«Әлтаев» жобасы – саяси өзгерістің барометрі

none

«Ел тірегі» атты партия құруға әрекеттеніп жатқан Нұржан Әлтаев көше наразалығына басымдық беруге бет алды. Ол оппозициялық алаңда басты саяси ойыншы болуға үмітті.

Партия құрудың мақсаты – саяси билікке жету екені белгілі. Дегенмен, Нұржан Әлтаевта тасып бара жатқан саяси амбиция жоқ, «Ел тірегі» ресми тіркеуден өткенімен, келесі сайлауда парламенттен қомақты депутаттық мандат ала алмайды, өзі де президент тағынан дәмеленбейді. Соған қарамай, оның саяси белсенді әрекетке көшкені жұртты таңғалдырып отыр. Мұнда қандай гәп бар?

Нұржан Әлтаевтың оппозицияшыл риторикасы - үкіметке қарсы, дәлірек айтсақ, үкіметтің ағымдағы шешімдеріне қарсы наразылық сипатында. Ол аңдамай от басып қалудан қорқады, өте сақ қимылдайды. Сондықтан, күшті саяси топтардың мүддесіне қиыс келмеуге тырысып жүр. Әлтаев көбінесе халықты қатты мазалайтын саяси-әлеуметтік мәселені күн тәртібіне алып шықпайды. Жылдам ақпараттандыру жағынан тұралап қалған цифрлы үкіметтің eGov порталын ресейлік Сбербанктің иелігіндегі платформаға орналастыру шешіміне Әлтаев қарсы шығып, бүгін Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық митингісін өткізбекші. Бұл тақырып қазір қоғамдағы өзекті проблеманың бірі емес. Рас, «eGov-ты Сбербанк порталына орналастырсақ, Ресей билігі барша қазақстандықтар жөніндегі мәліметті біліп отырады» деп қауіптенген жаңсақ пікір алғашқыда қазақ қоғамын толғандырған. Бұл түсінбеушілікті үкіметтің салалы министрі, ІТ мамандары жан-жақты түсіндірген соң халық сабасына түсті. Оның үстіне, Қазақстандағы барлық мекемелердің бухгалтериясы қолданатын 1S бағдарламасы ресейлік платформада тұр. Мұндай ауқымды ақпаратты жүйелей алатын платформаны жасаумен космосты игерген секілді әлемінің бірнеше елі ғана шұғылданады. Солардың ішіндегі жалгерлік ақысы арзан әрі Қазақстанмен бұрыннан тарихи сабақтастығы бар жақын ел – Ресей. Экономикалық сипаты басым бұл мәселеден саяси астар іздеудің қажеті жоқ.

«Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевтың eGov порталына қатысты дау-дамайы басылып қалған мәселені күн тәртібіне қайта алып шығып қоздатуының негізгі себебі жоғарыда айтылды. Ол тек үкіметтің экономикалық сипаттағы шешімдеріне ғана қарсылық білдіріп, сол арқылы өзін оппозицияшыл саясаткер етіп көрсеткісі келеді. Оған бұдан басқа жол жоқ, оған оппозициялық ой айтудың шеңберін тар етіп сызып берген. Сондықтан Нұржан Әлтаев жұрттың көзіне псевдо-оппозицияшылыл белсенді болып көрінеді, оны наразы халық қолдамай жүр. «Ел тірегі» билік элитасындағы бір топтың саяси жобасы екеніне сарапшылардың күмәні жоқ. Дегенмен, мұндай жобаны жасап алып, «Ел тірегін» ресми тіркеуден өткізуге көмектеспей отырған, саяси ұйымның қоғамға танымалдығын арттыруға мол қаржы салмай тасадан сығалап тұрған топтың сылбыр әрекетін түсінбейтіндер бар. Бұл соңына дейін әлі жете қоймаған билік транзитінің өлара кезеңінің проблемасынан туындап тұр.

Қазақстан - президенттік республика, келесі сайлауда ең жоғарғы биліктің тізгінін алуға бірнеше топ дәмелі. Әрине, билік транзиті саяси элита арасындағы ішкі бәсекелестік бойынша шешіледі, бірақ сол биліктің легитимдігін халық санасында нықтайтын қоғамдық пікір қалыптастыру да қажет және оны халық мүддесіне орайластыру да есепке алынады. «Үкімет шешімдерімен келіспей» биліктен «өз еркімен» кеткен Нұржан Әлтаевтың «Ел тірегі» атты партия құрам деп оппозицияшыл алаңға өтуі де саяси жоба стратегиясын қамдайтын тактика. Саяси сарапшылар Әлтаевтың әрбір әрекетін бағып отыруының себебі бар. Ол саяси өзгерістердің тербелісін көрсететін барометр секілді. Әлтаевтың белсенді немесе сылбыр әрекетінен жоғарғы биліктегі саяси өзгерістердің басталғанын яки әлі бастала қоймайтын біліп отыруға болады.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 01.11.2021 179

Қатысты мазмұн