Әбіләзов халықтан ақша сұрап жүр

none

Қаңтар оқиғасынан бері елде тұрақсыздық орнату әрекетін үдеткен шетелдегі қашқын банкир Мұхтар Әбілязов халықтан ақша сұрауға көшті. Ол тіркелмеген «Алға Қазақстан» партиясының ұйымдастыру комитеті өзіне жақтас іздейтінін мәлімдеді. Алға қойған мақсатын парламенттік көпшілікті құру, демократиялық реформаларды жүзеге асыру, Назарбаевтың төңірегіндегі адамдарды қамауға алу және мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеуді талап ету деп көрсетіпті. Бәрі осы популистік идеяға құрылған. Назарбаев режимінің дәуірі біткен соң мұны әркім ашық айтып жүр.

Бұған Әбілязов мұндай әрекетке халықты бұрыннан шақырып келгенін, өзінің нағыз оппозиционер екенін алға тартып қарсылық айтуы мүмкін. Әлбетте, ол Қазақстанның қазіргі саяси билігіне қатысты оппозициялық ұстанымда, яғни қарсы көзқараста екені рас, ал кез келген оппозиция ел тізгінін өз қолына алғысы келіп таласатыны айтпаса да түсінікті. Мәселе бұл оппозицияның шын ниеті қандай екенінде.

Үкіметтің құрамында болғанда Әбілязовтың Алматыдағы қонақ үй, мемлекеттік цирк сияқты және т.б. ғимараттарды жекешелендіріп, иелігіндегі осынау байлығын шетелдік ірі компаниялардың басшыларына мақтан еткені, маңызды шешім қабылданатын жиналыстарға ақшаға лық толы дипломат ұстап келетіні, ақыры байлығы қалтасына сыймаған соң саяси ойындарға араласқаны туралы инсайдерлік ақпарат көп. Төрт құбыласы тең болып тұрған заманда Әбілязов қарапайым қазақстандықтардың мүддесін көк тиын құрлы көрмейтін еді. БТА банктің қаржысын жымқырып шетел асып кеткеннен кейін ғана халықтың жанашыры кейпіне енді. Иә, шетелде жүріп, қарапайым жұртты алаңға шығып, билікті құлатуға шақыру оңай шаруа.

«Біз парламентте режимнің қуыршақтары болмай, нағыз халықтың өкілдері болуы үшін жиналдық. Сондықтан біз партияның барлық облыстардағы жергілікті өкілдіктерін жинап, қолдаушыларды біріктіреміз» дейді. Өзінің іс-шараларына қатысуға, идеяларды ұсынуға үндепті. Халық болып бірігіп диктатурасыз қуатты демократиялық мемлекет құрамыз деп айтады.

Былайша жұртқа бұл идеяның бәрі ақылға қонымды болып көрінеді, бірақ жарнамасы келтірілген кез келген тауар сияқты, бұған да ақша төлеу керек. «Мақсатымызға жету үшін бізге сіздердің қаржылық қолдауларыңыз қажет...» «Кез келген құрылыстағыдай партия құру үшін де қаржылық ресурс қажет. Оппозициялық партия құруға өзімізден, халықтан басқа ешкім мүдделі емес. Осыған байланысты біз барша қазақстандықтарды ұйымдастыру комитетіне қаржылық көмек көрсетуге шақырамыз» деп жазады қашқын олигарх.

Кезінде БТА банктің төрағасы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс беріп, кейіннен оның орнына жайғасқан және ақыр соңында банктің қаржысын жымқырып алып шетелге қашқан олигархтың саяси ойын жүргізуге ақшасы қалмады ма екен? Әлде еліміздің іргесін шайқалту әрекетін халықтың өз ақшасына жасамақ па?

Қалай болғанда да, Әбілязов оппозициялық көзқарастағы адамдарды бастайтын, оларды рухтандыратын, конструктивті пікірдегі тұлға, лидер емес. Әр адамның бэкграунды бар демекші, оның өткен жолына көз тастаса, репутациясы нашар. Адам өлтіруге тапсырыс беру, қызмет бабын пайдаланып үлкен көлемде ақша жымқыру баптарының өзі бәрін айтып тұр. Әблязов бұрынғы режимді ұры деп айып тағудан жалықпайды, бірақ өзі де «сол қамырдан жасалған» деген пікір орынды.

S

Айдары: Түтін 16.06.2022 82

Қатысты мазмұн