Албан мен Суанның Дулатқа неге іші жылымайды?

none

Ұлы жүздің шежіресінде Үйсін тайпасына қатысты қызықты оқиғалар жетерлік. Мысалы, тайпаның арғы атасының бірі саналатын Бәйдібек би жарты әлемге әмірін жүргізген Ақсақ Темірдің досы ретінде аталады. Ол Ахмет Яссауи кесенесін салуға көп көмек жасапты. Ал Бәйдібек бидің кіші әйелі Нұриләнің (Домалақ ана) өмірі де қилы оқиғаларға толы, қиял-ғажайып ертегілерге бергісіз. Мінезі қатты Темір патша бірде Домалақ ананың қолынан дәм татып, рахметін айтып, жүрерінде оның жалғыз ұлы Жарықшақтың маңдайынан иіскепті. Әлем тарихында мәшһүр тұлғалар өмірімен қабысып жатқан осы тәрізді әңгімелер Ұлы жүз Үйсін шежіресінің сәнін келтіріп, өте қызғылықты, тартымды етіп тұр. Бірақ, шежіренің «әттеген-ай» дегізетін, басы енді біріге бастаған қазақтың арасына жік салып, сына қағып, рулардың өзара реніш-өкпесін қоздырып тұрған жері де бар. Ол ‑ Жарықшақтың үш ұлына – Албан, Суан, Дулатқа енші үлестіруі.

Шежіренің түрлі варианты бар. Соның бірінде жастарына қарап Албан, Суан, Дулат деген ретпен айтылады, кейде Дулатты Жарықшақтың үлкен баласы ретінде көрсетеді.

Шежіре бойынша, Жарықшақ ер жеткен ұлдарына енші үлестіргенде өзінің қолындағы билікті, ата жұрттың тізгінін Дулатқа беріпті де, қалған екі баласына бауырына қолғабыс жасап, ел басқарудағы қиын істе көмекші болуын ұлағаттапты. Бұған риза болмай, әкесіне қатты өкпелеген Албан мен Суан шарт сынып, «көрмегенім Дулат болсын» деп, атқа мініп, шығысты бетке алып жөнеп беріпті. Қазіргі Алматы қаласының шығысына жеткенде Албан «біз інімізге бекер өкпелеп барамыз, елге қайтайық» депті. Мінезі шатақ Суанның сонша жер жүрсе де ашуы тарқамаса керек-ті, Албанның тілін алмай, әрі қарай кетіпті. Әрі кетуді де, кері қайтуды да жөн көрмеген Албан сол маңда қалып қойыпты, үйленіпті, одан тараған ұрпақ бір қауым елге айналған екен. Ал Суан Іле өзенінің оң қапталымен жүре отырып Құлжаға барып тоқтапты...

Кейбір шежіреде Албан, Суан және Дулат арасында болған кикілжіңнің себебін тіпті құтыртып жібереді. О баста қандай мәлімет көзден алынғаны белгісіз, интернеттегі «Уикипедия ашық энциклопедиясында» Жарықшақ балаларының қоныстануы былай жазылыпты: «Суандар Албандарға, әсіресе, Дулаттарға қарағанда онша көп емес. Сондықтан олар көп жағдайда қысымдық көріп, ең бастысы, жер телімі мен жайылымнан шеттетілді. Бұл жәйт әлі күнге дейін айтылып келе жатқан аңызбен де расталады. Онда бауырлар арасында сұр бұқаның ені үшін (ал кезде бұқа ені желінеді екен) дүрдараздық шығып, сыбаға тимеген Суан үлкен ағалары Албан мен Дулатқа өкпелеп, шалғай шығысқа көшіп кеткені әңгімеленеді. Шынында да, Суан руының қонысы Қытай шекарасындағы Іле өзенінің оң қабағында, үш ағайындылар Дулат, Албан, Суан жайлаған аймақтың ең шығыс жағында жатыр».

Шежіреде ағайынды үш атаның ұрпақтарының Шымкенттен Құлжаға дейін созыла орналасуын осылайша түсіндіреді. Мұны ертеректе «қарап отырғанша, қызғылықты әңгіме болсыншы» деген оймен еріккен шалдар жиын-тойларда айтып отырушы еді. Енді мұндай шежірелер тарихи факті есебінде ғылыми айналысқа түсіпті. Осылайша қызық әңгіменің соңына ессіз түсіп кетудің артынан шыжығы да шығып жатыр ‑ түн жамылып боталы түйесін жетектеп кеткендей әсер қалдыратын әлгі шежіре қазір үш рудың өкілдерін бір-біріне сенімсіздікпен жақтырмай қарауға себепші болып, мұның арты кейбір жағдайда өзара кикілжіңге соқтырып жатқаны жасырын емес. Әсіресе, бұл қазақтардың өз ұлтының тарихы мен салт-дәстүрін іздеген қазіргі кезде тіпті күшейе түсті. Мұның арты неге апарып соғатынын ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Қазақ тарихшылары да жан-жақты зертеу жасап, қазақ руларының этникалық құрамы мен жағрапиялық қоныстануының нақты себептерін анықтаудың орнына, тіптен де фольклорлық мәдени құны жоқ аңыз-әпсәналардың жетегіне көзсіз еріп барады. Ал қолында қаржысы бар қолы ұзын кәсіпкерлер, ел билеген әкімдер «тарихымыздың жөні осы екен» деп шежіредегі ру аттарынан нақты тұлға жасап, ескерткіштер қойып жатыр. Мұның бәрі ықылым заманда «руымен у ішіп» жаман әдеттенген, енді ғана бір тудың астына бірігіп, ел бола бастаған қазақтың рушылдығын қайтадан қоздырып, өскелең ұрпақтың санасын улауда. Тіпті, бұл – Албан, Суан, Дулаттың шежіресі еліміздің Ата заңына қайшы, ру араздығын қоздырып тұр. Бұған қарсы ҚР Қылмыстық Кодексінде арнайы бап та бар. Сондықтан, «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!» деп жалаң ұрандай бермей бұл бағыт бойынша нақты іске көшіп, шежірелер мен тарихи кітаптарға еніп кеткен, халқымызға аброй әпермейтін «қызықтардан» арылғанымыз жөн. Осылай жасасақ, қазақтың тезірек тұтас ұлт болып қалыптасуына ұйтқы болушы едік.

Бекболат Есімов

Тараз қаласы

Айдары: Текемет 03.11.2019 11

Қатысты мазмұн