Әбілязовтің аудиториясын Мамай тартып алды

none

Қазақстандағы оппозицияшыл көңіл-күй өзгеріске ұшырай бастады. Қала көшелері мен алаңдарында әлсін-әлсін өтетін наразылықтың тізгінін жас саясаткерлер басқаратын «Республика», «Oyan, Qazaqstan» сияқты ұйымдар алды.

Қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтің оппозицияшыл көңіл-күйге үнемі дем беріп отыратын тағы бір плацдармын - саяси насихат жасайтын әлеуметтік желідегі орнын «Қазақстанның демократиялық партиясын» (ҚДП) құруға белсене кіріскен Жанболат Мамай иеленді. Ол күнаралатып Фейсбук және Ютуб желісінде тікелей эфирге шығып, саясат айтып, Ақорданы сынауды күшейтті. Бұрын бұл екі бағытты да Әбілязов өзінің аудиториясы санайтын. Сондықтан ол Қазақстанда құрылған немесе құрылғалы жатқан кез келген ұйымды, саяси аренаға бет түзеген белсенді азаматтардың бәрін «бұрқ-сарқ қайнаған халықтың «буын» шығаратын Ақорданың саяси жобасы» деп айыптауға көшкен. Бірақ оның қызғаныштан туған бұл қысастығы нәтиже бермейтін сияқты, «ит үреді, керуен көшедінің» кері болғалы тұр. **Неге? **

Біріншіден, Қазақстанда сырттай ұзақ мерзімге сотталған Мұхтар Әбілязов шетелде бассауғалап жүр. Оның белсенді жақтастары да алыс шетелден батырсынып үндеу тастап, насихат жасайды. «Шетелде жатып алып, жұртты наразылыққа шақыру оңай, күшті болсаң, Қазақстанға келіп митингіні басқарып көр» деген сын әбілязовшілерге жиі айтылып келеді. Оның үстіне, шетелде жатып алып, Қазақстандағы халықтың көңіл-күйін дөп басу қиын. Бұл тұрғыдан алғанда «Республика» мен «Oyan, Qazaqstan» лидерлерінің, құрылғалы жатқан ҚДП белсенділерінің жүзі ашық, наразылық шерудің үнемі алдыңғы шебінде жүреді. Екіншіден, Мұхтар Әбілязов басқаратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын Қазақстан соты экстремистік деп таныған. Ал Мұхтар Әбілязов банкир Мұхтар Жәкішевті өлтіруге тапсырыс беруші ретінде және басқа да қылмыстары үшін ұзақ мерзімге сотталған. Мұндай ұйыммен, мұндай адаммен тығыз байланыс жасауға жұрт сескенеді. Рас, Қазақстанда Әбілязовтің Ж.Қуанышәлі, В.Козлов сияқты бірен-саран «қызылкөз» жақтастары бар. Бірақ олардың жасы ілгерілеп қалды, саяси аренаға аяқ басқан жастарға көшбасшы бола алмайды. Олар, әріге сілтеді дегенде, Жанболат Мамай сияқты жас саясаткерлердің сын айтып, сөзбен ғана кедергі жасауға тырысады.

Үшіншіден, Мұхтар Әбілязов жас емес, алпысты алқымдап қалды. Оның жақтастарының да жас шамасы өзімен қабилас. Әбілязовшілер - оппозицияның аға буыны, олар саяси сахнадан кетіп бара жатыр. Ал Мамай болсын, «Республика» мен «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының лидерлері Димаш Әлжанов пен Белла Орынбетова болсын, олар - жалындаған жастардың өкілі. Ал Әбілязовке жан-тәнімен қолдау білдіріп жүрген заңгер Бота Жәрдемәлі мен блогер Жанара Ахметова (Жанна Бота) ғана. Олар М.Әбілязовке саяси идеясы үшін емес, оған жеке бас мүддесін күйттеп қосылғаны белгілі. Сондықтан Әбілязов күшеніп, жалын қанша күдірейтсе де, жалғызілікті болып тұр.

Төртіншіден, Әбілязов – технократ, ұзақ жылдар бойы тасада тұрып, астыртын саяси интригамен ғана айналысты. Журналистиканың тезінен өткен, үш тілге жетік, жастығына қарамай ашық саясатта мол тәжірибе жинаған Жанболат Мамаймен бәсекелесуге Әбілязовтің дәл қазір әлеуеті жетпейді. Оның үстіне тәжірибелі журналист Инга Иманбай өзінің жары Жанболатқа зор көмек беріп отыр. Сауатты журналистерді тапқыр саяси технологтар деп те атаса болады. Ерлі-зайыпты журналистердің саяси аренаға қол ұстасып шығуы ерекше құбылыс. Ортақ мақсат-мүддені көздеген отбасының саяси маршы кедергілерді бұзып-жарып өте алады, зор жетістікке жетеді. Мұны біз жас саясаткерлердің алғашқы қадамынан байқаймыз.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 25.11.2019 136

Қатысты мазмұн