АҚШ соты әкелі-балалы Храпуновтарды қысымға алды

none

Нью-Йорктің оңтүстік округы бойынша АҚШ аймақтық соты Алматы әкімдігі мен БТА банктің шағымы бойынша Виктор Храпунов пен оның ұлы Ілияс Храпуновқа байланысты сот шешімін шығарды. Бұл туралы Қазақстанның әділет министрлігі хабарлады.

2018 жылы Калифорния аймақтық соты Алматы қаласы әкімдігінің "Храпунов пен оның сыбайластарының үстінен" түсірген шағымын қанағаттандырмай тастаған. Бірақ Калифорниядағы процесс "қаржылық схемалар, корпоративті құрылымдар мен жалған тұлғалар" туралы ақпарат алуға көмектескен. Соның негізінде Алматы әкімдігі Храпуновтардың үстінен тағы шағым түсірген. Министрліктің айтуынша, АҚШ аймақтық соты жауапкерлерді қажетті айғақтарды жойды деп таныған.

«Мүддесіне Әділет министрлігі өкілдік ететін – Алматы қаласының әкімдігі және БТА Банк талапкерлердің талап-арыздарын растайтын ақпаратты ашып айтуын талап етті. Сот тараптардың позициясын зерделегеннен кейін, Ильяс пен Виктор Храпуновтар сотпен «мысық-тышқан» ойынын әдейі ұйымдастырды және олардың бұл әрекеті жазалануға тиіс деген шешімге келді. Сот Ильястың жоғалған электрондық хаттар туралы сылтауларын ақылға қонбайды деп таныды.

Бұған дейін, сот Мұхтар Әбіләзовтің де осыған ұқсас іс-әрекетін жазалаған еді. Ол кезде Әбілязов дәлелдемелерді әшкерелеу процедурасы барысында құжаттарды ұсына алмаған болатын. Сот Алматы қаласының әкімдігі мен БТА Банктің талап-арыздарына тікелей қатысы бар ақпараттарды ұмытып қалғаны туралы Храпуновтардың уәждемесін жалған деп таныды. Сот пайымынша, Ильяс тиісті айғақтарды қасақана жойып жіберген», - делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, судья Ильяс пен Виктор Храпуновтарға Алматы қаласы әкімдігі мен БТА Банк заңгерлеріне кеткен шығынды өтеуді міндеттеді. Сонымен қатар, сот Храпуновтар бұдан былай белгілі бір дәлелдемелерді ұсыну құқығынан айырылатынын және алқа билерге Ильяс дәлелдемелерді қасақана жойғаны туралы нұсқау берілетінін үкім етті. «Бұған дейін, сот Мұхтар Әбілязовқа қатысты да алқа билерге дәл осындай нұсқау берілетіндігі туралы қаулы еткен еді», - делінген мәліметте.

«Бұдан бөлек, Алматы қаласы әкімдігі мен БТА Банкінің Феликс Сатерге қарсы қатар жүріп жатқан сот процесінде де сот талапкерлердің пайдасына шешім қабылдады. Жауап алу барысында Сатер Храпуновтар мен Әбілязовтің Алматы қаласында тыңшылары бар екендігі және оның қауіпсіздігіне қауіп-қатер төнуі мүмкіндігі туралы мәлімдеді. Сот өз шешімінде Әбілязовтің 2018 жылы Қазақстанда БТА Банктің бұрыңғы басшысын өлтіргені және көптеген басқа да қылмыстар үшін сотталғанын ескере отырып, Сатердің үрейі сенуге тұрарлық екендігін атап өтті», - делінген мәліметте.

Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 70 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялаған.

2018 жылы Қазақстан соты Виктор Храпуновты - 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунованы 14 жылға сырттай соттаған. Ерлі-зайыпты Храпуновтарға “қылмыстық топ құру", "алаяқтық", "пара алу" айыптары тағылған. Сот материалдары бойынша, олардың қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген.

Храпунов - БТА банкінің бұрынғы басшысы, 2009 жылдан бері шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтің құдасы. Әбілязовтің қызы экс-әкімнің ұлы Ілияс Храпуновқа тұрмысқа шыққан.

Айдары: Найзағай 21.05.2020 43

Қатысты мазмұн