«Алля Аят» ауруды қалай емдейді?

none

Алля Аят окультті-мистикалық діни ағым болып табылады. Ағымның негізін салушы 1990 ж. өзін құдай, «Жаратушы»деп жариялаған Алматы облысының Шоңжы ауданының тұрғыны, тракторшы болған Фархат Абдуллаев. Абдуллаев өмірден өткен соң оның жолын жалғастырушы жұбайы Нина (Қасиетті Нина, Нина-ана) емшілік әрекетпен айналысты. Ағым соңынан ерушілер Фахат Абдуллаевты құдайылық деңгейге көтереді. Ал оның жұбайын қасиеттілер қатарына жатқызады.

2007 жылдың 12-сәуірінде «Аят самопознание» қоғамдық бірлестігі болып тіркелген. 2008 жылы бұл ағымның мүшелері өзін-өзі өртеуге ұмтылу әрекеті бойынша, және өзге де тұлға ағзасына зиян келтіретін жалған әдістері бойынша сотқа тартылып, тыйым салынды. Қазіргі таңда «Алля аят» ағымы Қазақстанда тыйым салынған ағымдар қатарына жатады. Алайда ағым соңынан ерушілер, Қазақстан территориясын шығып АҚШ, Германия, Ресей, Балтық елдері секілді мемлекеттерде әрекет етуде. Оған мысал Ресейдің Новосибирск қаласында ағым мүшесінің «Селенная жұлдызы» атты журналымен ауруларды емдеу алаяқтық әрекеті бойынша жауапқа тартылуы.

Адамдарды тарту әдістері. Емделу курсы Фархат ата қуатына қосылудан, ал қосылу «Өмір формуласын», яғни «Алля Нина ана Жаратушы Фархат дада, алля аят 37406810, алля Ляззат Селеная, алля уйгур аят алля» формуласын айту арқылы қосылады, бұл жерде «алля» - ұйғырша сәби, «аят» - күннің қуатты сәулесі «Селенная-өмірге жетелейді, қорғайды, Фархат-дада – Абуллаевтың өзі, Нина-ана Фархаттың жұбайы». Ал «37406810» сандарындағы 37-Фархаттың дүниеге келген жылы, 40-оның жұбайының дүниеге келген жылы, 6-балаларының саны, отбасында – 8 адам бар, 10-Жаратушы күші, бұл жерде 1-өзі, 0-күн.

Бұдан кейін жүйелі түрде күніне бірнеше рет осы формуланы айтып, үш минуттай Күнге қарайды. Сонымен қатар, «емдік шайды» (кәдімгі тұз қосылған шай) ішу және «Звезда Селенной» журналын оқу керек (РФ Новосібір қаласында шығады, бағасы 300-600 теңге аралығында). Бұл тәжірибе жалған емдік сипатқа ие болды, одан басқа мұны медициналық білімі жоқ тұлғалар арнайы емдеу орындарынан тыс жерлерде жүзеге асырды. Осы әдістерді қолдану адамдардың бойында бірнеше рет психикалық және тән ауруларына шалдығуға алып келді.

Жоғарыда келтірілген емдеу тәсілдері тым қарабайыр, ғылыми тұрғыда дәлелденбеген, тіпті тыйым салынған әдістер болып табылатындығы туралы отандық және шет елдік БАҚ-да жарияланып келеді. «Алля аяттың» ойлап тапқан әдістерін пайдаланып адам емдеген осы ағымның Ресейлік мүшесінің үстінен қылмыстық іс қозғалғандығы туралы БАҚ беттерінде жариялануда.

Қазақстанға төндіретін қауіптері. Ағымға денсаулығы төмен, науқастар адамдарды, олардың жанұяларын тартады. Науқас жандарға ем қолдану кері нәтиже беретін жағдайлар көптеп кезедеседі. 2000 жылы Солтүстік Қазақстан облысында ғана «Алля Аят» әдісі бойынша «емделген» екі адамның өлімі тіркелген. 1-типтегі қант диабетімен ауыратын, инсулинге бағынышты Петропавл тұрғыны М.В.В. адептердің ықпалымен инсулин қабылдаудан бас тартқан және нәтижесінде үш күннен кейін қайтыс болған. Сол секілді онкологиялық аурумен ауыратын Петропавл тұрғыны О.О.И. «Алля Аят» әдісімен емделген, дәстүрлі медициналық қызметтен бас тартқан. Нәтижесінде жағдайы нашарлап, ауруы асқынған.

2006 жылы Астана қаласының прокуратурасы «Алля Аят» әдісі бойынша емдік сеанстарға қатысқан азаматтарда алғашқы психоз және психикалық аурулардың асқыну фактілерін анықтаған.

2008 жылы 18-мамыр айында Алматы облысы Шоңжы ауданында Денсаулық сақтау министрілігінің ведомствоаралық комиссиясы тарапынан жүргізілген анықтама жұмыстары бойынша төмендегідей жағдайлар анықталды:

«Алля аят» қозғалысы біртіндеп харизматикалық сипаттағы псевдодіни оккультті-мистикалық діни ұйымға айналуда;

«Алля аяттың» емдік сеанстары тұлғаның физикалық және психикалық жай-күйіне зиян келтіріп, деструктивті өзгерістерге ұшыратады;

«Алля аяттың» қолданыстағы әдістері ғылыми-тәжірибелік негізде қызмет ететін дәстүрлі медицинаға қарсы, оккульттік сипатқа ие.

Діни ұйым негізін қалаушы мен оның соңынан еруші шәкірттер нейролингвистикалық бағдарлау әдісін қолданады.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер нәтижесінде «Алля аят» ағымын Қазақстан Республикасының азаматтарының бостандығы мен өміріне қауіп төндіретін ұйым деп танылды. Тұлға денсаулығына, психологиясына үлкен зиян тигізіп, қоғамда әлеуметтік бағдардан айыратын отбасылық мәселелерге соқтыратын бұл ағым қазіргі таңда 2008 жылдың 22 желтоқсанындағы сот шешімі бойынша, «Алля аят» ағымы Қазақстанда тыйым салынған ағымдар қатарына жатады.

[right]Общество религиоведов[/right]

Айдары: Бақ-бақ 03.11.2019 6

Қатысты мазмұн