Абай тобықтының бас батырын неге «төбет» деп тілдеді?

none

Қараша балалары хақында сөз қозғағанда Тобықты руында аты шыққан, «Абай жолы» эпопеясындағы азаматтық iрiлiкпен көзге түсетiн бейне Абылғазы батырға тоқтамауға болмайды.

Абылғазы шамамен 1837-38 жылдардың бiрiнде туып, берiде 1925-27 жылдың бiрiнде өлiп, атақонысы Шыңғыстағы Қараша қойтасында, ата-баба қорымына жерленген.

...Боран апталап соққан бiр күндерде тоқсан жасты алқымдап отырған Абылғазы қарттан iнiлерi әңгiме сұраған. Абаң қарттың жұмысы әңгiме мен күнiне бiр рет қыран құстардың бабын тексеру ғана. Өзi де зерiксе керек.

– Балалар айтайын бiр әңгiме. Бұл әңгiме Абай жарықтықпен байланысты, және өзiмнiң Тобықты атам аруағының назасына ұшырағаным туралы болады, – деп бастапты әңгiмесiн Абылғазы қарт.

Әкем Қарашаға 1100 қара ала жылқы бiттi. Ұрынарға қара таба алмай жүрген кезiм. Өзiмдi Тобықтының бас батыры санаймын. Жылқыда бiр боз ат, бiр бедеу көк бие бар. Осы екеуiнен өзге жылқыны жылқым бар-ау деп санасам бұйырмасын. Жаз шыға Көк биенi ұстаймын да Боз ат бос жүредi. Күзде ақ боз атты ұстап, көк биенi жылқыға қостым. Боз ат жараулы едi. Атты ақпанға дейiн мiнiп, содан кейiн тебiнге жiбермекпiн. Ақбозды сергiсiн деп анда-санда жылқыға қосатыным болушы едi. Бiр күнi сол әдетiмше кешкi жылқы шығарда Ақбозды жылқыға жiбердiм де бiр топырыштау бие ұстап мiндiм. Жылқы қыстау алдынан өрiске, сыртқа Шыңғыс сыртына қарай шықты. Iңiр қараңғысы әбден түскен шақта жылқыдан «аттан-даған!» дауыс шықты. Тау-тас, сай-сала «аттанға» толы. Шауып келем. Арманым: Ақ боз бен Көкбиенiң бiрiне қолым жетсе-ау!.. Жылқыдан тағалы тай тастамай қуып барады. Жау аз да емес, осал да емес болды. Қуып шыққандарымыз iрiктелiп, қырық кiсi қос-қосар алып, сайланып ап, қуып жөнелдiк. Мың жарымдай жылқыда кәрi-құртаң жадау тай-байтал болмай ма. Жолшыбай қалып жатыр. Жылқы шұбырындысынан адасу жоқ. Күн-түн қуып, алтыншы сөткеде, таң атқанда бiр биiктен көз салсам, алдымда көз ұшында 2-3 үйлi ауыл көрiнедi. Бiр үйiнiң босағасында көк бие байлаулы тұр. Қаным қайнағаны сонша, қалшылдап кетсем керек. Жетектегi атты ауысып мiнiп, ат басын ағыттым ауылға. Ел тұрмаған. Ауыл көрiнiсiмен «ой, бауырымдап» ат қойдым. Көк бие байланған үйден 2-3 жiгiт жүгiре шығып едi, бiр-бiр қағып ұшырып жiбердiм. Үйден бiр шал шығып:- Ой, қарағым-ау, қырамысың?! Сенi алған жау бiздi де алды!- деген соң, тоқтадым. Қарт мән-жайды былай түсiндiрдi. Таң қараңғысында қалың жылқы бұл ауылдың аз (70-80 бас) жылқысының үстiне түседi де, жау бұлардың жылқысын да қосып айдап, тура ауылды басып өтедi. Сонда Көкбие (бұрлығып қалған) үйдi айналып шықпай қойыпты. Үйдегi жiгiттердiң бiрi үстiндегi кiсiнi аттан жұлып алған жерде, қолдан екi кiсi кеп мiнгестiрiп әкетiп, Көк бие бұлар қолында қала берiптi.

