Әбілязов Навальный емес. Неге?

none

Германияда ұзақ уақыт емделген соң Ресейге қайта оралған саясаткер Алексей Навальныйдың батылдығы Парижде бассауғалап жүрген Мұхтар Әбілязовті беделінен жұрдай етті. Әлеуметтік желіде «оппозияшыл күресті Навальный секілді ел ішіне келіп жүргізбейсіз бе» деген сұраққа Әбілязов Қазақстанға келе алмайтынын, оның себебі - ұшақтан түскен бойда қамауға алынып, ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылатынын айтып ақталды, босқа құрбандыққа шалынығысы келмейтінін тағы да нақтылады. Оның ойынша, өзінің жағдайы Навальныйдікімен ұқсас емес, Қазақстанды да Ресеймен салыстыруға келіңкіремейді. Дегенмен, Ресейдегі қазір жағдайдың беталасы Әбілязов жауабындағы шикіліктің бар екенін көрсетіп отыр.

Ресей билігі үшін Навальныйдың қорқып, Германияда қалып қойғаны тиімді еді. Сондықтан Ресей билігі баспасөз арқылы Алексей Навальныйға пошта саласында жұмыс істеген інісі Олег Навальныйдың «қылмыстық әрекетіне көлеңкеде тұрып басшылық жасады» деген айып бойынша берілген шартты жазаны (3,5 жыл) түрме жазасына ауыстырылғаны жөнінде хабар таратқан. Бұл Навальный шошыта алмады, ол 2021 жылдың 17 қаңтарында Мәскеуге ұшып келді, келген бойда әуежайда қамауға алынды... Кейбір ақпартта Алексей Навальныйға бұдан басқа да қылмыстық іс қозғалып, ол іс бойынша кемі 12-13 жылға сотталатыны айтылады. Егер осы тұрғыдан қарасақ, Әбілязовпен салыстырғанда Навальныйдың да өмірін түрмеде өткізетін мерзімі аз емес. Соған қарамай Навальный Ресейге келді, ал Әбілязов Парижде бұғып қалды. Мұның түпкі себебі неде?

Министр болған, кейін БТА банкті басқарған Мұхтар Әбілязовтің оппозицияшыл саясаткерге айналуы ақшамен тығыз байланысты. Ол жемқорлық жайлап, талан-таражға түскен Қазақстан экономикасынан басқалар сияқты өзіне «қомақты үлес» ала алмағанына, соны заңдастырып үлгермегеніне қорынып ызалатын секілді. Сондықтан болса керек, Әбілязов өзі басшылық жасаған БТА банктің ақшасын шетелге жылыстатты. Оның қылмыстық бұл әрекетінен банктің филиалдары ораласқан елдер – Украина мен Ресей де зиян шекті. Қазақстан билігі Әбілязовтің осы әрекеті үшін қылмыстық іс қозғағанда ол өзін «саяси көзқарасы үшін» қудаланып жатқан адамдай көрсетіп, оппозицияшыл саясаткердің кейпіне кіріп алды. Ал Алексей Навальный өзінің саяси күресімен «таза қолмен» бастаған белсенді. Ол құрған «Коррупциямен күрес қоры» бұрыннан Ресей билігіндегі жемқорлықты әшкерелеумен шұғылданып келеді. Оған қарсы қозғалған қылмыс іс күмәнді, саяси астары бар екені анық. Сондықтан оны батыс елдері де, Ресей халқының басым бөлігі қолдайды. Оның ештеңеден жасқанбай еліне қайта оралуының басты себебі де – осы. Ол ұзақ уақыт түрмеде отырса да өзінің айнымас қолдаушыларының барын сезеді. Жағдайдың дәл солай екенін 23 қатарда өткен жалпыресейлік наразылық шарасынан көрдік – милиондаған адам Навальныйды тезе арада босатуды талап етіп көшеге шықты. Бұл бір реттік акция емес, Навальныйдың жақтасары әр апта сайын наразылық жасауға бейіл болып отыр. Ал Әбілязовтің Қазақстанда ұйымдастырған митингісіне оншақты адам ғана жиналады. Осының өзінен-ақ Әбілязовті қолдаушылардың жоқ екенін көреміз.

Өзін бизнесмен санайтын Мұхтар Әбілязов тұлғасында өшпейтін қара дақ жабысқан. Сот шешімі бойынша, ол - БТА банктің бұрынғы төрағасы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс беруші. Аң аулау кезінде Е.Тәтішевті атып өлтірген Мұратхан Тоқмади де, өлтіруге тапсырыс беруші Әбілязовті шұғыл ақпаратпен дер кезінде қамдап отырған және оның бизнесіне «қамқоршылық» жасаған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев та жазасын алды. Е.Тәтішевтің өліміне қатысты М.Әбілязов қана жазаланбай шетелде қашып жүр. Осы жағдай Әбілязовті қарапайым халықтың қолдауынан мүлдем айырып тастады. Оның Парижде жатып алып, қазақстандықтарды «жауыз билікке қарсы» көтерілуге үндейтін ұранды сөздері халықтың елітпейді. Тіпті, былайғы жұрт түгілі Әбілязовке Қазақстандағы оппозицияшыл басқа да топтар сенбейді. Оның оппозицияшыл әрекетін жұрттың көңілін өзінің қылмысынан басқа жаққа бұрып жіберуді көздейтін құйтырқы тактика тұрғысында бағалайды. Күдік пен күмән арласқан тұста Әбілязовке деген сенім ешқашан болмайды. Мұны оның өзі де сезеді, біледі. Сондықтан ол «күресті Навальный секілді ел ішіне келіп жүргізбейсіз бе» деген ұсыныстан бірден басын ала қашты.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 26.01.2021 107

Қатысты мазмұн