Әлемде коронавирустың тарауы күшейіп барады

none

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясының бұрынғыдан қарқындырақ тарап жатқанын айтты. Ұйымның мәліметінше, қазір әлемде күн сайын 160 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. АҚШ-та вирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші алғаш рет 50 мыңнан асты. Елде COVID-19 ауруына шалдыққандар 2,7 миллионға жетті.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, 1 шілдеде коронавирус АҚШ-та 52 мың адамнан анықталған. Індеттің қарқынды тарауы жергілікті билікті дәмханалар мен жағажайларды жабуға итермеледі. 4 шілдедегі Тәуелсіздік күнін тойлауға дайындалып жүрген америкалықтар бұл жаңалықты көңілсіз қабылдады. Эпидемияның тарауын бақылауда ұстап отырған кей штаттар қоғамдық орындарын ашуды кейінге қалдырды.

1 шілде күні АҚШ-та 700 COVID-19 өлімі тіркелді. Аурудан қайтыс болғандардың саны 128 мыңнан асты.

Эпидемия күшейген тұста АҚШ COVID-19 ауруынан жазылуды жылдамдатуы мүмкін деген оймен Эбола вирусына қарсы қолданылатын “Ремдесивир” дәрісінің әлемдегі барлық дерлік қорын сатып алды деседі. АҚШ-тың бұл қадамы халықаралық эксперттер қауымдастығының алаңдаушылығын тудырды. Дәрінің жаңа партиясы тек күзде ғана дайын болады, қалған елдердің бәрі сол уақытқа дейін күтуге мәжбүр.

Ал вирустың тарауы бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында тұрған Бразилияда COVID-19 өлімі 60 мыңға жетті. Мексика денсаулық сақтау министрлігінің елде 28 мың адамның коронавирустан өлгенін хабарлады. Яғни Мексика бұл көрсеткіш жөнінен бір-екі ай бұрын пандемияның тарауы бойынша әлемді дүрліктірген Испаниядан озып кетті.

Айдары: Найзағай 02.07.2020 38

Қатысты мазмұн