Әлия Жанабылқызы кімнің жыртысын жыртып жүр?

none

Бүгінде Қытай қаупі қазақ қоғамында жоғарыдан төменге дейін, кәрі жас демей күнделікті айтылатын қызуы сөнбеген тақырыпқа айналды, тек біздің елде ғана емес төңірегіміздің төрт бұрышындағы көршілес елдердің бәрі де аталмыш қауіп жайында айтып та, жазыпта жатыр. Солтүстіктегі көршіміз Ресейде, мұхиттың аржағындағы Америка бастаған батыс елдеріде де қытай қаупін жиі есімізге салып дабыл қағып келеді.

Әрине бұл күнде Қытай қаупі әлем назарында. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Наполеон "Қытай ұйқыдағы айдаһар, ол оянбасын, оянса дүниені алақанында ойнатады "- деп өсиет қалдырыпты.

Реформа жасап есік ашқан соңғы 40 жылда жедел дамыған қытай әлемнің екінші үлкен экономикасына айналды. Халық саны 1.4 миллиардқа жеткен Қытайдың дәулеті өрге домалаған дәуірі кеңестер одағының ыдырау кезеңіне тұспа-тұс келді. Кеңестер одағының қара шаңырағында қалған Ресей әлсіреп оның жылдық ішкі жалпы өнім Құны қытайдың Гуаңдоң провинциясының экономикалық әлеуеті деңгейіне түсіп қалды.

Әрине Қытай қаупі бар, десе де жедел дамып шаруашылығы шалқыған Қытайдың проблемаларыда жетерлік екені де сарапшылар тарапынан айтылып та жазылып та жүр. Қытай танушылардың айтуынша, Мао заманында әлемге революция экспорттап қауіп төндірсе, бүгінгі таңда қытай қаупі мына үш бағытта, яғни әлем елдерінде Конфуции институттарын жаппай ашу, қытай медицинасы мен қытай аспаздығын өзек ете отырып әлем елдеріне қаржы құйып, қытай мәдениетін насихаттап, тарату, өзінің аса қуатты экономикалық әлеуеті арқылы мәдениет және экономика саласында өз ықпалын қатар жүргізуді көздейді.

Еліміз тәуелсіздікке қол жетқізген кезде, тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған елдердің бірі ретінде көршілес ел Қытаймен арадағы дипломатиялық, сауда-экономикалық, тату көршілік қатынастарымыз жан-жақтылы дамып келді, әсіресе елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамашылығымен екі ел арасындағы даулы шекаралар бекітіліп кеңес заманынан қалған талас-тартысқа нүкте қойылды. Қытайдың еліміз мұнай-газ саласына салған қаржысының үлес салмағының артуы, елімізден мұнай-газ тасымалдайтын екі линияның қытайға тартылуы, 55 қытай кәсіпорнының елімізге енгізілуі, екі темір жол линиясының жұмыс істеуі, батыс Қытай мен батыс Еуропаны жалғайтын жоғары қарқынды тас жолының салынуы, 6 Конфуции институтының елімізде жұмыс істеуі, сықылды экономикалық, мәдени байланыстардың тереңдеуі көңілге қауып ұялатады. Әсіресе ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қытай қаупі жөнінде алуан түрлі ақпараттар тарап, ауылдағы қарапайым ағайыннан тартып, парламенттегі халық қалаулыларына дейін толғандыратын түйінге айналып, жиі талқыланып жатыр.

Біздің білуімізше, Қытай ежелден ашық жаулап алуға бармайды. Елу жылдық, 100 жылдық ұзақ мерзімге жоспарлар жасап сол негізінде мысық табандап әрекет етеді. Тарихта солтүстүгіндегі көшпелі Ғұн мемлекетін жаулап алу үшін қытайдың Хан әулетінің үш ұрпақ императоры дайындалған деседі. Тұран даласынан тұлпар сатып алады, қылыш жасау өнерінің құпиясын үйренеді. Ең соңында өз тұлпарларымызды мініп, өзіміз үйреткен қылыш пен өзімізге қарсы шабады.

Осы тарихи сабақтар тұрғысынан алған кезде Қытай қаупі тақырыбына үстірт қарауға болмайды. Соңғы кездерде әлеуметтік желілерде қытайшыл, сатқын, қытай жансызы деген атаулар жиі айтылатын болды. Қарапайым адамдар бір бірінен күмәнданатын, тіпті әке мен бала, аға мен інінің пікірі екіге жарылып, бір бірімен араз-ашты болатын күйге жетті. Әрине, бұл жәйттер жайдан жай туындамайды, терең объективті және субъективті себептері бар екені сөзсіз.

