Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2 пайызға өсті

none

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жыл басынан елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өскенін айтты.

«Биылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2 пайызға өсті. Бұл ретте, өткен жылдың ұқсас кезеңінде бағалар 4,8 пайызға қымбаттады. Өсімнің 4,1 проценттік пункті карантиндік дүрлікпе салдарынан наурыз айында байқалды. Қабылданған жедел іс-шаралардың нәтижесінде бағалардың өзгеруі тұрақтанды. Соңғы үш аптада өсім 0,2 пайызды құрады», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында биылғы 11 наурызда ҚР Үкіметінің отырысында 45 іс-шарадан құрайтын Бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасы мақұлданды. Жол картасын орындау аясында наурызда жедел шаралар қабылданды.

«Сонымен қатар, кейбір өңірлерде әлі күнге дейін жоғары өсім байқалады. 6 сәуірдегі жағдай бойынша ең жоғарғы баға өсімі Жамбыл облысында (4,2%) және Атырау облысында (3,8%) орын алды. Ең аз 2,9 пайызға өсім Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді», - деді Б. Сұлтанов.

Бұдан бұрын БАҚ хабарлағандай, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Атырау мен Жамбыл облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қымбаттап кеткенін айтты.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин бағаның өсуіне жол бергені үшін Атырау және Жамбыл облыстары әкімдерінің жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жариялау жөніндегі ұсынысқа қолдау білдірді.

Айдары: Дүрбі 12.04.2021 35

Қатысты мазмұн