Әзербайжан әскері Кельбаджар ауданына кірді

none

Әзербайжан әскерилері Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтату туралы келісім аясында Армения қайтарған үш ауданның екіншісіне кірді. Әзербайжан қорғаныс министрі 25 қарашада әскерилердің Кельбаджар ауданы аумағына енгенін хабарлады.

Бастапқыда Кельбаджар ауданы әзербайжан жағына 15 қарашаға дейін қайтарылуы тиіс болған. Бірақ Әзербайжан гуманитарлық себептермен аумақты “қайтару мерзімін” ұзартқан.

Қорғаныс министрінің айтуынша, әскери бөлімшелер еркін жылжи алуы үшін жолдар қалпына келтіріліп, миналардан тазартылған.

Армения екі апта бұрын Баку, Ереван, Мәскеу қол қойған келісімге сәйкес, Таулы Қарабақ маңындағы үш аймақ: Агдам, Кельбаджар және Лачин аудандарын әзербайжан жағына қайтаруға келіскен. Агдам 20 қарашада қайтарылды. Лачин ауданы 1 желтоқсанға дейін берілуі тиіс.

Кремльдің хабарлауынша, 24 қарашада Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян телефонмен сөйлесіп, Мәскеудің араласуымен жасалған атысты тоқтату туралы келісімнің орындалу барысын талқылаған. Кремль таратқан хабарламада тараптардың сонымен бірге гуманитарлық көмек және экономикалық мәселелерді де қозғағаны жазылған.

Айдары: Найзағай 25.11.2020 25

Қатысты мазмұн