Жоғарыда айтқанымыздай қытай мәдениеті мысық табандап біртіндеп кіретінін еске ұстай отырып қолымызға түскен мына бір материялдарға назар аудара кеткенді жөн көрдік.

Әкесі Қытайда лауазымды қызмет атқарған Әлия Жәнабілқызы есімді азаматша көптен Қазақстанда тұрады, жергілікті қазақ азаматымен тұрмыс құрған, өзі әлі Қытай мемлекетінің азаматтығында. Сол Әлия Жәнабілқызы Қазақстанда қоғамдық бірлестік құрған екен. Бізді таңғалдырғаны қоғамдық ұйымның аты мен құрылтайшыларының құрамы болды.

"Қазақстандағы қытай Хуацяоулары және қытай-қазақ достығы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының тұрақтылығы мен дамуын ілгерлету бірлестігі".

Осындай атаулы ұйымды ҚР Әділет минстірлігіне теркеуге ұсынғалы үш жылдың жүзі болса да, осы күнге дейін тіркеуден өтпеген. Алған бетінен қайтпайтын Әлия Жәнабілқызы ұйымның атын "Жібек жолы " деп өзгертіп, тіркеуге қайта ұсынса да еліміздің әділет органдары кері қайтарып жатқан көрінеді.

Тіркеуден өтпеген ұйымның 10 құрылтайшысының есімдері төмендегідей:

1.Әлия Жанабілқызы.

2.Мерей Сламұлы.

3.Айгүл Түркия.

4.Ерлан Қазезұлы.

5.Сыздық Борсабаев.

6.Нұрғаным Жанабілқызы.

7.Айгүл Мәуленбайқызы.

8.Дауыл Қасенұлы.

9.Ин Чун.

10.Қанат Ислам.

Құрылтайшылар құрамына қарап отырып өзімізді қызықтырған бірнеше есімге және бірнеше сұрақтарға тоқтала кетуді жөн деп таптық.

Алматының шетіне орналасқан "Кы Лун-Kaзфарм" деген қытай қаржы қосқан дәрі жасайтын заводтың құрылтайшысы Мерей Сламұлы елге ерте оралған қандастардың бірі. Алматыда, Алатаудың баурайында зәулім ғимаратты үйде тұрып, бақуатты ғұмыр кешетін Мерей Сламұлы елімізде өтетін мемлекеттік мәні бар шараларға ат салыспайды, тек өз руластарының мерей тойлары мен түрлі шараларына белсене қатысып және қаржы бөліп отырады. Еліміз құқық қорғау орындарының қызметкерлері мен аса тығыз қарым қатынаста. Қытайдың ішкі өлкелерінің бірінде жоғары білім алған.

Ерлан Қазезұлы есімді аталмыш ұйымның және бір құрылтайшысы Үрімжі қаласында туып өскен Қытайша оқып, жоғары оқу орнын қытай тілінде тәмамдап елге тәуелсіздіктің алғашқы кезінде оралған соң қытай дәрігерлігінің құрғақ инемен емдеу орталығын Алматыдан ашып бизнес бастаған, негізінен қытайдың шөп дәрімен емдеу тәсілін пайдаланады. Бұл азаматта елімізде өтіп жататын мемлекеттік сипаттағы маңызды шараларға ат салыспайды, тек еліміз құқық қорғау орындарында көптеген достары бар, жыл сайын прокуратура, ішкі істер, қаржы полициясы, үш әріпте жұмыс істейтін достары мен Өскеменге, Қытайға бірге барып демалып қайтады.

Айгүл Түркия есімді және бір құрылтайшысы Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып қытай үкіметінің арнайы қаржысымен Қазақстанда, Мәскеуде оқыған, орыс және ағылшын тілін жақсы меңгеріп, Алматыда табысты бизнеспен айналысыпты. Бұл күнде Астанада тұратын Айгүл Түркия мен Әлия Жәнабылқызын бір кездері Қытайдың елімізде тұратын бас елшісі Жаң Хаңхуэй мырза өз өтініштері бойынша қабылдап, содан кейін жыл сайын елшіліктің өткізетін түрлі шараларына үзбей қатысып келеді.