Жылқы алушылардың өткенiне үш күн екен. Сонда олар бiзден үш күншiлiк жерге озған. Ал, бiздiң аттарымызда, күйi жоқ, олай екен, ендеше оларға жету де жоқ. Бармақты шайнай-шайнай ат басын кейiн бұрдық. Ең бататыны жылқы алған жауымыздың кiм екенiн, қайдан келгендер екенiн бiлмеймiз. Тек, менiң iштей жұбанышым көк бедеудi алып қалғаным ғана. Тобықты боп жиылып, бiздiң үйге алты жүздей жылқы жиып бердi. Бұрынғы жылқыдан жүздейi қалған. Жетi жүз жылқы басы құралды. Үш жылдың жүзi болды. Қалың жылқыдан, оны әкеткен жаудан да бiр хабар ұшығы шықсашы!. Ал, мен болсам у жеген қасқырдай аласұрамын. Ұйқы-күлкiден айрылдым. Күнiм ат үстiнде, елсiздi кезуде өттi. Шешелерiң қасына жатпаймын десем де болады. Содан үш жыл өткенде Алатау iшiн кезiп жүргенiмде, таң жарықтала жан-жаққа көз салсам, алыс биiктен бiр қылаң көзiме iлiндi. Анықтап көз тастасам, боз атым. Көзiм мақтаным емес, шырақтар, түстiк жерден көрушi едi. Боз аттан жан қала ма, жөнелдiм. Маңай әбден жарықталып, күн шығуға айналды. Боз ат тұрған биiкке тақалғанда, атымның бiр мiнезi есiме түсiп, шошып кеттiм. Атым бөгде кiсiнi көргенде, ұйықтап жатқан иесiн тарпып оятып жiберетiн едi. Ендi өз атымнан өзiм тығылып, ат көзiне түспеу үшiн таса-тасамен атқа тақадым. Күн де шықты. Жауым оянып атқа мiнгенше жетiп үлгеретiндей иек артпадан шыға ұмтылдым. Боз ат та иесiн оятып үлгiргенде мен де жетiп, үзеңгiге аяғын сала берген дұшпанымды ұрып та жiбердiм. Бүктелiп түстi. Қарғып түсiп, жерден көтерсем, шоқша сақалы аппақ қудай бiр шал. Басы жарылыпты. Есiн жинасымен «Қайдан келдiң? Кiмсiң?» дедiм шала буындырып тұрып. «Керей руынан, теңiз бойынанмын» дегенiн естiдiм де бауыздап жiберiп, қанын тойғанымша жұттым да, шал денесiн таспен бастырып тастап, атымды алып жөнелдiм. Боз ат астыма түскен соң дүнием түгелдендi. Әркiмнен жиналған жылқы тұра ма, бiртiндеп шығын боп жатса да оған опынар мен емес. Боз атты тақымымда ойнатып жүрмiн. Армандаған Ақбоз ат маусым айында қолыма түсiп едi, күзекке түсiп, бауырдан қайта көшкен қараша айына таман Абай шақырады деген хабар жеттi. Бардым Абай алдына. Ақбоз атты қайдан, қалай тапқанымды сұрады. Шалды бауыздап қанын iшкенiмдi, тек теңiз бойының керейi екенiн ғана бiлгенiмдi айтқаным сол екен: Абайым түтеп берсiн. Ең жеңiл сөзi: - Осынша қанға құнығармысың?! Шалды неге әкелмейсiң мұнда. Тобықтыдан бұдан бұрын ертеде екi дүркiн жылқы әкеткен жау едi ол. Кiм екенi, қай жақтыкi екенi бiлiнбей кеткен болатын. Қап, Төбет-ай, қолға түскен жауды құтқарғанын қарашы! Сен, Төбет жауды қолға түсiрдiм, кегiмдi алдым, өлтiрдiм дейсiң ғой! Жоқ, сен оны құтқардың. Ол өз құнын алып кеткен кiсi! Шық үйден!- деп алдынан айдап тастады. Абайдiкi ақиқат қой. Мен шалдың аты-жөнiн де бiлмеймiн. Ендеше, Абайға өкпелер де орын жоқ. Өз кiнәм өзiмде, қыс өтiп жайлауға шыққанда, ел арасында Абай Керейге аттандырмақ боп, ат пен азамат iрiктеп жатыр деген хабар тарады. Күннен-күн озуда. Тобықтының бас батыры маған келген шақыру жоқ. Абайға жүрегiм мұздап, iшiм суи бастады. Жау әкеткен жылқы менiкi. Ел азаматтары арасындағы атағым ше? Бұл менi емес, бүкiл Жiгiтектi жер ету, Абай да ежелгi ағайын өштiгiне бой ұрды деп, тың-тыңдаумен жүрмiн. Қолдың аттанар күнiн де естiп, жанымның күйзелгенi-ай... Абайға жүрегiмнiң қарайғаны-ай!..

Бекен Исабаев

("Ұлылар мекені" кітабынан үзінді)

Айдары: Төбе 03.11.2019 7

Қатысты мазмұн