Әлтаев пен Курамшин елге тұтқа бола ма?

none

«Ел тірегі» атты партия құрамын» деп жүрген Нұржан Әлтаев айналасына саяси көзқарасы бұлыңғыр, ұстанымы айқын емес, азаматтық позицияда нық тұрмайтын тайғанақ адамдарды жинап жатыр. Әлтаевтың алғашқы қолдаушылары уақыт өте келе одан теріс айналған. Оларды басқа белсенділер алмастырып, бірі кетіп, бірі келіп сапырылысып жатыр. Бұған кінәлі Әлтаевтың өзі. Оның саяси ұстанымы айқын емес, ол билік сызып берген саяси жобаның стратегиясын түсінбейді. Саяси маневрға епсіз, доғал болған соң, ылғи саясат тактикасында қателік жіберіп қойып, алаңғасар әпендінің тірлігін істейді.

Діни радикал елге тірек бола ма?

Өткен аптаның соңында Әлтаевтің қазіргі белсенді жақтасы, ақтөбелік Мұрат Мұхамеджанов «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша бес тәулікке қамауға алынды. Ол «Отан шекарасын қорғаған жауынгерлерге қойылған монументке жабыстырылған ҚазКСР гербін жұлып тастап, осы ісін видеоға түсіріп әлеуметтік желі арқылы көрсеткен. Осынау саяси белсенділікке шолу жасап, талдап көрейік.

Біріншіден, бұл саяси жарнаманың күмәнді тұсы бар. Монумент орнатылғанда оған неге гербті қашап немесе темірмен шаптап жасамағаны түсініксіз болып тұр. Мұхамеджановтың белгіні оңай жұлып алуы үшін әдейі ҚазКСР гербінің қағаз нұсқасы монументке жабыстырылған секілді. Тіпті қағазға бейнеленген гербті монументке соңғы кездері хайп іздеп жүретін әлтаевшылардың өзі жабыстырды ма деген сезік бар.

Екіншіден, Әлтаев та, Мұхамеджанов та Кеңестер одағы саясатын сынға алады, КСРО-ның Ауғанстанға жіберген әскери контингентін, кеңес әскерімен байланысты жауынгерлік операцияларды мансұқтайды. Себебі Кеңестер одағының мұрагері - қазіргі импершіл амбициясы басым Ресей. Мұхамеджановтың мұнысын дұрыс делік. Олай болса, подполковник Мұрат Мұхамеджанов «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлер одағының» төрағасы қызметінен неге бас тартпайды?! Себебі, бұл шекарадағы шайқас Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасын «Талибан» содырларынан қорғау үшін болғаны белгілі, оған Мұхамеджанов секілді қазақ сарбаздары да қатысқан. Қазір Мұхамеджанов қазақ үкіметінен тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлерге арнайы мәртебе беруді талап етіп жүр. Оның бұл ісі екіжүзділік емей, немене?

Әлтаевтың оң қолына айналған Мұхамеджанов екі сөзінің бірінде «Инша Аллах! Маш Аллах! Альхамдуллилях! Субхан Аллах! Аллаху Акбар!» деп ұрандайды. Бұл дінді «маскхалат» ретінде жамылып алған радикалдардың айқай сүреңі екенін білеміз. Діни экстремизм мен терроризмнің қауіпі сейілмей тұрған заманда осылайша ұрандау қоғамда қорқыныш туғызады. Тоқсаныншы жылдардың басында тәжік шекарасын сыртқы жаудан қорғаған Мұхамеджанов секілді сарбаздарға «Талибан» содырлары да «Инша Аллах! Маш Аллах! Альхамдуллилях! Субхан Аллах! Аллаху Акбар!» деп ұрандап, шабуылдаған. Сол соғыста талай сарбаз қаза тапты. Енді Мұхамеджанов қан майданда кескілесіп соғысқан жауының ұранын қазақ саяси аренасына, «Ел тірегі» қозғалысының Нұр-Сұлтан қаласында өткізген митингісіне алып шықты. АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуіне орай талибтердің күшейіп, тәжік, өзбек, түркімен шекарасына қауіп төндіріп тұрған тұста Мұхамеджановтың діни ұраны жау шақырғандай есітіледі. Оны Нұржан Әлтаевтың қолдауы, Мұхамеджановты «сенімді саяси серігім» деп жақсы көруі көкірекке қорқыныш ұялатады.

Бір баланы асырауға 20 мың теңге жете ме?

Өткен аптада «Ел тірегі» қозғалысының төрағасы Нұржан Әлтаев көпбалалы аналармен кездесіп, «мәжбүрлі вакцинаға қарсымыз» деп ұрандатты. Сонымен қатар ол көпбалалы аналардың проблемасына көңіл бөлетін кейіп танытты. Осылайша ол өзіне жақтас жинап жатыр. Ақиқатында, Нұржан Әлтаев көпбалалы аналар проблемасына қатысты позициясын әлдеқашан анықтап қойған. Ол әлеуметтік салада вице-министр болып тұрғанда «бір баланы асырауға 20 мың теңге жетеді» деген еді. Ол бұл цифрды жай ғана айта салған жоқ, 20 мың теңгенің бір бала асырауға жететінін тәжірибеде дәлелдеуге тырысқан. Қазір оның езеуреп айтқан сол ұстанымынан айни қоюы неғайбыл. Әлтаевтың көпбалалы аналармен кездесіп фотоға түсуі оның кезекті саяси хайп жасауы секілді. Ана мен бала мәселесін қозғағанда елге тірек болғысы келетін Нұржан Әлтаевтың отбасылық проблемасын айналып өте алмаймыз. Ол бірнеше мәрте ажырасып қайта үйленген еркек. Әлтаевтың некедегі тұрақсыздығын айыптай алмаймыз, мүмкін, еркек пен әйелдің мінезі жараспаған шығар, бірақ бұрынғы әйелінен туған балаларын кәмелет жасына толғанға дейін асырауға көмектесу, алимент төлеп тұру заңмен бекітілген. Алимент төлеуден қашып жүретін көп еркектер секілді Нұржан Әлтаев та заң талабын орындаудан бас тартты деген ақпарат бар. Мүмкін, ол бұрынғы әйеліне ренжіп, оны мұқатуды, оған қиындық туғызуды көздеп қырсығып жүрген шығар. Дегенмен, бәрібір бұл жағдай да оны ақтап ала алмайды. Өзінің басында осындай екі проблема бола тұра, Әлтаевтың көпбалалы аналардың алдына барып, мәселе қозғауына, оларды өзіне жақтас ретінде тартуына моралдық құқы жоқ.

