Ақымақ Әбілязов айлаға көшті

none

Франция елінен Қазақстанға эсктрадициялау ісі қаралып жатқан Мұхтар Әбілязов суға кеткен тал қармайдының кебімен киіп, жанталасуда. Еліміздегі саяси ахуалды қиындату мақсатында ол қазір қаңтар бүлігі кезінде қару ұрлап, саудан үйлерін тонаумен айналысқандардың туыстарын қалқан қылып, оларды шеруге шығуға үгіттеп әлек. Нақты айтқанда, «Қаңтар бүлігіне қатысушылардың аналарының шеруі» деген атаумен елордада үлкен қарсылық акциясын өткізбек.

Алыста отырып қарапайым халықты отқа айдап салудың шеберіне айналған Әбілязов өзіне табынушылардың көмегімен «Алға Қазақстан» партиясын құруға талпынып жүргені белгілі. Қазір бұл іспен елде Жасарал Қуанышалин атты азамат айналысып жүр.

Партия құру ісі қашқын олигарх үшін «майдан қыл суырғандай» ғана жеңіл болып көрінетін сияқты:

«Саяси партия бір мың адамнан кем емес Қазақстан Республикасы азаматының тобының бастамасы бойынша құрылады. Бірақ біз бастамашыл топ санын екі мың адамнан артыққа жинаймыз да тіркеуге өтініш береміз. Сөйтіп Әділет министрлігінің тіркеуден бас тартуына ешқандай мүмкіндік қалдырмаймыз» деп бөскені ел есінде. Алайда, дәл қазіргі жағдайда екі мың емес, тым болмағанда жүз адамның жиналғаны туралы ақпарат бере алмай отыр. Бірақ, жеңіл сөзге жаны құмар Әбілязов мырза одан ары былай деп желпінеді: «Тіркеуден өткен соң біз партия съезін өткізіп, партияның жарғысы мен бағдарламасын қабылдаймыз. Партия съезіне бастамашыл топтың барлығы келеді. Ал бір съез өткізу үшін кем дегенде 100 миллион теңге қажет»..

Бұл жерде Әбілязов «жүз миллион теңге» дегенді қайдан алып отыр деген сұрақ туады. Бұндай мәлімдеме қазақстан қоғамны таныс сияқты.. Иә, дәл таптыңыз! Бұл туралы таяуда ғана тағы бір атышулы оппозиция белсендісі болып көрініп жүрген Санжар Боқаев «100-150 миллион теңге қаржы керек» деп күйзелгені есте. Ал өз паритясының съезін өткізуге қажетті шығындарды есептеп шығаруға өзін ұлы қаржыгер санайтын банкир мырза басын көп қатырғысы келмеген соң, бақталасы мәлімдемесінен ақпаратты көшіріп ала салғанға ұқсайды.

Әбілязовтың Боқаевқа қатысты пиғылы белгілі. Осы жылдың мамыр айында Санжардың көліктерге қатысты утиль алымы тақырыбын көтерген бастамасын «түкке тұрғысыз» деп, бәсекелесін халыққа әбден жамандап: «Утиль алымға қарсы шығып, оның артында тұрған олигархтар, оларды қорғайтын кейбір шенеуніктер туралы айтып, Тоқаевқа мәлімдеме жасағыш Боқаев айтылуы тиіс негізгі тақырып туралы үндемейді. Егер ол шын мәнінде халық мүддесін ойлағыш болса тұтас жүйенің былығын ашып, автомобиль нарығының қалай жұмыс істейтінін, заңдардың қалай қабылданатынын айтар еді. Оған кәсіби саясаттанушы Санжардың білімі де, білігі де жетеді. Бірақ ол әдейі айтқысы келмейді», - деген еді.

Адамдарды адастырып, ақымақ қылып көрсетіп жүр деп Боқаевқа мін таққан банкир мырза, қызды-қыздымен «жалпы утиль алымының мөлшерін төмендету ісіне оның түк қатысы жоқ, бұл көшеге менің айтуыммен шыққан халықтың айқайының арқасында мүмкін болды» деп тепсінген болатын.

Хош, енді әңгіменің ауанын Әбілязовтың Қуанышалиннің қолымен партия құру жоспарына бұрайық. «Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне қарсы қылмыстық іс қозғаймыз» деген желеумен елді жініктіруді жақсы көретін банкир «Алға Қазақстан» туының астында заң бойынша талап етілетін 20 мың емес, 100 мың адам жинаймыз деп айды аспанға бірақ шығарды. Қия басында отырған кісікиіктің қиялы дерсің...

