінетіндігін айтып видео жариялаған еді.

Айдары: Текемет 03.11.2019 - 16:07