
Желтоқсанның 8-і күні Францияның босқындар құқығы жөніндегі ұлттық соты (CNDA) қылмыс жасағаннан кейін шетелге қашқан экс-банкир Мұхтар Әбілязовке Франциядан саяси баспана беруден бас тартты. Сот шешімінен белгілі болғандай, Мұхтар Әбілязовтың адвокаттары - Пикуа мен Кәрім Бейлунидің Францияның босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғау басқармасының (OFPRA) 2018 жылғы сотты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешіміне қарсы шағымын қабылдамады. Яғни, оған Франциядағы саяси босқын мәртебесі берілмейді.
Естеріңізге салсақ, 2020 жылдың қыркүйегінде Францияның құзырлы органы экс-банкирге саяси баспана берген болатын, оны Франция Мемлекеттік кеңесі 2021 жылдың желтоқсанында жойып, CNDA-ға қайта сараптамаға жіберді. Содан кейін Мемлекеттік кеңес олигарх босқын мәртебесін алмау керек деп шешті, өйткені ол БТА-да «жеке баюдың» алаяқтық схемасын жасады.
Нәтижесінде 9 желтоқсанда CNDA ақыры Әбілязовты Франциядағы саяси баспанадан айырды. Енді заң бойынша ол Франциядан Қазақстанға немесе үстінен түрлі қылмыстық істер қозғалған Ресей, Украина және Ұлыбританияға депортацияланады немесе экстрадицияланады деп күтілуде. Өйткені бұл елдердің де оған қоятын кінәрат-талаптары бар. Бұл елдерде де ол ақша жымқырды деген күдікке ілінген.
Әбілязов Қазақстаннан кетер алдында БТА банкті басқарған, қазір оны миллиардтаған долларды жымқырды деп айыптап отыр. Қазақстанда ол сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сонымен қатар, Әблязов банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына сырттай сотталды.
2012 жылы Англияның Жоғары соты Мұхтар Әбілязовті қамауға алу туралы шешім шығарған. Судьялар оның «бірнеше рет жалған айғақ бергенін, жалған құжат ұсынғанын» анықтады.
2022 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қашқын олигарх Мұхтар Әблязовті жазалау шаралары туралы түсініктеме берген еді. "Бұл мәселе саяси деңгейде талқыланбайды. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, оның ішінде Еуропа мен АҚШ-та да сот және құқық қорғау органдарының құзырында. Өздеріңіз білесіздер, Әбілязов мырза құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстанда 20 жыл мерзімге сотталған. Сонымен қатар Лондонның Жоғарғы соты оны БТА банктен 4 миллиард долларға жуық ақшаны ұрлағаны үшін соттады. Бұдан басқа, оған қатысты басқа да сот процестері бар, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Францияда. БТА, сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі, ҚР Әділет министрлігі», - деп түсіндірді Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Еуропада емін-еркін жүріп, Қазақстанның мемлекеттік билігін құлатуды алға мақсат етіп қойып, буыны қатпаған жастарды азғыруға кіріскен Әбілязов соттан құтылып кеттім деп ойлап жүрді. Шетел асқан бойда бұрынғы ұрлықы әрекетінің бәрін "ұмытып", демократ кейпіне енген ол Қазақстанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатамын деп ұрланған ақшаны мемлекетке қарсы әр түрлі жобаға салды. Онысынан нәтиже шыққан жоқ. Бірақ жасаған әрекеті үшін жауапкершілік болатынын ұмытпау керек. Қазір бұрынғы қылмыстары, мемлекеттік билікті күшпен құлатуға үндегені үшін де жауапқа тартылады. Қашқын экс-банкирдің қай келге экстрадицияланатыны жақын арада белгілі болады. Алда оны көп сот процесі күтіп тұр, осы орайда оған белгіленетін жазаны өтеуге өмірінің жетпейтіні анық.