Және ең қызығы, съез өткізуге қажетті 100 миллион теңге қаржыны әйгілі олигарх, банкир өз қалтасынан шығармайтынын ашық айтады. Бұл мақсат үшін ол партияға кіргісі келетіндердің қалтасын қағып Жасарал Қуанышалиннің есеп-шотына жарна аударуды ұсынады. Әзірге бізде ол шотқа қанша қаржы жиналғаны туралы ақпарат жоқ. Соған қарағанда мақтанарлықтай ештеме түспеген сияқты. Ал Әбілязовтың жазған постарының астына қарапайым халық, оның әйгілі қаржы алаяғы екенін бетіне басып, съез өткізуге қажетті қаржыны халықтан жымқырған ақшаның есебінен өткізуіне болатынын есіне салып жатыр. Бірақ, оған ұяты оянатын банкир қайда?!..

Хош, Қуанышалиннен басқа Әбілязов мырзаның алпыс алты айласына еліткен тағы кім бар деген заңды сұрақ туындайды.. Ол еліміздегі тағы бір құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның басшысы – Евгений Жовтис. Заңгер мырза елімізде 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін пайда болған «Араша» қоғамдық комитетінің ісін қайта жаңғыртып жүргені мәлім. Таяуда өткен баспасөз-маслихатында «Араша» белсенділері «барлық саяси тұтқындарды босатуға» уәде берген болатын. Олардың түсінігіндегі «саяси тұтқындар» тізіміне «қаңтар бүлігін» ұйымдастырған терроршылар мен Жанболат Мамай сияқты арандатушылар да бар. Олар тіпті «егер Мамайды тап қазір босатпаса, Қасым- Жомарт Тоқаевтың реформалары өтірік деп танимыз» деп ультиматум қоюға дейін барды. Оны айтқан, «Араша» қоғамдық комитетінің құрамына кірген журналист әлде белсенді Әсем Жапишева болатын. ҚДТ-ның тағы бір белсендісі – Сәния Түнқатарова. Оның да сөзіне құлақ түрейік:

«Мен азаматтық белсендімін және оны жасырмаймын да. Мен қаңтарға дейін де болғанмын және осы жолда қала беремін. Адам болған соң айналаңызға көмектесуіңіз керек. Ол үшін белсенді болу міндетті емес. Көп адам қазір қайда баруды, не істеу керектігін білмейді. Олардың көбі жай үйде отырған қарапайым аналар. Сондықтан мен қаңтар айынан бастап оларға көмектесіп келемін", — деген еді «Сорос Қорының» ақшасына жұмыс істейтін либералды басылымдардың біріне.

Яғни, Түңғатарова осы мәлімдемесі арқылы қаңтар бүлігіне қатысты айыпталушылар мен сотталғандардың туыстарына және Әбілязовтың басқа да сыбайластарына мемлекетке қалай қысым жасау керектігін үйрететінін ашық мойындап отыр. Демек шілде айында елордада болған бір топ белсендінің әрекеті – Әбілязов белсенділерінің жұмысы. Сол кезде шерушілердің аузымен айтылған - қару-жарақ және басқа да дүкендерді тонап, полиция бөлімшелеріне шабуыл жасағандардың, қауіпсіздік күштері өкілдерін өлтіріп, әкімшілік ғимараттарын өртегендерді босатып қана қоймай, оларға ақылға сыймайтын көлемде өтемақы төлеу туралы ұрандардың авторлары да осы топтың жұмысы болып тұр. Шынтуайтына келгенде, бұл адамдар ақша үшін «Ақорданың алдында заңсыз ойқастаудың» қандай түріне де дайын.

Бірақ, олар түсіне алмайтын бір ақиқат бар. Егер мемлекет қылмыскерлерді еш жазаламастан бостандыққа шығарса – онда бұндай қадам осы бүліктен зардап шеккен кәсіпкерлердің бетіне туралап түкіргенмен бірдей болар еді. Ондай заңсыздыққа есті мемлекеттің есі дұрыс басшылары ешқашан жол бермейтіні белгілі.

Ал біздің әккі Әбілязов мұны әбден түсінсе де, өзіне табынушыларын өтірік әңгімемен күпіндіріп, тегін дүние, уайымсыз жарқын болашақ туралы ертегі айтуын жалғастыра беруде. Осы арқылы тағы бір қаңтар қасіретін қайталағысы келеді...

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 19.08.2022 70

Қатысты мазмұн