АҚШ жүзден астам елді Демократияны қолдау саммитіне шақырды

none

АҚШ президенті Джо Байден шамамен 110 елді желтоқсанда онлайн өтетін Демократияны қолдау саммитіне шақырды.

23 қарашада АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында жарияланған тізімде Вашингтонның одақтастары бар. Шақырылған мемлекеттер арасында сонымен бірге Армения, Болгария, Грузия, Косово, Молдова, Монтенегро, Солтүстік Македония, Пәкістан, Румыния, Сербия, Украина, Әзербайжан, Босния-Герцеговина, Венгрия бар. Бірақ тізімде Қытай немесе Ресей жоқ. Орталық Азия елдері де тізімге енбеген.

Әлем елдерінің үкімет, азаматтық қоғам мен жеке меншік сектор өкілдерінің басын қосатын Демократияны қолдау саммиті 9-10 желтоқсанда онлайн өтеді.

"Саммит демократиялық елдер алдында тұрған қиындықтар мен мүмкіндіктерге назар аударып, лидерлерге елде және шетелде демократия мен адам құқықтарын қорғау бойынша жеке және ұжымдық міндеттемелерді, реформалар мен бастамаларды жариялауға мүмкіндік береді. Бұл уәделер авторитаризмге қарсы, сыбайлас жемқорлықпен күресетін және адам құқықтарын құрметтеуге ықпал ететін ішкі және халықаралық бастамаларды қамтиды" делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарламасында.

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, саммит биыл қаңтарда президент қызметіне кіріскеннен кейін Байденнің сыртқы саясат бойынша жасаған алғашқы мәлімдемесінің орындалуына сын. Ол кезде Байден АҚШ Ресей мен Қытай бастаған авторитарлық күштерге қарсы тұру үшін ғаламдық жетекшілікті қолға алады деп мәлімдеген.

Айдары: Найзағай 24.11.2021 89

Қатысты мазмұн