Әлтаевтың жер мәселесі бойынша көзқарасы

«Ел тірегі» қозғалысының маңына Мақсат Нұрыпбаев басшылық жасайтын «Алаш жолы» ұйымының белсенділері топтаса бастады. «Алаш жолының» түпкі ойы қандай екенін айта алмаймыз, бірақ ұйым белсенділері ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сатуға немесе шетелдіктерге жалға беруге қарсы.

Ал Нұржан Әлтаев Мәжіліс депутаты қызметінде жүргенде жерді жекеменшікке беру жағында болды. Оның ойынша, жердің иесі болмаса, оған инвестиция тарту қиын, жерді игеру және топырақтың сапасын сақтап қалу мүмкін емес. Ол осы ұстанымынан әлі қайтқан жоқ, тек жер мәселесіне келгенде орағытып айналып өтуге тырысады. Сондай адам құрған «Ел тірегі» қозғалысына патриот Мақсат Нұрыпбаев бастаған «Алаш жолы» қозғалысының белсенділері қосылып кеткені күдікті қоюлата түсті. Мұнда «саяси ренегат Мақсат Нұрыпбаев па, әлде Нұржан Әлтаев па?» деген сұрақ туындайды. Қарама-қарсы екі көзқарастағы адамдардың бірігуі үшін біреуі әуелгі идеясынан тайқып, оны түбегейлі мансұқтауы керек емес пе?! Бұл да Әлтаевтың саяси маршының күмәнді жолға түскенінен, ұстанымы бұлыңғыр екенінен хабар береді.

Соңғы кезде Нұржан Әлтаев бұрын бірнеше мәрте сотталған Вадим Курамшинге арқа сүйеп жүр. Бұл енді Әлтаевтың саяси маршындағы шарасыздығын көрсетсе керек. Вадим Курамшин алғаш рет 90-шы жылдардың соңында «алаяқтық, жалған құжат, мөр жасау,...» бабымен сотталған. Алаяқтық қанға сіңіп қалатын рухани кесел ғой. Ол бұдан кейін тағы да екі мәрте сотталды. Курамшин түрмеге үшініші мәрте қамалғанда сотталғандардың құқығын қорғауды талап етуге көшті. Сөйтіп бірнеше мәрте сотты болған адам аяқ астынан құқық қорғаушының кейпіне еніп алды. Курамшин бостандыққа шыққан соң Болат Әбілев бастаған оппозициялық топқа жақындай бастады. Оппозициялық басылымдар рецидивист Курамшиннен нағыз құқық қорғаушының тұлғасын сомдап шығарған. Жаман әдетке бойы үйреніп қалған ол бұрынғы тірлігіне қайта-қайта орала берді. Оның оппозицияға қосылуы жай ғана көз алдау болатын, ол ел аралап, қалталы шенділерден мол ақша бопсалаумен шұғылданып кетті. Ақыры Жамбыл облысында ақша бопсалау кезінде тұтылып, тағы да сотталған. Оның осы қылығы үшін оппозиция басшылары мен белсенділері Курамшиннен теріс айналып кетті.

Біршама уақыт қоғам назарынан тыс қалып, көзге түспей кеткен Вадим Курамшиннің аяқасты «Ел тірегі» қозғалысының маңынан табылуы күдік туғызады. Ол өзінің алаяқтығын, біреуден ақша бопсалайтын әдетін тағы да саясатпен бүркемелеп әрекет етпек. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал Әлтаевтың басқа адам таппағандай Курамшин мен саяси серіктестік жасауы оның оппозиция тарихынан сабақ алмағанын көрсетеді, ол кешегі оппозицияның бармақ тістеп қалған қателігін қайталап жатыр. Сондай қалай, енді рецидивист Вадим Курамшин қазақ халқына тірек бола ма?..

Саяси аренада тез танылып, көзге түскісі келіп жүрген Әлтаев бұралаң арықта ағып бара жатқан жаңқаға ұқсайды. Кейде ол шөп-шаламға оратылып, кейде үшкір жағымен ұйыққа қадалып, лайға белшесінен батып саталақ болып қалады. Ең сорақысы сол, Әлтаев соның бәрінен хайп жасап жіберуге құмар, саясат деген осы екен деп ойлатын секілді. Бұл оның өзіне артылған міндет пен саяси жобаның стратегиясын түсінбейтінін, билік оны саяси клоун ретінде пайдаланып отырғанын сезбейтінін байқатады. Ал ең сорақысы, өз бастарында осындай көлеңкелі, күмәнді тұстары көп адамдардың «Ел тірегі» деген дардай ат алған қозғалыстың басы-қасында жүр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 13.07.2021 240

Қатысты мазмұн