«Әзірет Сұлтан» қирап жатыр. Бас мүфтиге ақша жетпей ме?

none

Жаңа астана құрылысының жауһары саналатын еліміздің бас мешіті қирап жатыр. Мешіттің тас тақтайшалары құлап, кейбірі сынып шашылып, сәулетті нысан адам көргісіз жағдайға жетті.

«Әзірет Сұлтанның» атшаптырым алаңы түнгі базарға айналған. Көз байлана бастағанда мешіт алаңына ауыр жүк машиналары келеді де көтерме сауда басталады. Базар болған жер қайбір оңсын, жерді тітіркендіретін гүріл мен аулаға түскен ауыр салмақ мешітті қиратып тынды. Мешіттің қазіргі жай-күйін мынау видеодағы жақында ғана түсірілген суреттерден көруге болады.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің салынуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұрындық болды. Бірінші президент мешітке құнды сыйлық тарту етіп, «Әзірет Сұлтанның» мәртебесін көтерді. Қазақстанның президенттері айт намазын осы мешітте оқу дәстүрге айналды.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти болатын молда алдымен «Әзірет Сұлтанда» бас имам лауазымынан өтеді. Наурызбай Өтпенов те бас мүфтилік қызметіне дейін «Әзірет Сұлтанда» бас имам болған.

«Әзірет Сұлтанға» зекет пен садақа жинаудан теңдесетін мешіт жоқ. Бай-бағланның бәрі осы мешітке келіп садақа береді. Соған қарамай мешіт аз ғана жылдың ішінде тозып кетті. Әрине, бірінші кезекте бұл бассыздыққа Нұр-сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповті айыптауға болар еді, бірақ мұнда гәп бар екен.

«Әзірет Сұлтан» маңындағы дереккөздің айтуынша, бас мүфти Наурызбай Өтпенов астананың бас имамы Ерболат Жүсіповке тізгін ұстатпай жүр. Діни басқармада отыруы тиіс Бас мүфти хатшысын қасына ертіп жұма күні мешітке келіп отырып алады. Бұрын мешіттің бас имамы үшін жасақталған кабинетті әлі сол иеленеді. Ал бас имам қалтарыстағы қуықтай бөлмені паналап отыр.

«Бай- бағыланның бәрі жұма сайын «Әзірет Сұлтанға» келеді. Асыл дініміздің дамуы үшін деп қолына қомақты садақа ұстаған олар «құласаң, түйеден құла дегендей бас имамның кабинетіне отырған бас мүфтиге барады, дұға жасап, құран оқып беруін сұрайды. Ал Ерболат Жүсіпов отырған кабинет есігінде тіпті «бас имам» деген маңдайша жазу жоқ. Наурызбай қажы «Әзірет Сұлтанға» ағылған ақшаны қимай жүр» дейді дереккез.

Дереккөз мешіт ауласында «түнгі базардан» түсетін аренда ақша да мешіт қажетіне жұмсалмайтынын айтады.

«Мешіт тұрағына «түнгі базар» жасауға кім рұқсат бергенін білмеймін. Одан да бір қызық оқиғаны айтайын. «Әзірет Сұлтанға» қапталынан кіретін VIP есік бар. Құрметті кісілерге арналған мешіттің сол кіреберісінің үстін жауын-шашыннан паналау керек болды. Соған түнікке жетпей қалған соң өлген адамның сүйегін жуатын табыттың қаңылтырымен қаптай салды. «Әзірет Сұлтанның» айналасы қирап жатқаны анау, орталық кіреберсі де әбден тозды, мешіт қараусыз қалды. Мешіттің шаруашылық істерімен Бас мүфтидің ағасы Бұқарбай шұғылданады. Қысқасы, бұлар «Әзірет Сұлтанның» ту-талақайын шығарып, асыл дінімізге нұқсан келтіріп, ұят тірлік жасады. Мұны Елбасы біле ме екен?!» дейді дереккөз.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 26.10.2021 1242

Қатысты мазмұн