Алматыдағы кезінде Қытайдан елімізге келетін әр дәрежелі басшыларды күтіп алатын, және Қытайдың Алматыдағы консулдығы мен тығыз қарым қатынаста көрінеді. Айгүл Түркияның інісі Жеңіс Түркия "Жәнібек батыр қорын" басқарады. Еліміздің энергетика, мұнай газ саласына Қытайдан инвесторлар әкеліп ортасынан үлес алумен айналысады. Ағайынды Айгүл және Жеңіс Түркиялардың компаниясының Қытайдың Шаңхай, Шынжын, Үрімжі қалаларында филиалдары жұмыс істейді. Еліміз билігіндегі жоғары лауазымды тұлғалармен де жақсы қарым қатынаста. Ұйымның Ин Чун есімді ұлты кәріс және бір құрылтайшысыда табысты бизнес пен айналысады.

Қалған құрылтайшылары негізінен алғанда Әлия Жәнабілқызының туыс туғандары мен жерлестері .

Бізді ойландыратыны, бүгінге дейін Қытай мен ашық жұмыс істейтін 30-ға тарта қоғамдық ұйымның ішінде Әлия Жәнабілқызы құрмақ болған әлі тіркеуден өтпеген "Қазақстандағы Қытай Хуа цяоулары және Қытай-Қазақ достығын мен ШыңЖаң ұйғыр автономиялы ауданының тұрақтылығы мен дамуын ілгерлету бірлестігі " деген ұйымның астыртын жұмыс істеуі, негізгі екі құрылтайшысының жоғарыда біз айтып өткен Қытай қаупін әкелетін бағыттардың бірі қытай дәрігерлігі саласында елімізде тапжылмай жұмыс атқарып жатуы болып отыр. Қытай аспаздығы елімізде сонау тәуелсіздіктің алғашқы кезінен бастап көптеп ашыла бастады. Бұл күнде еліміздің ірі қалаларының бәрінде дерлік Қытай асханаларын кездестіруге болады. Алматыда бірнеше жерден ашылған "ЛАНДЧЖОУ", "ТУРАНДОТ" сықылды қытайша тағам дайындайтын асханалар еліміздің өзге қалаларында да сондай атаумен бөлімшелерін ашып барған сайын көлемін ұлғайтып қанатын кеңге жайып барады.
Өте-мөте Әлия Жәнабілқызы құрған ұйым атының Шыңжаңның тұрақтылығы мен дамуын ілгерлету бірлестігі аталуы біздің санамызда сан алуан сұрақтар туындатып отыр.

Шыңжаңның тұрақтылығы мен дамуын ілгерлетуді Қазақстанда мақсат етіп ұйым құру үй ішінен үй тігу болып саналмай ма?

Тәуелсіздік алғаннан бері әлемнің әр қыйырындағы елдерден миллионнан аса қандасымыз елге оралды. Солардың бәрінің тәуелсіз Қазақ елінің дамуына үлес қоссақ деген бір ғана мақсаты бар. Әлия Жәнабілқызынан өзге бір де бір қазақтың тәуелсіз тарихи отанына келіп, дәм-тұзын татып жүріп, өзге елдің тұрақтылығы мен дамуын ілгерлету үшін ұйым құрған ешкімді естімептік. Қанша ойлансақ та ешбір қисынға сиғыза алмадық. Еліміздегі Қытайдың елшілігі және консулдықтарымен болған кездесулерде өзінің Қытай азаматтығынан бұл күнге дейін шықпағанын, қанша қиындық көрседе Қытай азаматтығынан бас тартпайтынын мақтанышпен айтатын Әлия Жәнабілқызының өзге елдің азаматы бола тұра Қазақ жерінде өзге елдің амандығын көксеп қоғамдық бірлестік құруы және үш жылдан бері оны заңды тіркеуден өткізу үшін еліміздің құзырлы орындары кері қайтарғанына қарамастан, тоқтаусыз өтініш беруі, Қазақ еліне деген құрметсіздігі ғана емес, тәуелсіздігіміз бен ата заңымызды аяққа таптау емес пе? "Жау жоқ деме, жар астында " дегендей, елім, отаным деп келіп өзге елдің әнін әндеп жырын жырлап жүрген Әлия Жәнабілқызы бастаған топтың іс-әрекетін еліміз құқық қорғау орындары мен қоғам белсенділері жіті бақылауында ұстайды деген сенімдеміз.

Дәурен Сүлейменов

(Фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 10.12.2019 1941

Қатысты мазмұн